Президент • 20 Қыркүйек, 2019

Тұрақтылық, демократия және өзгерістер

359 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентінің мемлекет алдындағы жалпы тенденцияны жете түсінуі оның қаншалықты білікті саясаткер екенінің көрінісі. Ресейлік сая­си ғылымдар кандидаты Эдуард Соловьев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының ерекшелігі жайында өз пікірін білдірді. «Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттігі: алғашқы 100 күн – мақсаттар, қадамдар, тактика» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында сақа сарапшылар 100 күн ішінде атқарылған жұмыстар жайында кеңінен әңгіме өрбітті.

Тұрақтылық, демократия және өзгерістер

Алдымен Э.Соловьев Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қоғамдық-саяси жүйені жаңартуға басымдық беріп, әлеуметтік мәселелердің тұрақты түрде шешімін табуға, нақты нәтижелерге назар аударуын ерекше атап өтті.

− Қазақстан Президентінің жүйелі позициясы мен саясаты сайлау кам­паниясының жұмыс жүргізген кезінен бастап байқала бастады. Оның әсіресе 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жол­дауы менің ерекше есімде қалды. Жол­дау саяси бөлімнен басталады. Қазақстан Президенті – ел алдындағы жал­пы тенденцияны түсінетін үлкен сая­саткер. Сондықтан халықты нақты қандай мәселелер алаңдататынын жақсы біледі. Оны шешу жолдарын да ұсынып отыр, – деді Э.Соловьев.

Саясаткер өз сөзінде Қазақстан Прези­денті елдің жетістіктері мен та­быс­тарын есепке ала отырып, экономикалық реформаларды жалғас­тыруды көздей­тінін айтты. Елді қо­ғамдық-саяси тұр­ғыда жаңғыртпас бұрын, табыс­ты экономикалық реформаларды жүргі­зу мүмкін емес екенін назарға алған Э.Соловьев бұл ретте, азаматтық қо­ғамды дамытуға барынша басымдық беру арқылы халықпен байланысты арттыру, түйткілді мәселелерді шешудің оңтайлы ше­шім­дерін қарастыру – нәтижелі бастама екенін жеткізді.

Дөңгелек үстел модераторы, қазақ­стандық белгілі сарапшы Ерлан Саиров Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшылығына келгеніне 100 күн толуына орай пікір білдіріп, 100 күнде іске асқан бастамалар, басымдық берілген салалар жайында әңгімеледі. Осы 100 күннің ішінде көз алдымызда елдің жаңа саяси тарихы қалыптасып, бір­қатар мәселенің оң шешім табуына мүмкіндіктер туындағанын айт­қан сарапшы кез келген саяси процесс – бұл күрделі әрі ауыр жол, оған сая­си қалаулардың қандай да бір шиеле­ніскен дауларын, қақтығыстар мен қайшылықтар және мүдделерді келістіру арқылы қол жеткізілетінін айтты.

− Тәуелсіздік жылдарында әлеу­мет­тік-экономикалық салада белгілі бір же­тістіктерге қол жеткіздік. Қазақстан әлемдік ядролық қарулануға қарсы қоз­ғалыстың авангарды болды. Этнос­аралық салада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мойын­даған бірегей формат құрылды. Алайда Қ.Тоқаев Президент болатын уақытқа қарай елде көптеген әлеуметтік және қоғамдық проблемалар туындады. Халық пен мемлекет, тіпті биліктің өзі де әлеуметтік сауықтыруды қажет еткені жасырын емес. Қ.Тоқаевтың Президент болуы осындай қызу жағ­дайдан бастау алды. Халық пен билік арасындағы байланысты жандандыру, сенім ұялату үшін тың реформалар мен бастамалар, әсіресе әлеуметтік мәселелерді ретке келтірудің аса қа­жет­тігін байқадық, − деді саясаттанушы. Сонымен қатар Е.Саиров сан түрлі әлеу­меттік мәселелер шиеленіскен тұста  Мемлекет басшысына Президент неме­се шенеунік емес, тең құқылы азамат ретінде ел алдына шығу міндеті тұр­ғанын, адал әрі әділ диалогқа негіз­делген жаңа формат қалыптастыру қа­жеттігі туындағанын айтты.

− Билік қоғамның сұранысы мен тілектеріне құлақ асты. Менің ойымша, қоғамдық сананың тұрақталуына көп жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз күш-жігерінің арқасында қол жет­кізілді. Азаматтар оны қолжетімді көшбасшы ретінде қа­былдады. Сондай-ақ жүйенің өзі эволюциялық жолмен да­муға қауқарлы екенін көрсетті. Эво­люция елдің саяси құры­лы­мының негізгі элементіне айналып келеді. Әлеуметтік сипаттағы белгілі бір тәуекелдердің болғанымен, елдегі қоғамдық-саяси жағдайды ушықтыруға ынталы күштердің бар екенін де назардан шығармау керекпіз. Дегенмен, билік кез келген жағдайды тек бейбіт түрде келісіммен шешу керек еке­нін үнемі назарға алады, − деді ша­ра модераторы. Сөз соңында би­ліктің «ұлттық консенсус» аза­мат­тардың еркіндігі мен құқықтарына сүйенетін «ақылға қонымды қоғамдық шартқа» негізделген жаңа конструкция құруға тырысып жатқаны айтылды. Саясаткер Мемлекет басшысының «100 күнін» тобықтай түйіндегенде – оны тұрақтылық, демократия және өзгерістерге бағытталу сынды ұғымдармен сипаттауға негіз бар екенін жеткізді.

Андрей Чеботарев, саяси ғылымдар кандидаты:

– Елімізде Мемлекет бас­шы­сының ауысуы барлық бағытта өзгеріс орнауына мүмкіндік бермек. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 100 күн ішінде атқарған жұмысы қоғамның дамуына, жандануына бағытталған шаралардың жүзеге асқан 100 күні болмақ. Сол арқылы биліктің транзиті деп аталатын процесс орын алып отыр. Бұл мерзім ішінде Президенттің елдегі жә­не шетелдердегі ұстанымы мен ықпалы күшейе түсті. Әсі­ресе, бұл оның халықаралық деңгейде танылуы тұрғысында аса маңызды болмақ. Өйткені Қазақстанның көптеген сыртқы саяси серіктестері, әсіресе АҚШ, Еуроодақ, Жапония, көрші мемлекеттер Ресей, Өзбекстан және Қытай сияқты алпауыттармен тең дәрежеде келіссөздер жүргізуде ел дамуы үшін, Қазақстаннның жаһандық аренада мойындалуы үшін біліктілік таныту ауадай қажет. Президенттің ел да­муының келешектегі бағытын ай­қындауы, нақты қадамдар жасап, реформалар енгізуі оның ерік­ті ойлай білетінін, Президент ко­мандасының дайындығы мен қарым-қабілетін айқындайды. Әсі­ресе, биліктің демократиялық бағыттағы басымдықтары оң көзқарастың қалыптасуына себеп болуда.

Президент Жолдауының да өзін­дік ерекшеліктері бар. Парла­менттің бірлескен отырысында елдің болашақтағы даму жоспарын жариялау арқылы міндетті жүктемелерді тиісті атқарушы органдарға жеткізді. Бұған қоса, Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің құрылуы елдегі осал салалардың ашық айтылуына, нақты тапсырмалардың орындалуын қадағалауға мүмкіндік бермек. Дәл осы қарқын мемлекеттегі кадр мәселесінде де көрініс табады. Бұрыннан келе жатқан білікті мем­лекеттік қызметкерлердің қата­рын жас мамандар толық­ты­руда. Жалпы алғанда, Прези­денттің тұрақтылықты сақтай оты­рып, тиісті өзгерістерді енгізу арқылы нәтижеге қол жеткізуді көздейтінін дұрыс қадам дер едім.

