Қоғам • 18 Қыркүйек, 2019

Медициналық сақтандыру тұрғындардың шығындарын 2 есеге азайтады

235 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге ерекше көңіл бөлді. Бұл жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл ретте тегін медиицналық көмек әрбір қазақстандық үшін қолжетімді болады. Осыған орай денсаулық сақтау жүйесінде қандай өзгерістер болатыны туралы тиісті ведомствоның вице-министрі Лязат АқтаеваМЕН әңгімелескен едік.

Медициналық сақтандыру тұрғындардың шығындарын 2 есеге азайтады

– Лязат Мейрашқызы, меди­циналық сақтандыруды енгі­зу туралы мәселе екі жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Қор өз жұ­мысын 2017 жылы шіл­деде бастаған бола­тын, бірақ жүйені іске қосу екі рет кейінге шегерілді. Енді міне, Пре­зидент сақ­тандыру меди­ци­насына көшу туралы жария­­лады. Еліміздің бұған әзір­лігі қан­дай?

– Біздің өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жұ­мыс істеуге, олардың статусын өзек­тендіруге, медицина қыз­мет­керлерін оқытуға, нор­ма­тивтік-құқықтық актілер мен ақпа­раттық жүйелерді әзірлеу үшін уақы­­ты­мыз жеткілікті бол­ды. Бұрын орын алған бар­лық кем­­шілік жойылды. Бүгінде денсаулық сақ­тау жүйесі МӘМС жүйесін енгізуге жо­­ға­ры деңгейде әзірленуде.

Осы уақыт аралығында қор ке­піл­ден­ді­ріл­ген тегін меди­ци­налық көмек көлемі аясында медициналық қызметтерге то­лыққанды бірыңғай төлем жүр­гізу­шіге айналды, сатып алулар рәсімін барынша пысықтады, жеткізушілердің – медициналық ұйымдардың сапалы базасын қалыптастырды, ақшалай қара­жат­тың аса жеткілікті көлемін – 200 млрд теңгеден астам қаржы жинақтады. Бүгінгі таң­да аудар­ымдар мен жарналар тек жал­да­малы жұмыскерлер үшін жүргізіледі, ал өзін-өзі жұ­мыс­пен қам­ты­ғандар үшін енді ғана жүргізіле бастады. Филиал­дар құрылды, ұжымдар бар, міндетті медици­налық сақтан­дыру жүйесінде сатылатын ме­дициналық қызметтерді сатып алу үрдіс­тері де енгізіліп қойды.

2020 жылғы 1 қаңтарға қарай аяқтауымыз тиіс іс – азамат­тар­дың статустарын өзек­тен­ді­ру, сақтандырылған немесе сақтан­дырылмаған азаматтарды есепке алу ғана. Әрі тегін және сақ­тандыру пакеттеріндегі медици­налық қызметтерді жекелей есепке алу жүйесін барынша жетілдіру. Медициналық ақпа­рат­тық жүйелер осы үшін де қажет.

–Денсаулық сақ­­тау минис­тр­лігінің соңғы де­рек­тері бо­йынша 600 мыңға жу­ық адам­ның мәртебесі өзек­тен­діріл­ме­ген. Бұл көп пе, аз ба?

– Бұл халықтың бар болғаны 5%-ы ғана, олар міндетті меди­ци­­налық сақтандыру жүйе­сі­нің артықшылықтарын әзірге тү­сінбеген азаматтар. Осы азаматтар алдағы уақытта тап болуы мүмкін әлеуетті сын-те­геу­ріндердің бар еке­нін біле­міз. Сондықтан да, ха­лық­қа меди­ци­налық сақ­тандырудың бар­лық артық­шылықтары мен оған қатыс­пау­дың сын-тегеу­рін­де­рі туралы ақпаратты жет­кізу өте маңызды. Жыл соңы­на дейін оларды МӘМС жүйе­сі­не тарта аламыз деп ойлаймыз.

Егер басқа қырынан қарасақ, онда біз жүйеге тұрғындардың тарты­луының жет­кі­лік­ті жоға­ры деңгейін көрсетіп отырмыз – дамыған елдердің сақ­тан­дыру медицинасына өтуі бо­йынша халықаралық сарап­шы­лар тұр­ғын­­дардың 80%-ын ұсынып отырса, біз олардың 95%-ын қамтыдық. Бұл ретте көптеген ел тек сақтандыру моделін енгіз­ді, ал бізде ол әлеуметтік тұр­ғыда бағдарланған. Яғни кепілдендірілген тегін ме­ди­ци­налық көмек көле­мін сақтап қалдық, бұл тұр­ғын­дар­дың медициналық көмекті ала алмау қатерін барын­ша азайтты. Мұны Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында да нақты айтты, бұл Кон­сти­туцияның 2-бабының тармағында және «Ха­лық денсаулығы мен ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 34-бабында нақты көрсетілген.

– Жоба биыл 1 қыркүйектен бас­тап Қа­ра­ғанды облы­сын­да қанатқақты режімде іске қосылды. Бұл нені қарас­ты­рады?

