Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2019

Берекелі ауыл – Айнабұлақ

1702 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордамыздан мың жарым шақырымға жуық жерде Айнабұлақ дейтін кішігірім ауыл бар. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты екі мыңға жуық халқы бар бұл мекен аудан орталығының солтүстік-шығысына қарай он шақырымдық жерде орналасқан.

Берекелі ауыл – Айнабұлақ

Атына заты сай осы ауылдың тұрғындары көңілдері таза, пейілдері кең, қызға қырық үйден тыйым, шарапсыз жиын жасайтын берекелі ауылға айналған. Айнабұлақта жақында «Ауыл күні» атап өтілді. Аталған іс-шара қарашаңырақ – ауылдан түлеп ұшқан, сөйтіп арман қуып, мақсат көздеп жан-жаққа кеткен түлектердің басын қосып, ортақ мүддеге жұмылдырып, сол арқылы өскелең ұрпаққа үлгі болу үшін жасалған еді. Идеяны ұсынып, оның жүзеге асуына тікелей мұрындық болған Кенжеғали Мәсенов есім­ді азаматымызды бүкіл ауыл тұрғындары қолдап, ортақ қа­занға қаражат құйып, оған ауыл жолдарын жөндеу, тозығы жеткен зират қор­шауын жаңалау сынды жұмыстарды бір үйдің баласын­дай береке-бірлікте, аса белсенділікпен атқарды. «Жұ­мыла көтерген жүк жеңіл» екенін көрсетті. Іс-шара соңы дүбірлі тойға ұласты.

Ауылдың көркеюі – еліміздің көркеюі деп білу керек. Себебі бүкіл қазақы болмыс пен ұлт­тық құндылық осы ауылдан басталады. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген дана хал­қымыз. Өсіп келе жатқан жас буынға Отанды сүюді, туған жер­ді, туған елді қадірлеуді сөзбен емес, осындай нақты іс­термен көрсете білгенге не жетсін?!

 

Кенжегүл Тергембаева,

журналист