Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2019

Шетпе-Қызан автокөлік жолының құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда

865 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елді мекендер арасына жол салу, ауылішілік автокөлік жолдарын асфальттау жұмыстарын  басты назарда ұстап отырмыз. Қазіргі таңда ауданда көптеген автокөлік жолдарын асфальттау жұмыстары жүргізілуде.

Шетпе-Қызан автокөлік жолының құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда

-Шетпе-Қызан автокөлік жолының 49-85 шақырым аралығын асфальттау жұмыстарына 2018 жылы – 23,2 млн теңге бөлініп, игерілсе, 2019 жылға – 207,1 млн теңге бөлініп, оның 122,1 млн теңгесі игерілген. Алдағы республикалық бюджетті нақтылау кезінде жолдың қалған бөлігіне қажетті қаржы бөлінеді деп күтілуде. Шебір ауылішілік автокөлік жолы құрылысының жұмысы жүргізіліп жатыр. Биылға бөлінгені 30 млн теңге, жалпы жоба құны – 379 млн теңге. Шетпе-Ұштаған автокөлік жолын орташа жөндеу жұмысына 2018 жылға - 390 млн теңге қаралып, 30 шақырым автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылға – 555 млн теңге қаралып, құрылысы жүргізілуде, жұмыс осы жылы аяқталады, дейді Маңғыстау ауданының әкімі Т. Көшмағанбетов.

Тұщықұдық ауылына кіре беріс 29 шақырым жолдың да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Шетпе-Қызан автокөлік жолының Шетпеден шыға беріс 21 шақырым жолына осы жылға – 235,2 млн теңге қаржысы бөлінді. «Дорстрой» ЖШС жеңімпаз атанып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шарт сомасы – 333,4  млн теңге.

Кызан-Акшымырау автокөлік жолын орташа жөндеу жұмысына да биыл – 193 млн теңге қаржысы бөлініп, жұмыстары басталды.

Жыңғылды-Шайыр-Шерқала мекені автокөлік жолын қайта құрылымдау жұмысы жүргізілуде. Жолдың ұзындығы 29,5 шақырым. Жоба құны – 2,7 млрд теңге. Бұл жұмыс та келесі жылы аяқталуы тиіс.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Шетпе ауылішілік Шетпе 1 - Орталық көшелерінің автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Ұзындығы – 4,8 шақырым. Жоба құны – 199,5 млн теңге. Қараша айына дейін жұмыстары аяқталуы тиіс. Сонымен бірге  Орталық - Құрылысшы көшелерінің автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары да осы бағдарлама аясында жүргізіліп жатыр.