Киіктінің өз басында өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шеніне дейін әйгілі әк кеніші жұмыс істеді. Бұл кеніш Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де, одан кейін де Балқаш мыс балқыту зауытын металлургиялық үдерістерге өте қажет қоспа есебіндегі әк тасымен қамтамасыз етіп отырды.
Жалпы, Киіктінің қойын-қонышы кенге толы. Мысалы, қазіргі таңда осы ауылдан оңтүстік-шығысқа қарай атшаптырым жерде темірдің мол қоры бар «Бапы» кеніші мен кен-байыту фабрикасы жұмыс істеп тұр.
Ал осыдан үш жыл бұрын мұнда «Қазцинк» тау-кен компания-холдингінің үлестес компаниясы – «ОралЭлектрСервис» ЖШС тағы бір кеніш ашып, жұмысын бастады. Нақтырақ айтқанда, компания тотыққан кенді тәжірибелік-өндірістік мақсатта өндіріп, кенді байыту технологиясын анықтау үшін Шығыс Қазақстан облысындағы байыту фабрикасына тасымалдауды іске асырды. Тәжірибелік-өндірістік кенді өндіру процесі байытуы өте қиын кен минералдарын анықтауда қолданылады.
* * *
Ұзынжал кеніші ашылады деген әңгіме тарағанда сол кен орнына ең жақын елді мекен – Киікті ауылы тұрғындарынан маза кеткені рас еді. Ел ішінде «Ұзынжалдан қорғасын шығады екен, ал қорғасын бар жерде радиация деген қатар жүретін көрінеді», деген қауесет желдей есіп, гулеп кетті. Бұған зейнет жасына жетіп, қаладағы балаларының қасына көшіп баруды ұйғарған екі-үш ағайынның тап сол кезде қоныс аударуы да отқа май құйғандай әсер еткені бар-тын.
Міне, жағдай осылай ушыға бастаған кезде Киікті ауылына Қарағанды облыстық мәслихатының сол кездегі хатшысы Рысқали Әбдікеров, облыстық мәслихаттың депутаты Назыр Қосубаев, Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетовпен бірге Ұзынжал кенішінің басшылары келіп, жергілікті халықпен кездесу өткізген болатын. Осы жиын барысында екі арада туындаған мәселелер көтеріліп, оған тиянақты жауап берілуі сұралды. Атап айтқанда, Киікті тұрғындары кеніштің қоршаған ортаға қаншалықты зиянсыз екенін білгісі келіп, осы мәселеге ерекше назар аударды. Облыстан келген делегация кеніштен радиация тарауы негізсіз әңгіме екенін ресми деректерге сүйене отырып дәлелдеді. Елді кеніштен келіп-кетер қауіп-қатердің жоқтығына сендірген.
Нақты айтқанда, облыстық мәслихаттың депутаты, Ұзынжал жобасының бас менеджері Думан Әбдіраманов «Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытындысы бойынша, Ұзынжал кен орнында зиянды қоспалар мен радиактивті минералдар жоқ», деп ресми түрде мәлімдеді.
Бұдан кейін көңілдері орнына түскен ауыл халқы Киіктідегі ұзақ жылдардан бері шешілмей келе жатқан мәселелерді қозғап, «Ұзынжал кеніші ашыла қалған күнде одан ауыл қандай пайда көреді», деген әңгімеге ойысқан.
Киікті халқы көтерген екі үлкен мәселенің бірі – ауылда мектеп салу болса, екіншісі жол мәселесі еді. Мәселен, бұрын аудан орталығы болған Ақадыр кентінен грейдер жол Киіктіден 20 шақырым жердегі Ақшағыл разъезіне дейін келіп, Мойынты стансасына қарай бұрылып кететін. Яғни, осы 20 шақырым қара жол Қарағандыға қарай көлікпен шыққан ағайынды қыстағы омбы қарда, күз бен көктемдегі лайсаңда әбден зықысын шығарып, қажытып келген болатын.
Міне, сол кездесуде Ақадыр-Мойынты тас жолына шығатын грейдер жол салып беруді Ұзынжал кенішінің басшылары өз мойындарына алған еді. «Уәде – құдай сөзі» деген, арада жыл өткенде аталған учаскеге жол салынды. «Тас жолдың бір жылға деп берілген кепілдік мерзімі бар. Бұдан бөлек, жұмыс істеген үш жыл бойы жолдың кем-кетігін өзіміз жөндеп, күтімге аламыз деген міндеттемеміз де бар», деген сөзінде тұрған басшы Думан Әбдіраманов.
***
Ұзынжал кеніші «Орталық», «Солтүстік-Шығыс», «Оңтүстік-Батыс» және «Оңтүстік» деп шартты түрде аталатын төрт учаскеден тұрады. Геологиялық барлау мен зерттеудің қорытындысы бұл жерде қорғасынның мол қоры барын анықтаған. Кеніш басшыларының айтуынша, қорғасынның негізгі қоры «Солтүстік-Шығыс» учаскесінде екен, сондай-ақ «Оңтүстік-Батыс» учаскесінде де жеткілікті деңгейде қор бар көрінеді. Ал «Орталық» учаскесіндегі тотыққан қорғасынның кен қоры 4,5 млн тоннадай болады деп болжанған.
Мұндағы кен қоры тереңде жатыр дегенді айтады мамандар. Мысалы, былтыр арнайы бағдарлама бойынша Ұзынжалда 500, 700 метр тереңдікке дейін бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, зерттелген. Яғни, бұл қорғасынның мол қоры осыншама тереңдікте жатыр деген сөз.
