13 Қаңтар, 2013

Қонаев

439 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қонаев

130313-6Жексенбі, 13 қаңтар 2013 0:40

Мен бір кездегі алыс сағымдай көрінген алпыстың асқаралы қырқа­сы­нан аттап,  жетпіс деген жасқа жақын­дап отырған жанмын. Өмірімнің жазы кетіп, күзі мен қысы қалғанын мойындау парыз. Зейнеткер атандық, немере сүйдік, ой тоқтаттық. Көңіл әр нәрсеге алаң…

 

Жексенбі, 13 қаңтар 2013 0:40

Мен бір кездегі алыс сағымдай көрінген алпыстың асқаралы қырқа­сы­нан аттап,  жетпіс деген жасқа жақын­дап отырған жанмын. Өмірімнің жазы кетіп, күзі мен қысы қалғанын мойындау парыз. Зейнеткер атандық, немере сүйдік, ой тоқтаттық. Көңіл әр нәрсеге алаң…

Өмірдің жақсысын да, жаманын да көрдік. Қариялық жасқа жеткеніме тәубе деймін.

Құдайшылық жолымен өмір сүрдім. Имандылыққа сендім. Шындықты айтамын деп жеккөрінішті болған күндерім де аз емес. Өйткені ақиқатты бетке айтқан адамның ешкімге жақпайтыны белгілі ғой.

Осы ғұмырымда көп елге бардым, көп жердің дәмін таттым. Алаштың ардақты адамдарымен кездескенімді де мақтанышпен айта аламын. Солардың ішіндегі ерекше есте қалған жанның бірі – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев дер едім.

…Елуінші жылдардың аяғында Алматыдағы жо­ғары оқу ор­нын бітіргеннен кейін туған елім – Арқа төсіне келдім де бірден жұмысқа ара­лас­тым. Арада он үш жылдай уақыт өткен соң облыстық партия комитетінің сол кездегі басшысы Н.Е.Кручина мені Ерейментау аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне ұсынатынын айтты. Беку үшін Алматыға барып, Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қо­наевтың қабылдауында болу керек еді. Жетпісінші жылдардың басындағы жаз айларының бірінде, міне, осы шаруамен астанаға ат басын тіредім. Талдықорған облысынан тап осындай қызметке бекітілуге келген Ғалым Тұрғанбаев екеуміз Орталық Комитет үйіне қатар кірдік. Димекең жылы шыраймен қарсы алды. Көңілге қонымды ақылымен, партия жолының жіңішке екенін екеумізге айта отырып, соңында жаным­да­ғы Ғалымға бұрылып: “Сен еліңнің ортасындасың, – деді. – Саған қызмет атқару, жұмыс істеу қиынға соқпайды. Қи­ын­шылық көретін, таяқты көп жей­тін мына Қасым ғой. Солтүстікте өзге ұлт өкілдерінің басым боп кеткеніне қарап айтып отырмын. Олармен жұмыс істеу оңай емес”, – деді ойланып. Сөйтті де екеуміздің арқамыз­дан қағып, есігінің табалдырығына дейін шығарып салды. Ол кісінің осы бір айтқан сөзіне қарағанда, облыста болып жатқан көп мәселелерді бүге-шігесіне дейін біліп, сезіп отыратын кемеңгер адам болды-ау деп көпке дейін таңғалып жүрдім.

Содан кейін Димекеңмен әр жыл­да­ры егін алқаптарында, облыс орталы­ғындағы жиналыстарда жүздесіп жүрдік. Ол кісімен тағы да бетпе-бет жолығып әңгімелесуім 1985 жылдан кейін жиірек болғанын айтар едім. Солардың ішіндегі екі оқиға есімнен кетер емес. Біріншісі 1985 жылғы қыркүйектің басында СОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы М.С.Гор­бачевтің Сібір жақтан бірден Целино­град­қа келу сапарына байланысты болды. Ол уақытта мен  облыстық ат­қару комитетінің төрағасы едім. Бас хатшы Целиноград аэропортында қарсы алынды. Келген бетте ол Димекеңмен селқос, салқын амандасты да шаруашы­лық жайын онша көп сұрамастан қаланың ішіндегі өзіне деп арнайы әзірленген резиденциясына тартып отырды. Ал Димекең мен сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Одақтық Министрлер кеңесінің орынбасарлары Нуриев пен Архипов қаланың сыртындағы Қызылжар резиденциясына жайғасты. Бұл кісілерді күтіп, қас-қабағына қарау маған тапсырылды. Димаш Ахметұлы аэропорт пен қала ішіндегі Горбачевтің өзіне көрсеткен қырынан ұнжырғасы түсіп, ренжіңкіреп отырды. Бір кезде түскі асқа отырар алдында: “Осы қызметті 75 жасқа толған соң қоятын шығармын”, – деп қалды.

КСРО Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Зия Нұриұлы Нұриев қараторы, орта бойлы келген, сөзге ашық, аңқылдақ адам екен. Мына сөзді естігенде салған беттен Димаш Ахметұлына: “Олай демеңіз. Неге өйтіп айтасыз? Горбачев қорыққанын сыйлайтын адам. Оның шаруашылықты онша білмейтінін ұмытпаңыз. Соны пайдалана отырып қамшыны басыңыз оған. Пікіріңізді дәлелмен айтсаңыз тайғақсиды. Ал оған тәжірибеңіз жетеді. Сізден қаймығатын болады. Өзіңіз бізге әлі керексіз. Түркілердің лидері екеніңізді ұмытпаңыз”, – деді.

