Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2019

Батыс Қазақстанда «Бақытты отбасы» көбейеді

553 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алғашқы тұрғын үй несиелері беріле бастады.

Батыс Қазақстанда «Бақытты отбасы» көбейеді

Қоныстой тойлаушылардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар бар. Оларға берілген «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» несиесінің жылдық пайызы 2% болса, алғашқы жарна көлемі пәтердің жалпы құнының 10%-ынан аспайды.

Қазіргі таңда банкке Батыс Қазақстан облысынан 112 несие өтініші түскен болса, соның 52-сі қолдау тапты.

Алғашқылардың бірі болып өтініш берген Нұргүл Қондыдаева Тасқала ауданында тұрады. Ол отағасымен бірге 6 бала тәрбиелеп өсіріп отыр. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеңілдікті несиесі арқылы 7 млн 304 мың теңгенің пәтеріне ие болған отбасы ай сайын 38939 теңге несие төлейтін болады.

- «Бақытты отбасы» бағдарламасының арқасында Орал қаласынан 3 бөлмелі пәтерге ие болдық. Бұл біздің отбасы үшін үлкен қуаныш. Мемлекеттің мұндай қолдауы болмаса, пәтер ала алмас едік, - дейді Нұргүл Қондыдаева.

Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жаңадан салынған пәтермен қатар бұрын пайдаланылған пәтерді немесе жеке үйді де алуға болады. Өңірдегі несиенің ең жоғарғы 10 млн теңге. «Бақытты отбасы» бағдарламасы 2021 жылға дейін жүргізілмек.

 

Батыс Қазақстан