Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2019

Өзбекстанның Бас Консулдығы тәуелсіздіктерінің 28 жылдығын Алматыда атап өтті

869 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бауырлас Өзбекстан халқының тәуелсіздік мерекесіне арналған қабылдауға Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласының өкілдігі, Алматыда тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус өкілдігі қатысты. Мерекелік шара Алматыдағы дипломатиялық консулдықтың жаңа  ғимаратында өтті. Өзбек консулдығының әрекет ету аясына Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы және Шымкент қаласы енеді екен.  Өзбек ағайындар Алматы консулдығының жұмысына ерекше мән беріп, оны Қазақстанмен сауда, экономикалық байланыстарында флагман ретінде қарастыра бастапты.    

Өзбекстанның Бас Консулдығы тәуелсіздіктерінің 28 жылдығын Алматыда атап өтті

Алғашқы болып сөз алған Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев мырза осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 31 тамызында іргесі сөгілген Кеңес үкіметінен бөлініп шығып, дербес елдігін, егемендігін жариялаған Өзбекстанның тарихынан сыр шертіп, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне де тоқталып өтті.

«Қазіргі уақытта Өзбекстан белсенді де табысты сыртқы саясат жүргізіп келеді. Әсіресе, өзбек-қазақ қатынасы достық пен бауырластықтың беріктігінің арқасында барлық бағыттар бойынша тұрақты дамуда. Біз қай уақытта да Қазақстанмен өзара тиімді және стратегиялық әріптестіктің кеңейе түсуіне мүдделіміз», деген елші С.Ниязходжаев екі ел арасындағы ықпалдастық шаралары сенімге құрылғанын атап өтті.

Одан әрі елші мырза Өзбекстан постекеңестік кеңістіктегі өзге де елдер секілді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылу мен қалыптасудың күрмеуі күрделі қиыншылықтарын еңсергенін қонақтардың есіне салып өтті. Бүгінде өзбек елі  дамудың айқын бағытын бағдарлаған елдердің қатарына қосылды.

Екі ел арасындағы тарихи сабақтас мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдету мақсатында 2018 жыл - Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланған болатын. Жыл бойы 200-ге жуық түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, маңыздылығы жоғары келісімдерге қол жеткізілді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынастың тамыры тереңде екені сөзсіз. Екі елді тілінің, дінінің, тарихы мен тағдырының ұқсастығы ғана емес, біртұтастығы біріктіреді. Сондай-ақ, екі елдің шекаралас аймақтары арасындағы сауда-экономикалық байланыс аясы да жылдан жылға кеңейіп келеді. 2019 жылы Өзбекстанмен арадағы тауар алыс-берісі 50 пайызға дейін өсіп, 3 миллиард доллардан артып жығылған.

«2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 миллиардқа дейін жеткізу жоспарланып отыр» деп атап өтті С.Ниязходжаев.

­Өзбек жағы бұл белесті бағындыру үшін Өзбекстанда  құрастырылған жеңіл және жүк автокөліктерінің, автобустарының, ауыл шаруашылығы техникаларының экспортын арттырмақ. Өзбек ағайындар тіпті  өз автокөлік маркаларын шашылған күйде әкеліп, Қазақстан жерінде жинастыруға дайын отыр екен.

Өзбекстан елшілігі Алматы қаласындағы Бас консулы  А. Фатхуллаев  бізбен әңгімесінде азамат ретінде, елші ретінде Қазақстанда,  Алматыда өз елінде жүргендей еркін сезінетінін айтты. «Бұл ретте мен жолы болған елшімін. Біздің тарихтарымыздың әрбір қалтарысынан бір кездері түбі- тегі бір халықтан тарағанымызды еске салып тұратын факторлар көп  », деп атап өтті А.  Фатхуллаев.

Алматы қаласы мен Түркістан облыстары Қазақстанмен алыс –берісінде ерекше орын алатынын айтты. 2017 жылы Түркістан облысы  Өзбекстан Республикасындағы бірқатар облыстармен ынтымақтастық туралы меморандум жасаған болатын.

Екі ел 28 жыл ішінде өзара бірқатар келісім жасасқан. Соның ең бастылары «Мәңгілік достық» және «Стратегиялық серіктес» туралы шарттары. Осы құжаттар негізінде бүгінгі күні Қазақстанда 800-ден астам кәсіпорын өзбек капиталының қатысуымен жұмысын істеп келеді.

Өз кезегінде Бас консул А.Фатхуллаев осы жобалардың екі елдің экономикалары үшін маңыздылығын атап өтті. Түркістан аймағының қазақстандық және өзбек компанияларының қатысуымен бірлескен жобаларды дамыту үшін үлкен әлеуетке ие екенін жеткізді. Екі елге ортақ мақта шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында да арнайы жоба әзірленіп жатыр. Соның негізінде кооперациялық кластер құрылып, мақтаны егуден бастап терең өңдеуге дейінгі барлық әрекеттерді бірлесіп атқару қолға қолға  алынбақ.

Мерекелік шараға қонақ ретінде шақырылған Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласының өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов  тұз-дәмін ұсынып, ыстық ықылас танытып отырған  өзбек әріптестерін   Сыртқы істер министрлігі және өз атынан Тәуелсіздік мересімен құттықтады.  2019 жылдың алғашқы жартысында біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 600 млн АҚШ долларынан асқаны  туралы мәлімет те  Алматы қаласының өкілдігінің басшысының назарынан тыс қалмады. «Алматыда бірлескен 129 және 236 өзбек кәсіпорын жұмыс істейді. Өзбекстанның 17 пайыз экономикасы Ташкент қаласының үлесінде.  Біздің елдеріміз аарасындағы байланыста Алматы мен Ташкент қалаларының әлеуеті зор болмақ. Сондықтан, біздің тарап сіздермен тәжірбие алмасуға қашанда дайын» деп атап өтті  Алматы қаласының өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов. 

Өзбекстанның тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған шарада қонақтарға өзбектің ұлттық дастарханынан дәм ұсынылып, салтанатты қабылдау соңы концерттік шарамен жалғасты.