Дер кезінде дұрыс диагноз қойылды
Мемлекет басшысы алға қойған негізгі басымдықтарға, оның ұстанымдарына тоқталғанда, жеке тұлға мен жалпы Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды бірінші орынға қойып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы – өте жүйелі қадам жасайтын, алдымен мәселені жан-жақты ойластырып барып ұсыныс айтатын, айтқан ұсынысын табанды еңбегімен соңына дейін жеткізетін азамат. Сайлауалды бағдарламасында, Ұлықтау рәсімінде, Жолдауында айтқан сөздерін зерделесек, негізгі басымдықтардың барлығы бір-бірімен ұштасып жатыр. Бұған дейін назар аударылған басымдықтар кешегі Жолдауда көрініс тауып, келесі жылдан бастап бюджет қаржысымен қамтылып отыр. Сондықтан Президенттің ұсыныстары біртіндеп іске асырылатынына күмән жоқ.
Халық жаңа Президентке үлкен сенім артып, маңызды өзгерістерді күтіп отыр. Оған түрткі болып отырған Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің қазіргі жағдайы туралы айтқан пікірлері. Біріншіден, Президент Қ.Тоқаев әлеуметтік-экономикалық салада үлкен кемшіліктер бар екенін ашық айтып, көп проблеманың диагнозын қойды. Бұл дұрыс шешім қабылдаудың алғашқы нақты қадамы екені түсінікті. Мәселен, халықтың табысының азайып, кедейленгенін, соның салдарынан күнделікті тұрмыстық жағдайын шешу үшін қаржысы жетпегендіктен миллионнан астам азаматтың несие алуға мәжбүр болып, енді соны өтеуге қиналып жүргенін жасырмай айтты. Бұл жағдай еліміздегі әлеуметтік жағдайды шиеленістіріп отырғандықтан, биылғы бюджеттен 105 млрд теңге қаржы тауып, халықтың мойнына түскен жүкті жеңілдетуді Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырды. Ол қазір іске асып жатыр. Бұл қадам экономикалық жағдайды жақсартуға, әлеуметтік ахуалды түзетуге айтарлықтай әсер етеді, себебі еліміздің тұрғындары 105 млрд теңгенің несиесін өтеуге емес, өзіне қажет күнделікті тауарын алуға жұмсайды. Бұл ішкі сұраныстың ауқымын кеңейтері сөзсіз. Ал нарықтық жағдайда экономиканың негізгі қозғаушы күші – сұраныс. Отандық тауарға сұраныс күшейсе, өндірістің де қарқыны арта түседі. Демек, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту экономиканың қарқынды дамуына өз үлесін қосады. Осы тұрғыда еске сала кететін жағдай – Президенттің үлкен тапсырмаларын іске асыру бюджет тарапынан қаржыландыруды талап ететіні, ал биылғы бюджет шығындары былтыр бекітіліп, тиісінше бөлініп қойғандықтан, әлеуметтік салада үлкен өзгерістер жүргізу қиын. Сондықтан негізгі өзгерістер келесі жылдан басталады.
Мемлекет басшысы ашық айтқан тағы бір проблема еңбекақының төмендігіне, өндірісте шетелдік жұмысшылар мен қазақстандық жұмысшылардың жалақылары көлеміндегі айырмашылыққа байланысты болды. Осы мәселе көтерілгелі бері үлкен компанияларға тиісті тапсырмалар беріліп, отандық жұмысшыларға лайықты еңбекақы тағайындау ісі пысықталып, қатаң қадағалауға алынды. Қазір біраз компания халыққа жарияламай-ақ жұмысшыларының жалақысын көтеруді бастап кетті. Бұл үдеріс келесі жылы да жалғасады. Бұл да экономиканың дамып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына тиісті ықпалын тигізетіні белгілі.
