18 Қыркүйек, 2019

Шығыста ақын тойына дайындық барысы қалай?

1054 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Мерейтой қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласын Абай деп атасақ» деген ұсынысын жеткізді.

Шығыста ақын тойына дайындық барысы қалай?

2020 жылы еліміз халқымыздың біртуар перзенті, ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырғаны белгілі. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойды жоғары деңгейде мерекелеу туралы Жарлығы шыққаннан кейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, өз жұмысын бастап кетті.

«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, ақынның 175 жылдық мерейтойын өткізуге дайындық барысы жөніндегі жұмыс комиссиясы облыста да құрылған болатын. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі жетекшілік ететін, құрамына өңірдің зиялы қауым өкілдері енген комиссияның кезекті отырысы жақында дара тұлға туып-өскен топырақ Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында өтіп, мерейтойға қатысты атқарылатын шаралар жан-жақты пысықталды.

 Ақшоқыда музей салынады

әкім

Комиссия отырысында қысқаша баяндама жасаған аймақ басшысы сөзін осындай жағымды жаңалықпен бастады. «Осында келе жатқанымда Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқыға арнайы бұрылдым. Көрдім. Ұлы ақын дүниеге келген Сырт Қасқабұлақ пен ойшылдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы, оның әулеті, ұрпақтары жерленген Ақшоқыға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, сырты қоршалады. Абай ауданы әкімдігі әзірлеген жобаларға тағы да қосымша қаржы бөлеміз. Ал Құнанбай әулеті жерленген Ақшоқыға көңіл бөлмесе болмайды. Біз мұнда көлемі орташа музей саламыз. Жан-жағын жақсылап абаттандырамыз. Өйткені, халық ұлы Абайдың түп-тамырын, қайдан шыққанын білуі керек» деді Д.Ахметов. 

Орайы келгенде айта кетейік, осы Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқының мемлекет қамқорлығына алынбай ескерусіз, қараусыз қалып келе жатқанын «Egemen Qazaqstan» бірнеше мәрте көтерген болатын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл көктемде, нақтырақ айтсақ, 26 сәуірде Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапарында Семейде зиялы қауым өкілдерімен кездескенде: «Ұлы Абайды ұлықтағанда оның әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол – Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады. Жас ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге болатын істі мен әрқашан қолдаймын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз, шын мәнінде, осындай сабақтастық дәстүріне жол ашатын бірегей бастамаларды қолға алуымыз керек» деп облыс әкімдігіне Құнанбай есімін ұлықтауға байланысты тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырған-ды.

Комиссия отырысында облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов мерейтой аясында облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде  330-дан астам іс-шара өткізу жоспарланып отырғанын, қазіргі уақытта жалпы сомасы 880 миллион теңгені құрайтын іс-шаралар жоспары әзірленгенін, бірақ бұл сома алдағы уақытта ұлғаюы мүмкін екендігін жеткізді. Семей қаласы мен Абай ауданындағы тарихи-мәдени нысандарды абаттандыруға және жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, ақын мерейтойы шеңберінде абайтанушы, түркітанушы ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция,  Жидебайдағы музей кешенінде «Абай ұлы ойшыл» атты халықаралық суретшілер плэнері, облыстың шығармашылық ұжымдарының Түркия, Ресей, Қытай мемлекеттеріне гастролдік сапарлары ұйымдастырылады. Сонымен қатар ақын мұраларын насихаттау мақсатында қазақ және орыс тілдерінде қойылымдар әзірленіп, еліміздің оқушыларының қатысуымен «Абай оқулары» байқауы, жастар арасында республикалық ақындар айтысы өткізіледі. Ал қазақ күресінен республикалық турнир, аударыспақ, көкпар, бәйге секілді ұлттық спорт ойындарын жұртшылық Қарауылдағы киіз үйлер қалашығында тамашалайтын болады.

Семейдегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір Мәдениет және спорт министрлігіне бюджеттік өтінім берілгенін, мерейтой аясында қорық музейдің бірнеше нысандары жөнделіп, қайта жаңғыртылатынын, Абай шығармаларының 4 тілдегі жинағы жарық көретінін, еліміздің өзге қалаларында көрмелер ұйымдастырылатынын, Абай-Шәкәрім кесенесіне «Қазқайта жаңғырту» мекемесі ғылыми реставрациялық жұмыстар жүргізетінін,  сол жерде «Ұлылар мекені» музейі ашылатынын, кесене төңірегі абаттандырылатынын баяндады.

