Саясат • 19 Қыркүйек, 2019

Бәсекеге қабілеттілік – басым бағыт

655 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі Жаһандық кеңестер федера­циясының өкілдері елімізде бас қосты. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласындағы жаһандық инновациялық саммитке 16 елден 200-ден астам қатысушы, соның ішінде 50 халықаралық сарапшы жиналып отыр. Бұл биыл оныншы мәрте әрі Орталық Азияда тұңғыш рет өткізіліп отырған кездесу.

Бәсекеге қабілеттілік – басым бағыт

Жыл сайын жетекші экономистер, қаржыгерлер, мем­ле­кет­тік саясат, инженерлік жә­не нақты ғылымдар өкіл­дері өзек­ті мәселелерді талқы­лайды. Мә­селен, бір жыл бұрын Малайзияда басты назар технологияға аударылса, осы жылы сарапшылар бәсекеге қабілеттілік мәселелерін таңдап отыр.

Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президенті – Елбасы қо­рының атқарушы директоры Әсет Исекешев саммиттің тақы­ры­бының өзектілігі туралы айта отырып, соңғы онжылдықта өмірдің түрлі салаларындағы маңызды өзгерістерді де атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар кеңінен енгізіліп жатқанымен, жұмыс орындарының қысқаруы да қатар жүріп келеді. Сондай-ақ экономикалық бағыттар өзгеруде, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық кеңейе түсуде, сауда мен әскери қақтығыстар да жалғасып жатыр.

Бірқатар дамыған елдерде аталған сын-қатерлердің шешімін табу мақсатында бизнес, университеттер мен ғалымдар өзара ынтымақтаса отырып, бәсекеге қабілеттілік кеңестері жұмыс іс­тейді. Осындай тұрақсыздық жағ­дайында бұл кеңестердің рөлі маңызды. Өйткені бұл ха­лықтың экономикалық дамуы мен өркендеуін қамтамасыз етеді.

«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының мақсаты – елдің тұрақты өрлеуіне және бәсекеге қабілетті ұлттың дамуына ықпал ету. Сондықтан, біз, Елбасының тапсырмасымен бірнеше жобаны іске асырып жатырмыз. Соның бірі – ел­дің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру, тұрақты инклюзивті өсу­дің әлеуметтік-экономикалық мо­делі бойынша мемлекетке ұсы­ныстар әзірлеу жөніндегі ғылыми жоба. Осылайша, қор ретінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелерімен айналысамыз», деді қордың атқарушы директоры Ә.Исекешев.

Ал бәсекеге қабілеттік бо­йын­ша Жаһандық кеңестер фе­дера­циясының атқарушы дирек­торы Роберто Альварездің ай­туын­ша, әлемдік қоғамдастық үшін Орталық Азияның даму бағыт­тарын көру өте маңызды. Өйт­­кені бұл аймақтың әлеуеті зор. Қазақстан – аймақтағы ең қар­қынды дамып келе жатқан мем­лекеттердің бірі. Қазіргі эко­но­микадағы барлық қолда бар ресурстарды жұмылдыру арқы­лы ұлттың болашағы мен оның бә­секеге қабілеттілігін құру тиімді. «Мен Қазақстанның инновация тұрғысынан қарқынды дамып келе жатқан ел екенін білемін. Келешек ұрпаққа жақсы білім беріп, инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалуда. Мұның бәрі оң өзгерістерге ба­ғытталған», деді Р.Альварез.

Саммитке қатысушылар мем­лекетте жүргізіліп жатқан реформалар туралы оң пікірлерін білдірді. Сонымен бірге әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық жағдайды ескере отырып, олар бұрын қабылданған бағдар­ла­маларды іске асыруды жалғастыру қажеттігін жеткізді. Бұл Ұлт жос­пары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамы, жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде 30 дамыған елдердің қатарына кіру шаралары.

Осыған орай Ә.Исекешев ше­телдік сарапшыларға Қазақ­стан­ның тәуелсіздік жылдарын­да қандай қиындықтар мен кедер­гілерге тап болғанын, егемендік алған алғашқы кезеңде мемлекет­те гиперинфляциямен қатар бюджеттің өткір тапшылығы бол­­ғанын, жұмыссыздар саны
2 мил­лионға жеткенін, 130 қазақ­стандық кәсіпорын жұмы­сын тоқ­татып, ІЖӨ 61%-ға төмендегенін еске салды.

«Дегенмен, Елбасы бастаған реформалар арқылы біз маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. ІЖӨ 11 млрд доллардан 170 млрд дол­ларға дейін өсті (барлық Орта­лық Азия елдерінің жиынтық көрсеткіші 60 млрд-қа аз). Елге 300 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Елдегі өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Қазақстан ТМД кеңіс­тігінде алғашқы болып адам капи­талын дамыту мен тарту бойынша «Болашақ» сияқты бағдарламаларды жүзеге асырды. Оның аясында 10 мыңнан астам маман оқытылды», деді Ә.Исекешев.