Мына сөзді естіп отырған мен ішім жылып, Зия Нұриұлына мұндай риза болмаспын. Есімі үлкен әріппен жазылатын бұл азаматтың дастархан үстінде айтқан сол бір жігерлі сөзіне Димекең әжептәуір көтеріліп қалды. Содан Целиноградтан кетер кеткенше көңілді, жайдары отыратын болды.

Халқымыздың ортақ тарихынан сыр шертіп, әңгімелескен сәттерден аңғарғаным, Зия Нұриұлы өзіміздің бауырымыз – башқұрт халқының перзенті болып шықты. “Жақсыда жаттық жоқ”,– деген ғой. Кетерінде маған телефонын жазып беріп, Мәскеуге жолың түсе қалса  үйге соқ, келмесең өкпелеймін деп кең қолтықтығын аңғартты. Алыстың өзінен де ағайын тауып жүрген “қарға тамырлы қазақпыз” ғой. Зия Нұриұлы кейін республика көлемінде шеше ал­май жүрген көптеген мә­се­лелерімді ал­дына барға­ным­да бірден сөзге келмей реттеп беріп отырды.

Димаш Ах­мет­ұлымен жо­ғарыдағы Гор­бачев сапары­нан кейінгі кез­десуім 1986 жылдың көк­темінде бол­ды. Бұл біздің соң­ғы жүз­де­суі­міз еді. Содан бі­рер ай бұрын, яғни 13 нау­ры­зда облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы  Н.Е.Морозов пен облыстық атқару коми­те­тінің төрағасы менің арамда принципті мә­се­леге бай­ла­нысты прин­ципті әңгіме болды. Жабық бюродағы бұл айтыс неден шықты дей­сіз­дер ғой? Облыста қазақ кадрларын кемсіту, оларды жауапты орындарға қоюға кедергі келтіру, қандас­тарымыздың сөзі мен жүріс-тұрысынан ілік іздеу әбден шегіне жеткен еді. Аудандар мен қаладағы онсыз да аз басшы қазақ жігіттері көмек күткендей маған қарайды. Ал мен жерге қараймын. Өстіп жүріп ақыры 1986 жылдың 13 наурызындағы облыстық партия коми­тетінің жабық бюросында шыдамымның шегі әбден шегіне жеткен мен бұрқ етіп атылдым да Н.Е.Морозовпен жалғыз өзім айқасқа түстім де кеттім. Бір жарым сағаттық шайқас кезіндегі менің дәлелді, уәжді сөзімнен  соң ол “жедел жәрдем” мәшинесімен  ауруханадан бір-ақ шықты. Облыс басшысы содан табаны күректей бір ай бойы дәрігерге қаралып, емханада жатып алды. Оның бұл әрекетінің әрине, өзінше себебі, ішкі есебі бар еді. Ол – елге әйгілі болып қалған жабық бюродағы айтысты уақыт өткізе келіп ұмыттырып жіберу болатын.

Көп ұзамай Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумы болып, мен соған қатынастым. Пленумның алдында әр облыстың басшылары Д.А.Қонаевтың дәстүрлі қабылдауына барып, жұп-жұбымен кіріп жатты. Н.Е.Морозов “ауырып” жатқандықтан мен бірінші басшыға жалғыз өзім кірдім. Димаш Ахметұлы кездескен сайын маған: “Қасым!”– деп арқамнан қаға қарсы алып, жылы ілтипат көрсетіп жүретін. Бұл жолы: “Әй, Тәукенов… Сенбісің”,– деп салқын жүзбен қарсы алды. Мына сөзіне қарағанда біздің облыста өткен жабық бюродан бұл кісіге дұрыс мағлұмат берілмегендігі аңғарылып қалды.

– Димаш Ахметұлы, ең алдымен мені тыңдап алыңыз. Содан кейін кінәлі деп есептесеңіз өз еркіңіз білсін. Ескер­те­ті­нім: мен мансап қуып жүрген адам емеспін,­ – деп іштегі у мен запыранның бәрін жасырмай, түгелдей баян еттім. Олардың мына қылықтарына тосқауыл қойылмаса, келешекте елімізде бас көтерер ел азаматтарының қалмайтынын жасырмадым.

Қанша уақыт өткенін білмеймін, сөзімді бөлмей түгел тыңдаған Димаш Ахметұлы бармақтарымен үстелді тықылдата басын шайқап, біраз отырды да сұңғұла мінезімен: “Қасым, сенің бүгін маған кіргенің қандай жақсы болған. Мен көп нәрселерден бейхабар екенмін ғой”, – деп алғашқы кірген беттегідей емес, биязы үн қатып, телефон арқылы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісімен сөйлесе бастады.

– Целиноград облыстық партия комитетіндегі Тимошенко мен атқару комитетіндегі Шендриктің тайраңдауы жеткен жоқ па?.. Соңғысын дереу зейнеткерлікке жіберіп, ал ананы басқа жұмысқа ауыстыру керек,– деп табан астынан нұсқау берді. Морозов жөніндегі пікірін білдірмеді. Бірақ көп ұзамай ол да орнын босатып, өз жөнін тапты.

…Димекеңнің 90 жылдығы қарсаңында газеттерде естеліктер шыға бастады. Соларды оқи отырып, мен де ол кісі туралы өзімнің білгенімді қағазға түсірдім. Жоғарыдағы жәйттер ешқандай да қоспасы жоқ болған оқиғалар. Оны үлкен адамның өмірбаянын толықтырар шағын деталь, штрих ретінде жазып отырғанымды естеріңізге саламын.

Қасым ТӘУКЕНОВ,
зейнеткер.

Астана.

30 қараша 2001 жыл.