Атап айтқанда, мұндай шолулар ХХ ғасырдың 30-жылдары Ф.Рузвельттің президенттік кезінде АҚШ «Ұлы дағдарысты» бастан кешірген уақытта қалыптасты. Рузвельт Ақ үйге келісімен дағдарысқа қарсы бірқатар шұғыл шараларға мұрындық болып, 100 күннің ішінде 15 заңнамалық акт қабылдаған болатын. Дағдарысқа қарсы бағытталған бұл шаралар әйгілі «Жаңа бағыт» бағдарламасының негізін қалап, кейінгі жылдары Ф.Рузвельттің америкалықтар арасындағы жоғары абыройы мен беделінің басты себебіне айналды. Міне, осыдан кейін президенттіктің алғашқы 100 күндігі жаңа сайланған әкімшіліктің тиімділігін таразылайтын тетігі ретінде қарастырылады.
Егер осы тұрғыдан қарасақ, онда Қазақстанның жаңа Президенті қоғамдағы жүйелі мәселелерді шешуде бірқатар тиімді әрі батыл қадамдар жасап үлгергенін айтуымызға болады.
Біріншіден, қызметіне кіріскен алғашқы сәттерінен-ақ жаңа Президент билік пен қоғам арасындағы тікелей байланыс құру қажеттілігін анық байқатты.
Мемлекет басшысы лауазымындағы бірінші күндерінен бастап Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғаммен тікелей диалог орнатуға ниетті екенін жалпақ жұртқа жария етті. Осы ретте Қ.Тоқаевтың алғашқы іргелі бастамаларының бірі ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы ұсынысын ерекше атап өткен жөн. Бұл бастама мемлекет дамуының ең өзекті мәселелері бойынша қоғаммен тікелей сұхбат орнату үшін аса маңызды.
Екіншіден, Арыс қаласындағы төтенше оқиға кезінде Қ.Тоқаев әкімшілігінің тиімді әрекеттерін атап өткеніміз жөн. Биліктің шұғыл әрі тиімді қадамдары мен барша отандастарымыздың белсенді атсалысуы арқасында қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру жұмыстары сәтті аяқталған болатын.
Бұдан бөлек, жаңа Президенттің алғашқы қадамдарын бағалаған кезде, саяси билік транзитінің қалыпты өтуінің маңыздылығын ескергеніміз жөн. Биліктің заңды және өркениетті жолмен ауысуы – бүкіл саяси жүйе тұрақтылығының басты көрсеткіштерінің бірі екенін ұмытпауымыз қажет. Әсіресе Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін өзектілігі жоғары мәселе. Осы тұрғыда Қазақстанның болашағы үшін Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын сақтап, тұрақтылығын қамтамасыз ету өте маңызды.
Мұның айқын үлгісі ретінде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын атап өтуге болады. Жолдаудағы басымдықтар Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік бағытымен біте қайнасқан. Бұлар – тиімді әрі ашық үкіметті қалыптастыру, ШОБ-ты қолдау және шикізаттық емес экспортты ынталандыру, агроөнеркәсіп кешенін, әлеуметтік саланы және аймақтарды дамыту және т.б.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – сыртқы саясаттағы сабақтастықты сақтау. Ол Қазақстанның халықаралық абыройы үшін үлкен маңызға ие. Егер Қ.Тоқаевтың алғашқы сыртқы саяси қадамдарына көз жіберетін болсақ, олардың тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан көпвекторлы сыртқы саясатының негізгі басымдықтарымен тығыз байланыста екенін көруге болады.
Ержан САЛТЫБАЕВ,
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік
экономика және саясат институтының директоры