Саттар Мәжитов, тарих ғылымдарының докторы, профессор

− Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік қызметке кіріскелі бергі 100 күнін тек талдаумен ғана шектелмей, оның тағылымдық мәніне де баса мән берген дұрыс. Өткенге көз жүгірту арқылы келе­шектегі тың қадамдарға жоспар жасауды, ілкімді жобаларды саралап алудың бір әдісі ретінде қарауға болады. Еліміздің әр саласында атқарылып жатқан жұмыстар, ізгі бастамалар өзінің оң нәтижесін беретініне сенім мол. Президенттің 100 күніне талдау жасау барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын ерекше атап өтуге болады. Жолдауда елдің әлеуметтік-стратегиялық даму жолдары нақты әрі айқын көрсетілген. Еске­ретіні, Президенттің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген межелер мен міндеттер, жобалар мен жоспарлар Жолдаудан нақты көрініс тапқандығын аңғаруға болады. Бір осы мысалдың өзі жаңа кезеңде әлеумет пен жеке адамға деген нақты бетбұрыс бас­талып, оның тұрақты болатынын дәлелдейді.

Тарихшы маман ретінде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Прези­денттік қызметке келуімен елі­міздің жаңа белесі басталғанын айтқым келеді. Қай елдің өткеніне көз жүгіртсек те жаңадан Мемлекет басшысының келуі қоғамдық маңызға ие болатын үлкен өз­ге­рістерге алып келеді. Дәл со­ның айғағы ретінде еліміздің тізгінін жаңа Президенттің ұс­тауы мемлекеттегі саяси құры­лым­дардың өзгеруіне, экономикалық саланың әртараптануына, әлеу­меттік мәселелердің оң шешім табуына, рухани-мәдени бағыттағы бастамалардың тың серпін алуына оң ықпал етіп отыр.

Барша қазақтың қабырғасын қайыстырған Арыстағы оқиғаны өз көзімен көріп, жағдайдың тұ­рақталуын жіті бақылауда ұстаған Президенттің әрекетін халық жылы қабылдады.

Зарема Шәукенова, Президент жанындағы ҚСЗИ директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор:

− Қасым-Жомарт Тоқаев Мем­лекет басшысы ретінде қызметіне кіріскен кезеңнен бас­тап, 5 заңға қол қойды, сондай-ақ саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларға арналған 40 өкім мен 95 Жарлық шығарды. Бұдан басқа, Президент орталық мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, сонымен қатар бизнес құрылым басшыларымен, азаматтық сектор өкілдерімен, қоғамның басқа да өкілдерімен 140-тан аса іскерлік кездесулер мен кеңестер өткізді.

Саяси салада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін қалыптастырып, азаматтық секторды билікпен сындарлы диалогқа тартуға мүм­кіндік туғызды. Сонымен қатар халықпен жақын байланыс орнату үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп, қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары виртуалды қабылдау бөлмесі арқылы Президентке тікелей жүгіне алатындай мүмкіндік туды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес партиялық құрылыс процесін жалғастыру – көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және елдегі пікір плюрализмін дамыту ұзақ мерзімді перспективада сая­си жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Митингілер тура­лы заңнаманы жетілдіру – азаматтардың еркін ерік біл­діруі үшін арнайы орындар (қалалардың шет жағында емес) бөлу қарастырылған. Бұған қоса, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер санын 25 пайызға қысқарту жоспарланып отыр.

Әлеуметтік салада халықтың аз қамтылған топтарына қарыз жүктемесін төмендету қарас­тырылған. Бұл шамамен 500 мың аз қамтылған азаматтарға 300 мың теңге сомасына несие берешегін өтеуге мүмкіндік бермек. Сон­дай-ақ алдағы 4 жыл ішінде мұға­лімдердің еңбекақысын 2 есеге көтеру, 2020 жылдан бас­тап «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге дейін кеңейту, келер үш жыл ішінде ерекше қажет­тіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасауға 58 млрд теңге бөлу болжанып отыр.

Экономикалық салада кәсіп­керлікке қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекет 2023 жылға дейін жұмыс берушілер тарапынан қосымша 5% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдары кейінге қалдырылды. Сондай-ақ келесі үш жылда шағын бизнес субъектілерін тексеруге са­лықтық жеңілдіктер мен мораторий енгізілуде. Президенттің ел Үкіметіне берген тапсырмасына сәйкес 2025 жылға қарай ІЖӨ-ні жыл сайын 5 пайызға арттыру, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізу мәсе­лелеріне назар аударып отыр.