– Толық іске қосар алдын­да біз барлық олқы­лық­тар­ды жою және түзету үшін жүйе­ні апробациялауға тиіс едік. Облыста жобалық кеңсе құ­рыл­­ды, ол күн сайын мони­то­ринг жүргізетін болады. Біз де апта сайын сонда барып, медициналық қыз­мет­кер­­лер­мен, денсаулық сақтау бас­қармасының басшыларымен кездесіп, сақтандыру медицинасына көшу ел тұрғындарына қиындықсыз өтуі үшін өзекті мәселелерді көтеретін боламыз.

Осы жоба аясында жүйе­ге қатысу-қа­тыс­­пауына байланыс­сыз барлық жергі­лік­ті тұр­ғын­дарға 31 желтоқсанға дейін про­­фи­лактикалық тексерулерден өтіп, оңалту көмегін алу мүмкіндігін ұсындық.

– Президент үш жылда, сақ­тан­дыру қар­жыларын қоса алған­да, денсаулық сақ­тау саласын дамытуға қосымша 2,3 трлн теңге бағытталатынын атап өтті. Ме­ди­циналық кө­мек­тің кепілдендірілген те­­гін көлемін қамтамасыз етуге қан­дай қар­жыландыру көзі көз­­дел­ген?

– Шын мәнісінде, меди­циналық көмек­тің кепіл­ден­діріл­ген тегін көлемін қар­жы­­лан­ды­ру көлемі қазіргі дең­гейінде сақталады. Бұл – жылына 1 трлн-ға жуық теңге. Сақтандыру пакетіне келе­тін қаражат қаржы­лан­дыру көле­міне қосымша есебінде бола­ды.

Медициналық көмектің ке­піл­­дендірілген тегін көлеміне бар­лық шұғыл көмек кірді. Яғни, емделушінің қандай да бір шағымдары болса, темпера­ту­расы көтерілсе, ауырып қалса, дәрігерге жүгінеді және сақ­тандыру статусына қара­мастан, ме­дициналық көмекті тегін ала­ды. Алғашқы медици­на­лық-сани­тарлық, жедел және паллиативтік көмек, санитарлық авиация – барлығы кепіл­ден­ді­ріл­ген пакетте қалады.

Сонымен қатар, тегін пакет­те әлеуметтік маңызды аурулар және жоғары мүгедектік пен өлімге әкелетін психикалық бұ­зы­лулар, жүрек-қантамыр жүйе­­сінің, тыныс алу жүйе­сі­нің ауру­лары, онкология, қант диа­беті секілді 25 негізгі созыл­ма­лы жұқпалы емес аурулар кезіндегі медициналық көмектің толық тізімі қарастырылған.
Бұл жағдайда кон­суль­та­ция­­лық-диаг­нос­тикалық, стационарды алмастыратын, жос­парлы стационарлық көмек, амбу­­­ла­то­р­лық дәрі-дәр­мек­­пен қамтамасыз ету және ту­­бер­кулез кезінде меди­ци­­налық оңалту тегін болады. Дәл осындай қызметтер бар­­­лық сақтандырылғандар үшін сақтандыру пакетінде қол­же­тім­ді болады. Бұл пакетті одан әрі кеңейту үшін халық ме­дициналық сақтандыру жүйе­сі­не белсенді қатысып, жүйеге ай сайынғы жарналар мен аударымдарды жасауы өте маңызды.

Сонымен қатар балалар, зей­неткерлер, мүмкіндігі шек­теулі азаматтар, көп балалы аналар секілді 15 жеңілдікті санат ақысын мемлекет төлейді. Ал жалдамалы жұмысшылар, жұмыс берушілер, жеке кәсіп­кер­лер, өзін-өзі жұмыспен қам­ты­ғандар, өзіне-өзі төлеушілер өздеріне төлейді.

Азаматтардың өз бе­тін­ше, өз қаражаты есебінен маман­дар­дың еміне, диагнос­ти­калық қызметтерге және кон­суль­тативтік көмегіне ақы төлей­тін шығыны бар. Оның ішін­де кепілдендірілген тегін қыз­мет­тер де қамтылған. Бұл сала­ның жеткілікті қаржы­лан­ды­рылмауы себебінен орын алады. Сон­ың нәтижесінде біз тұр­ғын­дардың денсаулық сақтауға жұмсайтын шығындарының 40%-ға дейін артқанын көрдік. Ал халықаралық сарапшылар тұрғындардың мұндай шығын­дары 20%-дан аспаған жағдай­да ғана денсаулық сақтау жүйе­сі­нің тұрақтылығы жайлы сөз етуге болады деп санайды. Сақтандыру медицинасына кө­шу­і­міздің негізгі алғышарты да осы болды.
МӘМС адамдардың жеке шығындарын екі есеге азайтуы тиіс. Бұл өз кезегінде ме­дициналық көмектің қол­же­тімділігін арттырады.

– Бізге белгілі болғандай, іс жүзінде жүйе 1 қаңтардан емес, 1 сәуірден бастап іске қосылады. Осы үш ай ішін­де қазақстандықтар меди­ци­на­лық көмекті сақтандыру паке­ті­мен ала алады. Шынымен солай ма?

– Иә, бұл кезеңге дейін барлық азаматтар шартты түр­де сақтандырылған болып саналады. Бірақ сәуір айында сақ­тан­дыру кезінде оларға өткен үш айдың берешегін өтеу керек болады. Сондықтан біз медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық жұмыс істейтін болады деп нақты мәлімдей аламыз.

Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»