Жыл сайын жетекші экономистер, қаржыгерлер, мемлекеттік саясат, инженерлік және нақты ғылымдар өкілдері өзекті мәселелерді талқылайды. Мәселен, бір жыл бұрын Малайзияда басты назар технологияға аударылса, осы жылы сарапшылар бәсекеге қабілеттілік мәселелерін таңдап отыр.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев саммиттің тақырыбының өзектілігі туралы айта отырып, соңғы онжылдықта өмірдің түрлі салаларындағы маңызды өзгерістерді де атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар кеңінен енгізіліп жатқанымен, жұмыс орындарының қысқаруы да қатар жүріп келеді. Сондай-ақ экономикалық бағыттар өзгеруде, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық кеңейе түсуде, сауда мен әскери қақтығыстар да жалғасып жатыр.
Бірқатар дамыған елдерде аталған сын-қатерлердің шешімін табу мақсатында бизнес, университеттер мен ғалымдар өзара ынтымақтаса отырып, бәсекеге қабілеттілік кеңестері жұмыс істейді. Осындай тұрақсыздық жағдайында бұл кеңестердің рөлі маңызды. Өйткені бұл халықтың экономикалық дамуы мен өркендеуін қамтамасыз етеді.
«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының мақсаты – елдің тұрақты өрлеуіне және бәсекеге қабілетті ұлттың дамуына ықпал ету. Сондықтан, біз, Елбасының тапсырмасымен бірнеше жобаны іске асырып жатырмыз. Соның бірі – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тұрақты инклюзивті өсудің әлеуметтік-экономикалық моделі бойынша мемлекетке ұсыныстар әзірлеу жөніндегі ғылыми жоба. Осылайша, қор ретінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелерімен айналысамыз», деді қордың атқарушы директоры Ә.Исекешев.
Ал бәсекеге қабілеттік бойынша Жаһандық кеңестер федерациясының атқарушы директоры Роберто Альварездің айтуынша, әлемдік қоғамдастық үшін Орталық Азияның даму бағыттарын көру өте маңызды. Өйткені бұл аймақтың әлеуеті зор. Қазақстан – аймақтағы ең қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Қазіргі экономикадағы барлық қолда бар ресурстарды жұмылдыру арқылы ұлттың болашағы мен оның бәсекеге қабілеттілігін құру тиімді. «Мен Қазақстанның инновация тұрғысынан қарқынды дамып келе жатқан ел екенін білемін. Келешек ұрпаққа жақсы білім беріп, инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалуда. Мұның бәрі оң өзгерістерге бағытталған», деді Р.Альварез.
Саммитке қатысушылар мемлекетте жүргізіліп жатқан реформалар туралы оң пікірлерін білдірді. Сонымен бірге әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық жағдайды ескере отырып, олар бұрын қабылданған бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру қажеттігін жеткізді. Бұл Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамы, жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде 30 дамыған елдердің қатарына кіру шаралары.
Осыған орай Ә.Исекешев шетелдік сарапшыларға Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қандай қиындықтар мен кедергілерге тап болғанын, егемендік алған алғашқы кезеңде мемлекетте гиперинфляциямен қатар бюджеттің өткір тапшылығы болғанын, жұмыссыздар саны
2 миллионға жеткенін, 130 қазақстандық кәсіпорын жұмысын тоқтатып, ІЖӨ 61%-ға төмендегенін еске салды.
«Дегенмен, Елбасы бастаған реформалар арқылы біз маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. ІЖӨ 11 млрд доллардан 170 млрд долларға дейін өсті (барлық Орталық Азия елдерінің жиынтық көрсеткіші 60 млрд-қа аз). Елге 300 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Елдегі өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Қазақстан ТМД кеңістігінде алғашқы болып адам капиталын дамыту мен тарту бойынша «Болашақ» сияқты бағдарламаларды жүзеге асырды. Оның аясында 10 мыңнан астам маман оқытылды», деді Ә.Исекешев.