«Жалпы, – дейді жоба жетекшісі Думан Әбдіраманов, – бір тонна кеннен 85 кило шамасында қорғасын шықса, бұл – өндірістік тұрғыда тиімді болып саналады. Ал Ұзынжал кенішіндегі бір тонна кендегі қорғасынның үлесі шамамен алғанда 60 кило болады. Бірақ сол кенді байытудың көзін табу керек».
* * *
Жалпы, Ұзынжал кенішінің ашылғаны Киікті ауылы үшін шарапаты мол шаруа болды.
«Біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне айрықша мән береміз, – дейді компания басшысы Думан Әбдіраманов. – Мысалы, жыл сайын өңірді әлеуметтік дамыту жобасы аясында арнайы есепшотқа 19 млн теңге аударып отырдық. Оның сыртында Шет ауданы әкімдігі тарапынан болып тұратын өтініштерді де аяқсыз қалдырмауға тырыстық. Былтыр 9 миллион теңгенің көмегін көрсеттік. Әйелдер қауымының мерекесі күні аудан бойынша 38 ардақты анаға сый-тарту жасадық».
Былтыр кеніш басшылары жергілікті үш баланы комбинат есебінен оқытуға шешім қабылдаған болатын. Сонымен қатар оқуын тәмамдаған жас маман «Қазцинк» компаниясының кез келген бөліміне жұмысқа алынатын болады.
Жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту ісінде де оң өзгерістер болғанын айта кеткен жөн. Мысалы, Шет ауданы бойынша 38 адам кенішке жұмысқа алынды. Ал Киіктіден 8 адам жұмысқа тұрды.
Мұның сыртында кеніш әкімшілігі әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған екі отбасының әрқайсысына мереке күндеріне орай 50 мың теңгенің азық-түлік көмегін көрсетіп отырды. Бұдан бөлек, Киіктіде Наурыз мерекесін тойлағанда арнайы киіз үй тігіп, түрлі спорттық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне тұрмыстық қымбат техникалар тарту етіп, ауыл халқының ризашылығына бөленді. Киіктіден төрт шақырымдай жердегі темір жол тұйығы салынып біткенде, кеніш басшылары ауыл халқының басын қосып, дәм бергені де жергілікті жұртқа көрсетілген ықыласты сый-құрмет еді. Сондай-ақ компания балалар мерекесіне арнап ауылдағы орталық көшелердің бірінен ойын алаңын салып берді.
Темір жол тұйығы демекші, Киіктінің басынан санағанда ұзындығы 3,2 шақырым болатын жаңа темір жол құрылысымен қоса тас жол да салынды. Тұйықтың өз басында 60-қа жуық адам еңбек етті. Олар сол жерде үш мезгіл тамағын ішіп, тұрмыстық қажеттіліктерінің бәрі бар жайлы вагондарда тұрды. Ал Ұзынжал кенішінде 250-дей адам екі ауысым бойынша вахталық тәсілмен жұмыс істеді. Олар да тұрмыстық қажеттіліктердің бәрімен қамтамасыз етілді. Алатын еңбекақылары да қомақты болды.
***
Компания басшылығының айтуынша, үш жыл ішінде Ұзынжал кенішін игеруге 3 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған екен.
«Ұзынжал кенін біз «Қазцинктің» құрамындағы «Алтай» тау-кен байыту кешеніндегі зертханаға темір жол арқылы жөнелтіп отырдық. Былтырдан бері кеніштен 170 тонна тотыққан қорғасын кенін жібердік. Ондағы зертхананың мүмкіндігі кен құрамынан 34 металды анықтауға жетеді», дейді Думан Әбдіраманов.
Зертхана демекші, бүгінге дейін Ұзынжалдан кен өндірістік зерттеулер мақсатында алынды, өйткені кеңес дәуірінде лабораториялық көлемде жүргізген зерттеулерде байыту технологиясы табылмаған болатын. Осыны ескере отырып, компания басшылары өндірістік ауқымда зерттеу жүргізу арқылы кенді байыту технологиясын табуға болады деп шешім қабылдады.
Бүгінде зерттеулерді жүргізуге қажетті көлемде кен қорын алып, Ұзынжал кеніші өз жұмысын уақытша тоқтатты. Олар араға уақыт салып, байыту технологиясын зерттеп, кеніш жұмысының жанданатынына күмән келтірмейді. Неге десеңіз, Ұзынжалда қорғасын мен күмістің мол қоры бар. Бұдан бөлек, бұл жерде кенді тасымалдауға қажетті инфрақұрылымның бәрі салынған.
«Қазіргі уақытта, – дейді Думан Әбдіраманов, – кенді айыру технологиясын табумен өндірістік көлемде айналысып жатырмыз. Болашақта бұл істен оң нәтиже шығар болса, онда Ұзынжалда 500 адамға дейін жұмыс істейтін кен байыту фабрикасын салуға болады. Мұның өзі өңірдің өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізер еді».
Қазіргі таңда Ұзынжал кеніші мен темір жол тұйығында кен жал-жал болып үйіліп жатыр. Күзетшілер тұратын бір вагон қалдырылған. Әуелде Ұзынжалдан «радиация» деп үрейленген ауыл халқы енді кеніш қайыра ашылса екен деген тілек айтады. «Жақсыдан – шарапат» деген, іргеде іргелі өндіріс ошағы іркілмей жұмыс істеп тұрса, ауыл, ауданның несібесі өз алдына, оның өңір экономикасының ілгерілеуіне де тигізер ықпалы мол болар еді.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы