Сәт Бесімбайұлы үкіметтегі жоғары лауазымды шенеуніктердің арасындағы құзыры ауқымды саяси басшы ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің және оның халқы алдында ерекше жауапкершілікті жүктейтін Ұлттық қауіпсіздік органдары, Президент Күзеті қызметі, Республикалық Ұлан, Қарулы Күштер сияқты негізгі күштік құрылымдардың қолбасшысы ретінде еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті мемлекеттік қайраткер. Тәуелсіз Қазақ елінің қалыптасу жылдарында бірнеше әскери ведомстволарды жаңадан құру үшін оның Жарғысын, Ережелерін, басқа да көптеген нормативтік заң актілерін жасау, кадр мәселесін шешу сияқты ауқымды жұмыстарды бір жүйеге келтіру оңай болған жоқ. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы қызметін барлаушы болып бастаған генерал-полковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев мемлекеттік деңгейдегі осындай ірі лауазымдарды абыроймен атқарды. Кеңес өкіметі кезінен бергі талай аумалы-төкпелі ауыспалы заманда кісілік келбетін жоғалтпаған, саяси, экономикалық қиындықтар кезінде өзінің позициясын берік ұстанып, әрқашан тығырықтан шығатын жол тапқан, көпті көрген ел ағасы туралы айтатын әңгіме де көп.
Қай қызметте жүрсе де өз міндетін адал, тиянақты атқарып, қандай да маңызды тапсырмаларды сәтті аяқтайтын қасиет Сәт Бесімбайұлына әкесі азан шақырып қойған есімімен байланысты сияқты. Алматының түбіндегі Қарғалы деген ауылда баяғыда Сәт есімді абыройлы, елдің алғысына бөленген, қолы ашық мырза болыс болған екен. Жұрт оны «жалғыз атты болыс» деп атаған. Себебі қорасына біткен малды келген қонақтарға сойып, кедей-кепшіктерге таратып беретін көрінеді. Тек астындағы жалғыз аты белдеуде байлаулы тұрады екен. Қазақ ырымшыл емес пе. «Түрксіб» теміржолының алғашқы қадаларын қаққан байырғы теміржолшы Бесімбай ІІ дүниежүзілік соғыс басталған жылы дүниеге келген ұлына осы болыс сияқты елінің қамын ойлайтын үлкен азамат болсын деп ырымдап атын Сәт деп қойыпты. Содан болар оның өміріндегі әрбір бастамасы сәтті болды. Мектепті бітіргеннен кейін 1956 жылы жас жігіт еңбек жолын Алматы облысы Іле ауданындағы «Комсомол» ұжымшарында жұмысшы болып бастады. Бір жылдан кейін
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп шыққан жас заңгер Алматы облыстық прокуратурасының тергеушісі болып қызметке кірісті. Сол жылдың күзінде КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдарына қызметке шақырылып, Минск қаласындағы арнайы мектепке оқуға жіберілді.
Оқуды бітіріп елге қайтқан жас лейтенантты МҚК-де жаңадан ашылған барлау бөліміне шақырды. Сол кездегі Барлау бөлімінің басшысы Әбдіғали Байғариннің ұсынысымен Мәскеудегі барлау мектебіне оқуға кандидат ретінде аттанды. Мәскеуде білім деңгейі, өжеттігі, төзімділігі, тапқырлығы, есте сақтау қабілеті, психологиялық дайындығы, қиын-қыстау кездерде жол табу, барлау жұмыстарына жарамдылығы сияқты кандидаттардың әртүрлі қасиеттерін анықтайтын жан-жақты сынақтардан сүрінбей өтіп, Мәскеудегі барлаушылар дайындайтын мектепке қабылданды. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі жанындағы Жоғары дипломатиялық мектебін бітіріп, үш жылдың ішінде қытай және ағылшын тілдерін жетік меңгерді, ІІ-ші хатшы деген дипломатиялық дәрежеге ие болды. Ұзақ жылдар сыртқы барлау желісі бойынша жедел жұмыстарда болды. Өз ісіне тыңғылықтылығы, практикалық жұмыстарда жинақтаған тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті Сәт Тоқпақбаевтың қызметтік баспалдақтармен жоғары өрлеуіне, Қазақстанның күш құрылымдарындағы маңызды лауазымдарға жол ашты.
Сәт Тоқпақбаев 1986-1993 жылдарда – Алматы облысы бойынша Қазақ КСР МҚК басқармасының бастығы, республика МҚК орталық аппаратында басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 1993 жылы Сәт Тоқпақбаев ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, одан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҰҚК төрағасы болып тағайындалды. Бұл тәуелсіздігін енді алған жас мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінің басы болатын. Ең бастысы, кадр тапшылығы қатты сезілді. Көптеген қызметкерлер өздерінің тарихи отандарына қайтты. Өзіміздің мамандар болса әлі де қалыпқа түсіп ысыла қоймаған, тәжірибесі жоқ. Осыған байланысты Сәт Бесімбайұлының арнайы қызметтің жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысын жоғары жақ қолдап, Алматыда МҚК қызметкерлерін дайындайтын академия ашылды. Алайда, мұнда да көптеген қиындықтар алдан шықты, бұрыннан қалыптасқан оқу базасы, оқытушы-профессорлар құрамы болмағандықтан барлығын нөлден бастау керек болды. Дегенмен, Сәт Бесімбайұлының тікелей араласуымен барлығы біртіндеп орнына келді. Бүгінде бұл академия Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белді оқу ордасына айналған. Сонымен қатар Ресейдегі әріптестерімен жақсы қарым-қатынас орнатуының арқасында барлаушыларды Мәскеу тегін оқытатын болып келісті. Осы жылдарда Сәт Тоқпақбаев көп елдер әлі де жақсы біле бермейтін, әлемдік картадан енді ғана ойып орын алған Қазақстан Республикасының дербес қауіпсіздік қызметін таныстыру мақсатында Ресейден басқа АҚШ, Қытай, Германия елдерінде ресми сапарлармен болып, көптеген мәселелердің басын ашып алды, екі жаққа да тиімді ортақ келісімдер жасады.
Сәт Тоқпақбаев 1995 жылдың қараша айынан 1997 жылдың наурызына дейін – ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы – ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы міндетін атқарушы болып екі бірдей басшылық лауазымды бірге алып жүрді. Екеуі де жаңадан құрылған ведомство болғандықтан сүрленген соқпақпен емес, тыңға түрен салып жаңа жолмен жүру керек болды. Сәт Бесімбайұлы екі жауапты саланың атқаратын қызметін, бағыттарын айқындап, қалыптастырып кетті.
«Бұл табандатқан екі жылдай уақыт еді. Екі жыл өзіме де үлкен мектеп болды. Олай дейтін себебім – Тәуелсіз Қазақстанның өз алдына мемлекет болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Қиыншылық шаш етектен. Басына тартсаң аяғына, аяғына тартсаң басына жетпей жатқан тапшылық дүние. Гвардия қолбасшысы кезінде Ұланды жасақтаумен қатар Президент күзеті қызметінде де бірқатар игі бастамаларды бастап кеткен едік. Президент іссапарға шығатын кезде ол кісінің баратын жері, кіммен жолығатыны, келіссөз қанша уақытқа созылатыны, қай жерде, қашан өткізілетіні туралы мәліметтер жинап Елбасының алдына қою біздің міндетіміз болды. Сапарға бару, қайту қауіпсіздігін қадағалау ісі де негізгі міндетімізге кірді. Ең әуелі Президент күзеті туралы жарғыны жазып, Ережені бекіту керек болды. Күзетке алынатын тұлғалардың жақын маңайындағыларды да мұқият тексеру керектігі тұңғыш рет осы Жарғыға енгізілді. Осы құжатты екі түн отырып өзім жазып шықтым. Мемлекеттік тілге аударттым. Осы құжаттар туралы білігі мол кісілерден ақыл сұрап тағы біраз жерін түзетіп талқыға салдым. Ақыры Президенттің күзет қызметінің жұмысы бір жүйеге түсіп, кәдуілгідей басы бар, аяғы бар тәртіпке бағынатын үлкен ұйымға айналды», деп жазады өзінің естелігінде.
Осындай маңызды, жауапкершілігі мол екі ведомствоны құрып, аяғына тұрғызған алпыс жастағы генерал енді отставкаға шығуды жоспарлап жүрген. Алайда, Елбасы білікті басшының мол тәжірибесін әлі де пайдалану керек деп ұйғарып, 1999 жылдың қазан айындағы Жарлығымен Сәт Тоқпақбаевты Қазақстан Қорғаныс министрі қызметіне тағайындады. Қорғаныс саласында оны ешкім қол шапалақтап, құшағын ашып қарсы алған жоқ. Тағы да барлығын басынан бастап, тұралаған саланы көтеру керек болды. Бұл кезде еліміздің экономикасы, тұрмыс-жағдайы, әл-аухаты нашар, кейбір өңірлерде электр жарығы, тіпті азық-түлік тапшылығы қатты сезілетін. Қорғаныс саласына барған бас қолбасшы осындай жағдайға тап болды. Қаражаттың жоқтығынан, басқасын былай қойғанда, министрдің кабинетіндегі үш телефон да жұмыс істемейді екен. Әскердегі жеке құрамның 29,7 пайызы тері ауруына шалдыққан, өйткені жуынатын, қажетті гигиеналық заттар, дезинфекция жасайтын медикаменттер жоқ. Әскердің үштен бір бөлігі саптан шыққан. Әскерилердің жалақы алмағанына екі-үш ай болған, зейнеткерлер зейнетақыларын ұмытуға айналған. Жауап – қаражат жоқ. Оның алдында министр болған Қасымовтан кезінде қатты қаусырап қалған Қарулы күштерді қалпына келтіру үшін Сәт Тоқпақбаевтың қаншама күш-жігер жұмсағанын көпшілік біле бермейді. Ол алдымен сарапшылар тобын құрып министрліктегі қаржыландыру мөлшері қандай, неге мұқтаж екенін білуді тапсырды, содан кейін ақшаның қайда кетіп жатқанын, қандай мұқтаждыққа жұмсалып жатқанын тексерткізді. Нәтижесінде осындай қатерлі олқылықтарға ешқандай шара қолданбай жайбарақат жүрген орынбасарлардан бастап бірқатар жоғары лауазымдағы сардарлар қызметтен алынды.
Сол жылы қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінде Қарулы күштерді реформалау мәселесі қаралды. Біраз гарнизондарды аралап жағдайларымен танысқан Қорғаныс министрі Елбасы өткізетін осы отырысқа ішкі жағдайды жақсы білетін үш кәсіби генералды өзімен бірге алып барды. «Бұлар шындықтан хабардар, қиын ахуалды жете түсінетін генералдар. Мәселен, Әуе күштерінің 98 пайызы жұмыс істемейді. Жаяу әскерлер екі жылға шақырылады, бір рет те мылтық атпайды, киімдері де жаңа емес, әйтеуір тамақ ішеді. Танктердің барлығы тоқтап тұр. Артиллерия да сондай жағдайда. Әрбір сала 98-99 пайызға жұмыс істемейді. Жалақы мүлде төмен. Осыған сүйеніп Қазақстанда Қарулы күштер мүлде жоқ деп айтамын» деп мән-жайды толықтай жайып салды. Осыдан бастап Қазақстан әскерилерінің жалақысы өсті. ТМД елдеріндегі ең жоғары жалақыға жетті. Сардарлар жаңа пәтер ала бастады. Сәт Тоқпақбаев Қорғаныс министрлігін басқарған жылдары әскери Доктрина қабылданып, көп мәселелер оң шешілді.
Құрыштан құйылған қанжардың жүзі қайтпайды. Жастайынан темірдей тәртіпке үйренген, адамдық пен адалдықты ту етіп ұстаған Сәт Бесімбайұлы жасы жетпістен асқанша аттан түскен жоқ. 2001 жылдың желтоқсан айынан ҚР Президентінің кеңесшісі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің қызметі жөніндегі комиссияның төрағасы – ҚР Президеті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссиянын төрағасы, 2002 жылы – «Еуро-Азия Эйр Интернэшнл» ААҚ Халықаралық еуразиялық әуе компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2007-2011 жылдары – Парламент Мәжілісінің 4-ші шақырылым депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. Сәт Тоқпақбаев күштік құрылымдар саласындағы ерен еңбегі үшін «Даңқ», «Барыс» ордендерімен, 14 медальмен марапатталған. «Отан қорғаушы» номинациясы бойынша 2000 және 2001 жылдары «Жыл адамы» (Алтын Адам) атағына ие болды.
Еліне қалтқысыз қызмет етіп, бірнеше ведомстволарды басқарған, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің үзеңгілес серігі болған аңыз адам туралы жазатын дүниелер өте көп. Сәт Тоқпақбаевтың Қазақ еліне сіңірген еңбегі, артына қалдырған іздері, игі істері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала береді. Біз, Сәт Бесімбайұлының қарамағында қызмет еткен әріптестері, одан сабақ алған кейінгі буын оны білікті басшы, тәлімгер ұстаз, жаны жайсаң аға ретінде құрмет тұтып, барлық жағынан оған ұқсауға тырысамыз.
Әділ ШАЯХМЕТОВ,
Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы директорының орынбасары,
генерал-лейтенант