Әлем • 19 Қыркүйек, 2019

Бейбітшілік пен татулықтың ортақ алаңы

463 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XVIII отырысы өтті. Әлем елдерінен жиналған түрлі дін өкілдерінің басын бірік­тір­ген алаңда негізгі төрт мәселе қаралды.

Бейбітшілік пен татулықтың ортақ алаңы

Оның ішінде 2021 жылға жос­пар­ланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 2021 жылы VII съезін өткізу мәселелері пысықталды. Жиынды жүргізген Қазақстан Пар­ла­менті Сенатының Төрағасы, съезд хат­шылығының басшысы Дариға Назарбаева съезд өткізу туралы идея­ның ав­торы Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еке­нін атап өтті.

– Бүкіл әлем мойындаған бітім­гер, Қазақстанның орасан зор ядролық қа­ру арсеналынан бас тартуына бастама­шы болған, тәуелсіздік жылдары ішін­де өңірлік қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын барлық ең ірі әлемдік діндер мен  конфессиялардың басшылары қолдады. Күрделі кезеңде жаңа мыңжылдық басында ең жоғары деңгейде конфессияаралық ашық диалог өткізудің өзі нағыз рево­люциялық іс еді. Содан бері Қазақ­станнның Тұңғыш Президентінің стра­­тегиялық салмақты бастамалары өз өзектілігін жоғалтқан емес, − деді съезд хатшылығының басшысы. Д.Назар­баева­ның айтуынша, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі діни қайшылықтарды жамылып іске асы­рылған бірқатар жосықсыз лаңкестік әрекеттерден кейін адамзат бүкіл әлемді жайлап алған конфессияаралық сенімнің дағдарысын бастан кешкен уақытпен тұспа-тұс келді.

− Өкінішке қарай, экстремизм, терро­ризм мәселелері және зорлық-зомбы­лықтың өзге де түрлері әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Алайда, бүгінгі күні мұндай актілерді қоғамға іріткі салуды көздейтін мақсатына жете алмайды деп сеніммен айта аламыз, − деді Д.Назарбаева.

Жиында сөз алған  орыс православие шіркеуі Мәскеу патриархатының сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің дінаралық байланыс хатшысы, дін қызметшісі Димитрий Сафонов Қазақстан діни бір­лестіктер үшін ортақ алаңға айналғанын атап өтті.

– Соңғы екі жылдың ішінде Сирияда­ғы қақтығыстарды реттеуде Қазақстанның қосқан үлесін ерекше атап өту керек. VI съездің қатысушысы ретінде Нұр-Сұлтан қаласында әртүрлі дін өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік туып отырғанын айтқым келеді. Діни алауыздық өршіп тұрған кезеңде, өзге дін өкілдері бірін-бірі кемсітіп, басқаның сенімінен қандай да бір қателік іздеу сынды әрекеттерге бой алдырып жатады. Мұның барлығы діни білімнің жетіспеушілігінен туындап отыр, − деді Д.Сафонов.

Бейбітшілік дейтін ұлы ұғымның аясына топтасуға Қазақ елінің бастамашы болып, әлемдегі діни конфессиялардың ортақ диалог алаңына айналуы жиын барысында бірнеше рет айтылды. Сауд Арабиясы корольдігінен келген Дүниежүзілік ислам лигасының өкі­лі, Әбдулазиз Ахмад Сархан ортақ алаң­дағы әр кездесудің соңында  діни өкіл­дердің ынтымақтастық көкжиегі кеңейе түсетінін жеткізді.

− Біздің баршамызды біріктіретін
ортақ үйіміз – жер шары. Бүгінгі бас­тама үлкен жұмыстың іргетасы. Не­гіз­гі мақсатымыз әлемде болып жат­қан түрлі діни қақ­ты­ғыстарды еңсеруге жұ­ды­рықтай жұмылу болмақ. Діни қақ­тығыстар мен қауіп-қатерлер қара бұлттай үйірілген елдердегі тұрғындардың ты­ныштығы бұзылып, берекесі кетті. Осы­дан төрт ай бұрын Дүниежүзілік ислам лигасы Меккеде конференция өткі­зіп, оған  195 елден 1200-ге жуық ислам дінінің өкілдері қатыс­қан. Бұл басқосуда қабылданған деклара­ция барша мұсылман қауымға жолдан­ған үндеумен пара-пар. Онда әлемдегі бей­біт­шілікті сақтау, түрлі сенім мен көз­қарастағы адамдардың өзара бітімгер­лікте болуы, терроризмге қарсы тұру жә­не төтеп беру мәселелері қаралды, − деді Дүниежүзілік ислам лигасының өкілі.

Ислам атын жамылғандардың арам пиғылы талай қантөгістің орын алып, жазықсыз жандардың зардап шегуі­не басты себеп. Бұл ойды тек ислам дінінің өкілдері ғана емес, өзге діни қауым­дастықтар да ашық айтуда. Дүниежүзілік лютеран федерациясының өкілі, Қазақ­стандағы Інжіл-лютеран шіркеуінің архиепископы Юрий Новгородов экстремизм мен терроризмді ислам дінімен байланыс­тыру орны толмас олқылық, орасан зор қателік екенін айтты. 

− Баршамызға аян, белгілі бір күш­тердің ықпалымен ислам дінін арандату мақ­сатында дінді құрал ретінде пайдаланып отырғандар бар. Олар өздерінің арам пиғылдарын сол арқылы жүзеге асыруда. Бұл мәселені әрбір дін өкілі жан-жақты ой елегінен өткізіп, сараптап қоғам үшін аса маңызды болып табылатын дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс­тіміз, – деді  Ю.Новгородов. Оның ай­туын­ша, әрбір елдегі қоғамның жат ағым­ның жетегіне еру фактілері діни білім­нің таяздығы, білместікке бой алдыру­дың салдары.

Басқосу барысында жиынға қатысушы діни қауымдастық өкілдері тарапынан сан түрлі ұсыныс-тілек айтылды. Оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің әнұранын шығару туралы ұсыныс та бар. Бұл ұсынысты «Сомайя Бахаратия Санкрити Питам» үнді мәдени орталығының директоры Кала Дхананджей Ачария білдірді. Сонымен қатар съезд хатшылығының мүшелеріне «Ерікті елші» атағын беру туралы сөз болды.

Жұмыс тобының барлық мүшелері конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Назарбаев орталығымен, серіктес елдердегі беделді халықаралық ұйымдармен, ірі діни орталықтармен ынтымақтастықты нығай­туға дайын екендіктерін білдірді. Барлық қаралған ұсыныстар 2021 жылдың 15-16 маусым аралығына жоспар­ланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының VІІ съезінде жүзеге аспақ. Оған дейін  2020 жылдың 3 маусымында съезд хатшылығының ХІХ отырысын өткізу бекітілді.

Жиын соңында съез хатшылығының жұмыс тобы арнайы құжат бо­йын­ша Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін мәңгі есте қалдыруды ұсынды. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзіл­хановтың мәлімдеуінше, жұмыс тобының барлық мүшелері бір ауыздан съездің бірегей екендігін және келесі VІІ съезд 2021 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс өтетіндігін, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеяларының әлемдік бей­бітшілікті нығайтудағы үлесін айрық­ша атап өтті. Осы орайда, вице-ми­нистр аталған жұмыс тобы тарапынан Елба­сының съезд жұмысын ілгері­летудегі ерен еңбегін арнайы құжат арқы­лы мәңгіге есте қалдыру туралы ұсыныс болғанын айтты. Аталған құжатты 2021 жылы өтетін VII съезде қабылдау жос­парлануда.