Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2019

Алимент төлемегені үшін сотталды

504 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында тұратын С. есімді борышкер ата-аналық міндетінен жалтарып, екі баласына алимент төлмегені үшін бір жылға бас бостандығын шектеп, жүз сағат мәжбүрлі еңбекке тарту туралы үкім шықты.

Алимент төлемегені үшін сотталды

Орал қалалық прокуратурасы таратқан мәліметке қарағанда С. 2015-2019 жылдары екі баласына алимент төлемей, ол бойынша берешек 3,6 млн теңгеге жеткен. Сөйтіп «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы кодекстің 138-бабының талабы өрескел бұзылған.

Батыс Қазақстан облыстық Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот материалдарына қарағанда, борышкер жеке сот орындаушысының ескертулерін ескермей, жұмысқа орналаспаған. Табысының үштен бір бөлігін алимент ретінде төлеу туралы 2010 жылғы 22 ақпандағы соттың шешімін қасақана орындамаған.

Белгілі болғандай, С. «жұмыссызбын» дегенмен, 2017 жылғы 4 қаңтарда ол құрылтайшылық ететін «S» ЖШС-ның үстінен жалған бухгалтерлік құжаттарды өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүрген. Ол іс рақымшылық актісі қолданылуына байланысты тоқтатылған.

«Бірақ ЖШС құрылтайшысы С. заңсыз табыс тапқаны анықталды» дейді прокуратура өкілі.

Сөйтіп, 2019 жылғы 10 қыркүйекте БҚО Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімі бойынша Қылмыстық Кодекстің 139-бабында (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) көзделген қылмысты жасағаны үшін С. бір жылға бас бостандығы шектеліп, жүз сағат мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.