Қоғам • 18 Қыркүйек, 2019

Мал ұрлығы мазалап тұр

733 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бастығы, полиция генерал-майоры Махсұдхан Әбләзімов журналистермен кездесіп, облыстағы қылмыстық ахуал туралы айтып берді. Әсіресе мал ұрлығымен күрес өңірде өте өзекті болып тұр екен.

Мал ұрлығы мазалап тұр

2019 жылдың 8 айында облыста тіркелген барлық қылмыстың жартысынан астамы немесе 55,2%-ы – өзгенің мүлкін ұрлау екен.

– Биыл қабылданған шаралар арқылы ұрлық фактісі 18,8%-ға, соның ішінде пәтер ұрлығы 26,6%-ға, ұялы телефон ұрлығы 15,4%-ға азайды. 8 ай ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 3518 факті тіркелді, 1758 қылмыстық іс ашы­лып, аяқталды. Жедел іздестіру шара­ла­рының нәтижесінде өткен жылдары жасалған ұрлықтың 161-і ашылды. Ұрлық жасағаны үшін 1397 адам және 57 қылмыстық топ ұсталды, – дейді Мақсұдхан Нұғманұлы.

Мал ашуы – жан ашуы

Батыс Қазақстан – мал шаруашылығы дамыған өңір. Облыс халқының тең жарымы ауылда тұрса, сол халықтың 90 пайызы малмен күн көреді. Генерал «соңғы бес жылда мал ұрлығы саны азайды» дегенімен, жыл басынан бері өткен 8 айда 209 мал ұрлығы тіркеліпті. Былтыр бұл көрсеткіш 201 болған екен.

Мал ұрлығы көбіне Ақжайық (109 бас), Бәйтерек (109 бас), Бөкей ордасы (100 бас) және Бөрлі (98 бас) аудандарында жасалады.

Мал ұрлығы санынан бұрын көш бастайтын Қаратөбе ауданында жағ­дай оңалып қалыпты. Өйткені 2018 жылдың қараша айында осы ауданның 3 тұрғынынан құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталған еді. «Бұл топ 3 жыл бойы өз ауданында мал ұрлығымен айналысып, 26 жылқы, 118 сиыр ұрлаған. Келтірген шығындары 27 млн теңгеден асады. Біз оларды әшкерелеу үшін көп күш, уақыт жұмсадық. Нәтижесінде биыл маусым айында айыптау үкімі шығып, қылмыскерлер ұзақ мерзімге сотталды. Олардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленіп, сот шешімі бо­йынша жәбірленушілерге берілетін болады» дейді полиция басшысы.

Полицияның осындай жүйелі әрекеті нәтижесінде биыл мамыр айында 3 адамнан құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар Жаңақала және Бөкей ордасы аудандары аумағында мал ұрлау бойынша 13 қылмыс жасаған. Ұрылар 27 бас мал ұрлап, 9 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген.

Шілде айында Ақжайық, Тасқала, Бөрлі және Бәйтерек аудандарының 6 тұрғыны ұйымдасқан тағы бір топ ұстал­ды. Олар Бөрлі, Тасқала және Бәйтерек аудан­дары аумағында 6 мәрте мал ұрлы­ғын жасағаны дәлелденді.

Жалпы 2019 жылы мал ұрлығы қыл­мысын жасаған 135 адам және 21 қыл­мыстық топ ұсталған.

Шығасыға иесі басшы

– Осы ұрлықтың көбі мал иелерінің бейқамдығынан болып отыр, – дейді М.Әбләзімов.

8 ай ішінде тіркелген 209 мал ұрлы­ғы­ның 144-інде (68,9%) мал жайылымда бос жүрген жерінен жоғалған.

– Мына­дай жағдай да кездеседі: кей тұрғын малы жоғалғаны жөнінде арыз жа­зып, по­лицияға жүгінеді. Біз кең көлем­­ді жедел іздестіру іс-шараларын жүр­­гі­зіп, малды табамыз. Сөйтсек малды ешкім ұрламағаны, басқа аумақта жайы­лып жүргені анықталады. Статис­ти­каға сүйен­сек, 129 арыз бойынша қылмыс жоқ болып шықты, яғни малы ұр­ланбаған. Ал оны анықтауға біздің қанша күшіміз, уақы­ты­мыз, мемлекет қаржысы кетті, – дейді полиция басшысы.

