Руханият • 18 Қыркүйек, 2019

Сисем – елдің есігі, ердің бесігі

1073 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жалпыхалықтық Ас осылай аталды. Көне мұраны көздің қарашығындай сақтайтын маңғыстаулықтар үшін әрбір қойылым, әрбір қауым қастерлі десек те, Сисем ата қауымының орны бөлек.

Сисем – елдің есігі, ердің бесігі

«Майлы қиян» Маңғыстаудың дүр ерлерінің – көк сүңгілі батыр­ларының, «тура биде туған жоқ» деп әділін айтып қасқайып өткен би-шешендердің, маңда­йына біткен мал-мүлкінің бере­ке­сін ел-жұртымен бөліскен са­қи­мырзалар мен ел басқарған руба­сылардың, сондай-ақ рухани көсемдердің мәңгілік ме­кені. Бүгінгі тілмен айтсақ, ел­дің мақтан тұтар тұлғалары таң­дап тұрып жерленетін пантеон. Маңғыстаудағы кәсіпкер, ел­дік мәселелерге бейжай қа­рай алмайтын азаматтардың ұйым­дастыруымен Сисем атаға және сол қауымдағы ата-бабалар рухына арналып берілген ас халықтың зор қолдауына ие болды. 130 киіз үй тігіліп, 5000-нан аса адам жиылған ас екі күнге созылды. Аста Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, белгілі ақын С.Нұржан, ұйымдастырушылар атынан белгілі кәсіпкер С.Мұса­баев сөйлеп, астың мә­ніне, оның Сисем ата басында берілуінің маңыздылығына тоқталды. 

Ас бағдарламасында аруақ­тарға Құран бағышталып, ата шапан таратылды, ошақ бәй­ге, аламан бәйге, қазақ күре­сі, ақындар мүшәйрасы мен жыр­шы-жыраулар байқауы ұйым­дастырылды. Астың алғашқы күнінде өткен ошақ бәйгеге қа­тысқан 30-ға жуық жүйрік 21 ша­қырым, 6 айналымды ба­ғын­­дырды. Нәтижесінде ақ­­тау­лық А.Абдул­дановтың «Хан­шайымы» 1-орынды ие­леніп, 1 миллион теңгені жеңіп алды. Шебір ауылынан А.Ер­жігітовтің «Айжирені» екінші, Таушық ауылынан келген Х.Бимырзаевтың «Көкбастауы» үшінші орыннан көрінді. Асқа келген ағайынның аңса­рын аударған 36 шақырымды он айналымда шауып өту межеленген аламан бәйгеде Алматы қаласынан келген Қайрат Ма­ха­новтың «Қоянқасқасы» мә­ре сызығын бірінші болып ке­сіп өтіп, Ақтау қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін қан­жы­ғасына байлады. Екінші орын­нан астаналық Базарбай Нұ­рисламның «Дарабозы» көрінсе, үшінші орынның жүлдесін құлсарылық «Бахай» корпорациясының «Жеті қа­зына» атты жүйрігі еншіледі. Ошақ және аламан бәйгелерде жүл­де тек үш орынмен шектеліп қалмай, төртінші, бесінші орында келген жүйріктер де сый-сияпаттарға ие болды. 

Қазақ күресіне алдын ала бекі­тілген ережеге сай салма­ғы 90 кг-нан, жасы 18-ден ас­қан 21 балуан қатысты. Арала­­­рында халқымыздың айтулы­ балуан ұлдары – «Әлем бары­сының» екі дүркін, «Қазақстан барысының» екі дүркін же­ңім­пазы, Қазақстанн­ың бір­неше дүркін «Түйе палуаны» А.Нұғымаров, «Қазақстан бары­сының» күміс, екі рет қо­ла жүл­дегері Р.Әбдіразақов, Түр­кіс­тан облысынан келген «Әлем барысының» күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Е.Мұзапаров, сон­дай-ақ небір додаларда ол­жа салған қарағандылық Б.Ах­мет­беков, қос қызылорда­лық М.Исағабылов пен Н.Сәлім­ге­реев, дзюдодан бірнеше дүр­кін Ресей федерациясының жеңім­пазы, самбодан Еуропа чемпионы А.Ханбиев, халық ықыласымен «Қара бура» атан­ған маңғыстаулық палуан Н.Жа­рылғапов сынды «сен тұр, мен атайын» айтулы палуандар қатыс­қан күресте Н.Жарылғапов бас жүлде – Ақтау қаласынан бір бөл­мелі пәтерді иеленді. Екінші орынды ресейлік А.Ханбиев, үшінші орынды Е.Мұзапаров иеленді. 

Жыршылар мен ақындардың жыр­лары да көрерменнің қоше­мет­іне ие болып, араларынан өз жүйріктерін анықтап берді. 

Сисем атадағы ас тек қызу тартыспен өткен спорттық шараларымен қызықты болған жоқ, бабалар рухын қастерлеп, ұр­­пақ санасын жаңғыртар тағы­лымдылығымен тартымды болды. «Өлі разы болмай, тірі байы­­майды» дейтін халқымыз, Маң­ғыстаудағы «мен» деген ерлердің «сүйегім Сисемде қалса» деген арманына айналған қасиетті орында берілген ас – өлілер ру­хын шаттандырып, тірілер үшін сауап болар шара деп есеп­тей­міз. Оқылған Құран сүре­лерінің, берілген ас-садақаның шапағаты тек бір қауым емес, «тіршілік сапарын аяқтағанда келіп жатар мәңгілік мекенінің бір уыс топырағы пенде туыл­ған сәтте-ақ бұрқ ете қалады» дейтін халық нанымына сәйкес, топырағы Сисем ата қауымынан тысқары бұйырған күллі әу­лие-әнбиелердің аруағына бағыш­талған ауқымды ас – Маңғыстау тарихында қалар ірі әрі ізгі шара болды. 

Маңғыстау облысы