«Майлы қиян» Маңғыстаудың дүр ерлерінің – көк сүңгілі батырларының, «тура биде туған жоқ» деп әділін айтып қасқайып өткен би-шешендердің, маңдайына біткен мал-мүлкінің берекесін ел-жұртымен бөліскен сақимырзалар мен ел басқарған рубасылардың, сондай-ақ рухани көсемдердің мәңгілік мекені. Бүгінгі тілмен айтсақ, елдің мақтан тұтар тұлғалары таңдап тұрып жерленетін пантеон. Маңғыстаудағы кәсіпкер, елдік мәселелерге бейжай қарай алмайтын азаматтардың ұйымдастыруымен Сисем атаға және сол қауымдағы ата-бабалар рухына арналып берілген ас халықтың зор қолдауына ие болды. 130 киіз үй тігіліп, 5000-нан аса адам жиылған ас екі күнге созылды. Аста Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, белгілі ақын С.Нұржан, ұйымдастырушылар атынан белгілі кәсіпкер С.Мұсабаев сөйлеп, астың мәніне, оның Сисем ата басында берілуінің маңыздылығына тоқталды.
Ас бағдарламасында аруақтарға Құран бағышталып, ата шапан таратылды, ошақ бәйге, аламан бәйге, қазақ күресі, ақындар мүшәйрасы мен жыршы-жыраулар байқауы ұйымдастырылды. Астың алғашқы күнінде өткен ошақ бәйгеге қатысқан 30-ға жуық жүйрік 21 шақырым, 6 айналымды бағындырды. Нәтижесінде ақтаулық А.Абдулдановтың «Ханшайымы» 1-орынды иеленіп, 1 миллион теңгені жеңіп алды. Шебір ауылынан А.Ержігітовтің «Айжирені» екінші, Таушық ауылынан келген Х.Бимырзаевтың «Көкбастауы» үшінші орыннан көрінді. Асқа келген ағайынның аңсарын аударған 36 шақырымды он айналымда шауып өту межеленген аламан бәйгеде Алматы қаласынан келген Қайрат Махановтың «Қоянқасқасы» мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, Ақтау қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін қанжығасына байлады. Екінші орыннан астаналық Базарбай Нұрисламның «Дарабозы» көрінсе, үшінші орынның жүлдесін құлсарылық «Бахай» корпорациясының «Жеті қазына» атты жүйрігі еншіледі. Ошақ және аламан бәйгелерде жүлде тек үш орынмен шектеліп қалмай, төртінші, бесінші орында келген жүйріктер де сый-сияпаттарға ие болды.
Қазақ күресіне алдын ала бекітілген ережеге сай салмағы 90 кг-нан, жасы 18-ден асқан 21 балуан қатысты. Араларында халқымыздың айтулы балуан ұлдары – «Әлем барысының» екі дүркін, «Қазақстан барысының» екі дүркін жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін «Түйе палуаны» А.Нұғымаров, «Қазақстан барысының» күміс, екі рет қола жүлдегері Р.Әбдіразақов, Түркістан облысынан келген «Әлем барысының» күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Е.Мұзапаров, сондай-ақ небір додаларда олжа салған қарағандылық Б.Ахметбеков, қос қызылордалық М.Исағабылов пен Н.Сәлімгереев, дзюдодан бірнеше дүркін Ресей федерациясының жеңімпазы, самбодан Еуропа чемпионы А.Ханбиев, халық ықыласымен «Қара бура» атанған маңғыстаулық палуан Н.Жарылғапов сынды «сен тұр, мен атайын» айтулы палуандар қатысқан күресте Н.Жарылғапов бас жүлде – Ақтау қаласынан бір бөлмелі пәтерді иеленді. Екінші орынды ресейлік А.Ханбиев, үшінші орынды Е.Мұзапаров иеленді.
Жыршылар мен ақындардың жырлары да көрерменнің қошеметіне ие болып, араларынан өз жүйріктерін анықтап берді.
Сисем атадағы ас тек қызу тартыспен өткен спорттық шараларымен қызықты болған жоқ, бабалар рухын қастерлеп, ұрпақ санасын жаңғыртар тағылымдылығымен тартымды болды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін халқымыз, Маңғыстаудағы «мен» деген ерлердің «сүйегім Сисемде қалса» деген арманына айналған қасиетті орында берілген ас – өлілер рухын шаттандырып, тірілер үшін сауап болар шара деп есептейміз. Оқылған Құран сүрелерінің, берілген ас-садақаның шапағаты тек бір қауым емес, «тіршілік сапарын аяқтағанда келіп жатар мәңгілік мекенінің бір уыс топырағы пенде туылған сәтте-ақ бұрқ ете қалады» дейтін халық нанымына сәйкес, топырағы Сисем ата қауымынан тысқары бұйырған күллі әулие-әнбиелердің аруағына бағышталған ауқымды ас – Маңғыстау тарихында қалар ірі әрі ізгі шара болды.
Маңғыстау облысы