Мысалы, наурыз айында Бөрлі ауда­нында «Буршиев» шаруа қожалығы басшысының 15 жылқысы «жо­ғал­ған». Ол жылқыны еркін жайы­лым­ға айдап жіберген екен. Жәбірленуші 3 ай өткеннен кейін полицияға жүгінген. Қабылданған шаралар нәтижесінде жылқы үйірін полиция қызметкері та­уып, иесіне қайтарды.

Қаңтар айында Ақжайық ауданында да осыған ұқсас оқиға болды. Шаруа қожалығы басшысының 130 жыл­қы­сы жоғалып кеткен. Бұл жыл­қы да полиция қызметкерлерінің күші­мен табыл­ды. Генералдың айтуынша, мұндай факті көп.

8 айда ұрланған малдың 55,3 %-ы ие­ле­­ріне қайтарылды.

Кешірім кедергі болды

Бір қызығы, М.Әбләзімов ауылдағы мал ұрлығының азаймауына ұрыларға кешірім жасалуы себеп екенін айтады.

– Жәбірленушілердің көпшілігінің мақсаты – ұрланған малын қайтарып алу. Алайда, практикаға сүйенсек, мал ұр­лаған қылмыскерлер бостандықта жүр­ген­діктен олар қылмысын әрі қарай жалғас­тыра береді. Биылғы 8 айда жәбір­ле­нуші мен қылмыскер татуласып, 83 мал ұрлығы бойынша қылмыстық іс қысқартылды. Яғни, ұрылар қылмыстық жазадан құтылып кетті, – дейді облыстың бас полицейі.

Биылдың өзінде полиция 168 қыл­мыс­­керді уақытша ұстау изоляторына қа­­мауға алған. Соның 75-ін сот пен про­ку­­ратура қайта босатыпты. Олардың 45-і – бөтеннің мүлкін ұрлаған ұрылар бола­тын.

2018 жылғы қыркүйек айында облыс аумағында бірнеше мәрте мал ұрлығын жасағаны үшін Сырым ауданының тұрғыны Р.Кабасинов ұсталды. Ол бұған дейін осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бірнеше қайтара сотталған. Бірақ жәбірленушімен татуласуына байланыс­ты босатылған. Бостандыққа шық­қан­нан кейін ол түзу жолға түспей, қайтадан «кәсібімен» айналысқан. Полиция жа­қында оның тағы да бірнеше мал ұр­лы­ғын жасағанын әшкерелеп, тамыз айында қамауға алыпты.

Мал қараусыз қалмасын

Полиция мал ұрлығын азайтудың бірден бір жолы – орталықтандырылған мал бағу жүйесін енгізу деп санайды. Ұрланған малға жалған құжат жасау жолдары да тыйылмай тұр.

Мал ұрлығының өршуіне ет өнімдерін сату нарығының кеңдігі де әсер етеді. Барлық ет базарлары мен сатушылар кіші және орта бизнес субъектісі саналғандықтан, бұл базарларда ет өнімдерінің қайдан келгенін полиция тексере алмайды.

Полиция департаменті соңғы жылдары GPS-бақылау жүйесін қолданысқа енгізуді ерекше насихаттап жүр. Бүгінде өңірдегі бірқатар ірі шаруашылықтар осы әдісті пайдалануға көшіпті. Қазір облыс бойынша бұл әдісті 55 шаруа қожалығы қолданып отыр екен. Осылайша жалпы саны 1864 жылқы бақыланып отыр. Бірақ бұл өте аз, жалпы мал басының 1,2%-ы ғана.

Сіріңке қорабындай ғана GPS-трекерлер мобильді құрылғы арқылы малдың қозғалысына бақылау жа­сау­ға мүмкіндік береді. Мұндай қон­дыр­ғының 2 түрі бар: Ұялы байланыс опе­раторларының базасында жұмыс істей­тін трекерлердің бағасы – 30-50 мың теңге болса, спутниктік байланыс негі­зінде жұмыс істейтін ең сенімді бақы­лау трекерінің құны 80 мыңнан басталып, жоғарылай береді. Бұған қоса ай сайын төленетін 2-6 мың теңге аралығында төлемақы тағы бар. Мұны ірі шаруашылықтар болмаса, жекелеген тұрғындардың қалтасы көтере бермейді.

Батыс Қазақстан облысы