Енді нақты статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша жалақының ІЖӨ-дегі үлес салмағы 30 пайыз шамасында екенін байқаймыз. Бұл – еліміздің даму деңгейіне сәйкес келмейтін құбылыс екені бұған дейін де айтылып жүрген мәселе. Жалпы, кез келген мемлекет үшін ІЖӨ-нің 30 пайызын ғана еңбекақы ретінде төлеп, 70 пайызын капиталдың үлесіне бөлу тек кедей, экономикасы тығырыққа тірелген, әлеуметтік жағдайы әбден шиеленіскен елдерге ғана тән жағдай. Біздің экономикалық даму көрсеткішіміз одан көш ілгері, Ресей, Беларусь сынды елдермен деңгейлеспіз. Бұл елдерде ІЖӨ-нің 47-48 пайызы еңбекақы ретінде халыққа беріледі, демек Қазақстанда да солай болу керек. Еңбекақыдан үнемдеу мемлекетке де, қоғамға да, жеке тұлғаға да үлкен кесірін тигізетіні белгілі жайт. Сондықтан сапалы адам капиталын қалыптастыру үшін лайықты еңбекақы болуын қадағалау мемлекеттің ең басты саясаттарының бірі болуы тиіс. Сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың осы жағдайға көңіл бөліп, атқарылып жатқан шаруаларды қатаң бақылауға алуы көпшіліктің көңілінен шығып жатқаны рас. Бұл бағытта алдағы уақытта үлкен өзгерістер болатынына халық сеніммен қарай бастады.
Баспана – базалық қажеттілік
Президенттің әлеуметтік саладағы алға тартқан басымдықтарын Жолдауынан бірден байқауға болады. Мен мұны шартты түрде екі топқа бөлер едім. Біріншісі – экономиканың барлық саласында жалақыны өсіру. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын салада бюджет есебінен жалақыны көтеруді де атқарушы биліктің барлық саласына табыстады. Келер жылдан бастап бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің, соның ішінде мәдениет, өнер саласындағы қызметкерлердің жалақылары артады. Одан бөлек мұғалімдердің еңбекақысы 4 жылда 2 есе, ал келер жылы 25 пайызға көтеріледі. Әлеуметтік осал топтардың мүддесін қорғауға арнайы әлеуметтік пакет енгізіледі. Мұның барлығы келер жылдың бюджетіне еніп отырған үлкен әлеуметтік шешімдердің бірі. Сөзсіз құптарлық қадам.
Екіншісі – халықты баспанамен қамту. Жалпы, баспана азаматтарға керек базалық қажеттілік. Сондықтан бұл мәселеге Президент ерекше көңіл бөліп отыр. Баспанамен қамту бағдарламалары бойынша алдағы 3 жылға 240 млрд теңге бюджетте қарастырылды. Елде басында баспанасы жоқ жас отбасылар, көп балалы аналар, мүгедек жандар бар. Бұған дейін де бұл мәселеге үлкен көңіл бөлініп келген. Мысалы, соңғы жылдары халықтың сұранысына ие болған «7-20-25» сынды бағдарламалар іске асырылды. Бұл бағдарламалар арқылы көптеген азамат баспаналы болды. Дегенмен оған қатысу үшін бір отбасының табысы 320 мың теңгеден кем болмауы керек. Қазақстанда табысы оған жетпейтін отбасылар көп, сондықтан олар мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалып қойды. Осыны ескере отырып, Президент бастапқы салымы 10 пайыздан аспайтын, пайыздық мөлшерлемесі 2 пайыздан аспайтын «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Биылдың өзінде әлеуметтік осал топқа жататын 6 мың адам, келер жылдан бастап 10 мың адам осы «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйге ие болады. Оған қажетті қаражат бюджетте қарастырылып отыр.
Демек, келер жылдан бастап Президенттің әлеуметтік бағдарламалары екі бағытта жүргізіледі. Оның біріншісі – халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін оның табысын көтеру, ал екіншісі – мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік қамқорлықтың аясын кеңейте отырып, азаматтардың жеке баспанаға ие болуына жағдай жасау.
Болашақ бизнеспен байланысты
Нарықтық экономикада халықтың бәріне бірдей мемлекеттік кәсіпорындардан немесе квазимемлекеттік сектордан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Бірақ тиісті жағдай жасап, халықтың өзіне бизнеспен айналысуға, жеке ісін бастауға мүмкіндік туғызуға болады. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекет шағын және микробизнесті дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Қ.Тоқаев кімде-кім шағын немесе микробизнеспен айналысып жүрген адамдарға қиянат жасаса, ол мемлекетке қарсы жасаған қылмыс екенін, мемлекеттің болашағы кәсіпкерлерге байланысты екенін нақты айтты. Билік осы саясатты ұстанса, бірте-бірте халықтың билікке, мемлекетке деген сенімі артады. Қазір еліміздегі қаржысы бар іскер азаматтар жетерлік. Бірақ олар бүгін қаражатын салып үлкен іс бастаса, ертең оның қайтарымын көре алатынына күдікпен қарайды. Азаматтардың өз инвестициясын бизнеске салуы немесе салмауы мемлекетке және мемлекеттік институттарға деген тікелей сенімге байланысты. Билік халықты бизнеске шақырып, олардың мүддесін қорғауға әзір екенін көрсетті. Қ.Тоқаевтың өзі де ешқандай делдалсыз-ақ әлеуметтік желі арқылы халықтан тікелей ақпарат алып, қоғамның тамыр соғысын бақылап отыр. Енді кейбір төменгі жақтағы проблемаларды жоғары биліктен жасырып қалу мүмкін емес.
