«Ақ алтын» теріміне шыққан жергілікті ауыл тұрғындарына келісіне 30 теңге төленуде. Жиналған өнім «Қарақыр» мақта қабылдау пунктіне өткізілмек. Былтыр ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 69 бекет шаруаларға қызмет көрсеткен болатын. Биыл да бұл өндіріс орындары жиын-терім науқанына дайын. Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен бөлінген 4420 тонна жанар - жағармай шаруаларға таратылуда.
Жалпы биыл мақтааралдық шаруалар 38 мың гектардан аса жерге мақта шитін сепкен. Былтыр ауа-райының қолайсыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, ақ алтыннан 96 мың тонна өнім жиналған-ды. Орташа өнімділік 25 центнерге әрең жеткен болатын. Ал, биыл бұл межеден асу жоспарланып отыр. «Қазіргі таңда мақта алқаптарында жапырақтарды қурату жұмыстары басталып кетті. Аудан бойынша 7842 гектар ғана мақталық алқап дефолиацияланған. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Сондықтан шаруаларға түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізудеміз. Күні кеше ғана аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен дәл осы мәселе бойынша семинар-кеңес өткіздік», - дейді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов.
Науқанға дайындық барысында комбайндарға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қосымша ауданға АҚШ-тан 16 «Джон-Дир» мақта терім комбайны сатып алынған. Жалпы жыл басынан бері мақтааралдық диқандар лизингке және өз қаржыларына 414 миллион теңгеге 40 жаңа техника алған.
Түркістан облысы