Президент • 18 Қыркүйек, 2019

Президент пен парыз

1263 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейін өз байламымызды, өз тұжырымымызды ортаға салып, «Эволюциялық жол қоғамның, халықаралық саясаттың тамыр бүлкілін терең білетін, уәдесіне берік, сертіне адал Президенттің арқасында жүзеге асатыны сөзсіз. Ендеше, Қасым-Жомарт Кемелұлының «халқы үшін берген сертіне» елінің сенімі серік болсын!» деп жазған болатынбыз («Egemen Qazaqstan», 24 маусым, 2019 жыл).

Президент пен парыз

Міне, содан бері де үш айға жуық уақыт өтіпті. Тарих үшін қысқа мерзім болғанымен, қазақ қоғамындағы соңғы өзгерістерге орай ел сеніміне ие болған Президенттің қызметі төңірегінде тағы бір мәрте ой қозғағанды жөн көрдік.

Қазіргідей аласапыран кезеңде, бір-біріне ықпалын жүргізгісі келетін алпа­уыттар ырғасқан, төрткүл дүние құбылып тұрған заманда ел басқару оңай деймісіз. Сыртқы фактордың ықпалына төтеп беруде елдің ішкі бірлігі мықты болуы үшін халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайы жақсы болуы керек қой. «Халықтың өмір сапасын арттыру – біздің басты назарымызда». Халықаралық саясаттың қатпарлы астарын бағамдай білетін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында дәл осылай жазғаны да сондықтан болар. Президенттің халықтың әлеуметтік ахуалына, мақсат-мұратына ерекше алаңдайтыны – оның қызметіндегі басты кредосы. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен билік пен халық арасында ашық диалог орнауы керек. Яғни, қоғамда қордаланған «міндеттерді шешу үшін билік пен халық арасында диалог болуы тиіс». Қазақтың байырғы қалыбына салар болсақ, «Кеңесіп пішкен тон келте болмас».

Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өр­кендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына ар­наған тұңғыш Жолдауында да халықтың сөзіне, пікіріне басымдық беру жөнінде келе­лі әңгіме қозғады. «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды баршаға ортақ міндет ретінде қарас­тырғаны да сол себепті. Халықтың мұң-мұқта­жына құлақ асумен қатар, оның проблемаларын шешу қазіргі күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігі сөзсіз. Мемлекеттің қа­зір­гі міндеті де осы болуы керек. «Халқы қа­ла­са, хан түйесін сояды» деген халық ма­қа­­лы­ның заманауи көрінісі деп бағаладық біз мұны.

Тұлға сынақта шыңдалады. Ел басына іс түскенде басшының беделі де сынға түседі. Биыл 24 маусымда Арыс қаласында болған әскери қоймадағы алапат жарылыс Қазақстан Президенті үшін де үлкен сынақ болды. Төтенше жағдай орын алғаннан кейін Мемлекет басшысы іле-шала Арыс қаласына арнайы барып, халықтың жай-жағдайымен жете танысты. «Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек» деген ол тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. Құдайға шүкір, қазір Арыс халқының көңілі орнығып, қалыпты тіршілік ырғағына көшті. Мемлекет басшысының тұрақты қадағалауының нәтижесінде екі айдан астам уақыт ішінде бұзылған нысандар қалпына келтірілді, қазақстандықтар түгелдей жұмылып, көмек көрсетті.

Қасым-Жомарт Кемелұлының халық­тың тарихы мен дәстүріне деген құрметі ерек­ше. Оны Президенттің ұлт руханияты­на деген айрықша қамқорлығынан аң­ға­рамыз.

Елордада өткен Домбыра күні аясында осындай ой түйдік. Елорданың бас алаңы – «Қазақ елі» монументі алдында өткен салтанатты жиынға Мемлекет басшысы арнайы қатысып, аталған мерекенің руханиятқа көрсетілген зор құрмет екендігін атап өтті.

– Барша халық осы шуақты мере­кені айрықша қуанышпен тойлайды. Себебі қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батыр­ла­рымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс, – деді Президент.

Құнды қазына демекші, Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақ халқы үшін қасиетті жер – Ұлытау төріндегі алқалы жиында сөйлеген сөзі елдіктің еңсесі тағы бір белеске көтерілген әңгіме арқауына айналды. Әлемдік саясаттың қатпарлы тарихын МГИМО-дағы ауди­ториядан оқыған дипломат ұлт тарихын да тереңнен толғайтындығын қалың қауымға әйгіледі осы жолы. «Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек» деп сөз ора­йын бір қайырып, тарих туралы тереңнен толғата келіп, халық алдындағы парызды да тілге тиек етті. «Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз» деп айтатыны да сол.

Халқының тарихынан, дәстүрінен хабардар тұлға оны қызмет барысында да қатаң қадағалайды. Болашақ ұрпаққа қамқорлық көрсету, олардың жанына шуақ сыйлайтын, қанат бітіретін жылы лебіз білдіру де өткеннің өнегесі. Қазақстан Президентінің УЕФА Супер кубогының марапаттау рәсіміне қатысқан елордалық Әли Тұрғанбековке Twitter арқылы ізгі тілегін жеткізуі де осы ыңғайдағы қадам. «Әли, сенің мақсатқа жету жолындағы күш-жігерің әлемде талай адамды алға жетелейді. Барлық армандарың орындалсын!» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Бұл Ник Вуйчич атанып кеткен қазақ­стандық Әли Тұрғанбековке арналған лебіз ғана емес, тағдыр сынағына түскен басқа да мүгедек жандарға рух беретін, өмірге деген құштарлығын күшейте түсетін тілек. Ел Президентінің осындай бірауыз сөзі, ізгі тілегі Әлидің алдына қойған мақсатын жүзеге асыруына өзіндік қуат берері сөзсіз.

Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлының елдің болашағы туралы айтқаны да Алаш жұртының жанына жылылық ұялатты. «Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қыс­қарту қажет. Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы». Халқының болашағын ойлаған Мемлекет басшысының байламы ертеңгі күннің сенім кепілі іспетті.

«Парыз – орындалуға тиіс міндет пен әрекет. Парыз алға қойылған міндеттен туады, яғни міндет адамға парызды жүктейді». Бауыржан Мо­мышұлының ұлағатты сөзін бүгінгі та­қырыбымыздың темірқазығына айналдыратын болсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің алдында тұрған асқаралы міндеттерді жан-жақты саралап берді. Ресми түрде қызметіне кіріскелі бері сол міндеттерді әрекетке ұластырып, тінін тарқатып, жүзеге асырып келеді. Халық алдындағы парызын терең түсінетін Президенттің қимыл-әрекеті бұл.