Бизнесті дамыту үшін бизнесмендерді қолдау керек. Айталық, кәсіпкерлерге несиені жеңілдікпен беру, түрлі ынталандыру шаралары жасалуы қажет. Осыны ескеріп, Президент Қ.Тоқаев «Бизнестің жол картасы» шеңберінде алдағы 3 жылда бюджет есебінен 250 млрд теңге бөлуді тапсырып, бұл жоспар бюджетке енгізілді. Бұдан бөлек Ұлттық қордан тағы 100 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. 350 млрд – өте ауқымды қаржы. Осының нәтижесінде Қазақстанда шағын және орта бизнестің дамуына жақсы жағдай жасалатынына күмән жоқ.
Егер шағын және орта бизнес өкілдері өнімдерін экспортқа шығаратын болса, мемлекет тарапынан қолдау тетіктері жасалуға тиіс. Бізде бизнесмендерді осы іске ынталандыру әлі де төменгі деңгейде екенін ескерген Президент оған тиісінше көңіл бөлуді тапсырды. Экспорттаушы кәсіпкерлерді қолдау мақсатына қанша қаражат бөлінетіні жылдың соңына дейін шешіледі.
Мемлекет басшысы шағын және микробизнесті бірқатар салық түрлерінен босату туралы тапсырма берді. Бизнес нысандарына тексеріс жүргізуге 3 жылға дейін мораторий жариялады. Зейнетақы төлемдерін жұмыс берушінің есебінен 5 пайызға ұлғайту мәселесі қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Ол ұсынысты да Президент 2023 жылға дейін 5 жылға шегерді. Мұның бәрі бизнесті қолдауға бағытталған үлкен саяси шешім деп санаймын.
Қазақстан халқының жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда 47 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Яғни, халықтың тұрмыс сапасын жақсартқымыз келсе, ауыл халқы мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалмауы керек. Осы бағытта Мемлекет басшысы тарапынан бірнеше нақты ұсыныс айтылды. Ол, бірінші кезекте, ауыл халқының шаруашылықпен айналысуына қолайлы ахуал тудыру. Алдағы он шақты жылда суармалы жерлердің көлемі 3 млн гектарға жеткізілмек. Егер суармалы жерлердің аумағы
3 млн гектарға жетсе, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі бірнеше есе ұлғаяды. Яғни, еңбек тиімділігі артады. Бұл ауыл халқының жағдайын жақсартады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына алдағы 3 жылда 90 млрд теңге қаржы бөлінбек. Қаражаттың негізгі бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталады. Түптеп келгенде, бұл – ауылды көркейтуге ықпал ететін шешім. Президент қай өңірге барса да елді мекендерге сапалы жол салу, ауыз су тарту ісін айтады. Әлі де болса көптеген ауылда ауыз су проблемасы шешілген жоқ. Осы мәселені біржола шешу үшін Президент бюджеттен 250 млрд теңге бөлгізді.
Салық – мемлекеттің ең тиімді құралдарының бірі. Салық тетіктерін дұрыс пайдалана отырып, экономиканың түрлі саласын дамытуға, кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыруға болады. Ал дұрыс пайдаланбаса, керісінше әсер ететіні түсінікті. Бұл мемлекеттің қолындағы ең тиімді тетіктердің бірі.
Президенттің осы жүз күн ішінде қолға алған әлеуметтік-экономикалық бағдарламалары халықтың жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын арттырып, еліміздің ішкі сұранысын ұлғайтуға, сол арқылы экономиканың қарқынды дамуына жағдай жасауға бағытталды. Сөз басында атап өткенімдей, халықтың төлем қабілеті неғұрлым артса, экономика соған сай қарқынды жұмыс істеуге көшеді. Сол себепті азаматтардың табысын мейлінше жақсартуға көңіл бөлініп отыр.
Жоғарыда айтылған жағдайлардың барлығы ел сенімі мен үмітін ақтауға бағытталған нақты шешімдер деп білемін.
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
мемлекет қайраткері