 Қарауыл қызу дайындық үстінде

әкім 3

Ұлы Абайдың 150 жылдығында негізгі мерейтойлық шаралар аудан орталығы – Қарауылда дүбірлеп өткені белгілі. Келесі жылы да солай болары анық. Осы орайда қазір Шыңғыстау жұрты үлкен тойға қызу дайындық үстінде. Қарауылда қарбалас. Жиында сөз алған Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров аудан жұрты 175 жылдық мерейтойға барынша әзірленіп жатқанын, аудан орталығына ұлы ақынның еңселі ескерткіші орнатылып, сол жердегі алаң толығымен абаттандырылғанын, Жеңіс саябағы жөндеуден өтіп, 4 батырға бюст қойылғанын, Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесі Семейдегі Шәкәрім университетінің көмегімен жарықтандырылғандығын баяндап, Қарауыл тұрғындарының бір тілегін жеткізді. «Қарауылдағы Абай атындағы мектеп лицей 476 балаға арналған болса да, онда 869 бала оқып жатыр. Ал Қарауыл гимназиясында (137 балаға арналған) 326 бала білім алуда.  Қарауыл ауылына тағы бір мектеп керек. Осыған көмектессеңіз жақсы болар еді» деді аудан әкімі облыс басшысына. Д.Ахметов ел тілегі ескерусіз қалмайтынын, бұл мәселе шешім табатынын жеткізді.

Жиында Семейден Қарауылға дейінгі жолдың жайы да сөз болды. «Семей-Қарауыл» бағытындағы жол 2017-2019 жылдары 4 миллиард теңгеден астам қаражатқа жөнделген болатын. Отырыста   облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов енді «Семей-Қарауыл» жолынан Семейдегі Абай музейіне дейінгі 12, Бөріліге дейінгі 4 және Ақшоқыға дейінгі 21 шақырым жолдарды жөндеу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

 Зиялы қауым өкілдері не деді?

әкім 1

Отырыста комиссия құрамына енген зиялы қауым өкілдері тарапынан бірнеше ұсыныс айтылды. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы той-томалақ, конференция, концерттермен шектелмей абайтануды жоғары деңгейге көтеретін тағылымды-танымдық шара ұйымдастыру қажеттігін алға тартты.  «Абайтану деген жай ғана тойдың шаруасы емес, бұл ауқымды ғылыми жұмыс. Абайтануға бір ғасырдан асты десек те, біз Абайды әлі тани алған жоқпыз. «Жалын мен оттан жаралған сөз ұғатын қайсың бар» дейді ұлы Абайдың өзі. Осы жалғыз ауыз сөзге әлі жауап табылған жоқ. Абайды ақын дейміз. Философ дейміз. Дұрыс. Хәкім дейміз. Хәкім деген сөздің де байыбына бара алмай жүрміз. Меніңше, Абай хәкімнен де биік. Мысалы, қазақта маңдайдың соры бес елі деген сөз бар. Немесе маңдайдың бағы бес елі дейді. Бес бересі, алты аласы дейді. Бес күндік жалған дейміз. Неге ол бес күндік? Пешене, бес шеше дейміз. Абай осылардың барлығын айтты ма? Біз осы мәселелерге үңілуіміз керек. Осы мерейтойда абайтануды бір мысқал болсын жоғары көтерейікші. Сол үшін Абайды тануға арналған үлкен байқау ұйымдастырсақ деген тілегім бар» деді ақын. Семейлік ғалым, абайтанушы Асан Омаров ұлы ақынның өлеңдерін оқу челленджімен шектелмей, һәкімнің сөзіне үңілсек, соны көпшілікке жеткізсек, дәрістер оқысақ деді. Сонымен қатар Ақшоқыдағы Құнанбай қорымынан 300 метр жердегі ұлы Абай  отыз жыл тұрып, 150 өлеңін шығарған дөң назардан тыс қалмай, қоршалса деген өтінішін білдірді. Ал өскемендік ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев «мерейтой қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласын Абай деп атасақ» деген ұсынысын жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы

Абай ауданы

Қарауыл ауылы