Саясат • 20 Қыркүйек, 2019

Сыртқы саясаттағы серпінді сабақтастық

355 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еңбек жолын сыртқы саясаттан бастаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сайланғаннан кейін саладағы сабақтастықты тың серпінмен жалғастырып, сарабдал саясаткер екенін танытты.

Сыртқы саясаттағы  серпінді сабақтастық

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауал­ды бағдарламасында көпвек­тор­лық қағидасын ұстана отырып, стратегиялық серіктес мемлекеттермен – Ресей, Қытай, АҚШ, Орта­лық Азия елдерімен, Еуропалық одақ, Азия және Таяу Шығыс мемле­кет­терімен тең, достық қарым-қаты­насты, сонымен қатар БҰҰ, ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК секіл­ді басқа да халықаралық ұйымдармен бай­ланысты нығайта түсетінін мәлімдеген-ді.

Президент ретіндегі алғашқы шетелдік сапарын Ресейден баста­ды. Мұның себептері жетерлік. Әлем­де құрлықтағы ең ұзын ортақ шека­ра, бір экономикалық ұйым аясын­дағы одақтастар, көрші, стра­те­гиялық әріптес. Қазақстанның сау­да айналымындағы Ресейдің мен­шік­ті үлесі 19 пайызды құрайды. Инвес­тициялық ынтымақтастық қарқын­ды дамып келеді. Елімізде ресей­ліктер қаржы құйған 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп отыр. Мұның бәрі, әрине ескерілді.

Осы орайда Ресей Президенті Владимир Путиннің Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде Ресейге алғашқы сапарына символдық мән бергенін айта кеткен жөн. «Сіз қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз және өзіңіз де бұған көп үлес қостыңыз. Сіздің бүгінгі сапарыңыз кең ауқымдағы екіжақты одақтастық байланыстарымызды нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», деген еді В.Путин.

Екінші шетелдік сапар Өзбек­станда жалғасты. Бауырлас мемлекет әрі Орталық Азиядағы іргелі ел. Экономикалық байланыс та жаңа кезеңге қадам басып келеді. Мәселен, былтыр тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті.  Өзбекстанға сапары барысында оның көлемін 5 миллиард долларға жеткізуге уағдаласты. Сондай-ақ 2019 жыл «Қазақстанның Өзбекстандағы жылы» болып жарияланды. Бұл – екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді.

Келесі сапарлардың Қырғызстан мен Тәжікстанда жалғасуының да маңызы зор. Біріншіден, Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңе­­сінің отырысы өтті. Бүгінде ШЫҰ халықаралық аренада айтары бар іргелі ұйымға айналғаны бел­­гілі. Қазіргі таңда оған Еуразия құр­лығындағы көптеген мемлекет мүшелікке өтті. Бұл жолғы жиында ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы талқы­ланды. Қазіргідей алмағайып заманда аймақтағы тыныштық кім-кімге де керек. Қысқаша айтқанда, аталған ұйымның Қазақстан сыртқы саясатындағы алар орны ерекше.

Бұдан бөлек, Шанхай ынты­мақтастық ұйымының Хатшылығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы Меморандумға қол қой­ды. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен, ҚХР Төр­ағасы Си Цзиньпинмен, сондай-ақ Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Ғани­мен екіжақты кездесулер өткізді.

Ал Душанбеде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің кезекті саммитіне қатысты. Сонымен қатар Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Танимен, Тәжікстан Республикасының Прези­денті Эмомали Рахмонмен, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті.

Таяуда Қ.Тоқаев Қытайға мем­лекеттік сапармен барып қайтты. Мұның да өз себебі бар. Қытай – көршілес жатқан, әлемнің алып экономикасының бірі. Елімізге келетін тауардың басым бөлігі де осы елге тиесілі. Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика сала­сындағы аса ірі серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4 пайызға артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Қазақстан арқылы Қытай және Азияның басқа да елдерін Еуропамен, сондай-ақ Таяу Шығыспен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан жоғары сапалы бидай экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарына кіретіні мәлім. Қытайға сапары барысында осы бағытты жандандыру мәселесі айтылды. Былтыр Қытайға экспортталған бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Енді оны 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға әлеуетіміз жетеді. Сондай-ақ жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын, сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, майлы дақылдар жеткізуге мүмкіндік бар. Мұның бәрі екі ел арасындағы көп деңгейлі қарым-қатынастың біте қайнасқанын көрсетсе керек. Осы сапар барысында инфрақұрылым, сауда, инвестиция, қаржы, ауыл шаруашылығы, технология салаларын қамтитын бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.

Мемлекет басшысы «экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниетті» екенін атап өтті. Ендеше, сыртқы саясаттағы қадамдар мемлекетімізге, ұлттық бизнеске, әр азаматқа нақты пайдасын тигізеді деп айтсақ қателес­пейміз.

Қ.Тоқаев өзінің сайлауалды бағ­дарламасында да, ұлықтау рәсімін­дегі сөйлеген сөзінде де бейбіт­шіл, теңгерімді, сындарлы сыртқы саясат жүргізетінін айтып өткен-тұғын. Сондай-ақ саяси, сау­да-экономикалық, мәдени, гумани­тарлық салаларда ұлттық мүддені қорғайтынын да мәлімдеді. Жоға­рыда айтып өткеніміздей, мұның алғышарттары жасалды. Бұған елордада өткен кездесулерде де куә болдық. Мемлекет басшысы бүгінге дейін 28 рет шетелдік қонақтармен кездескен екен. Олардың арасында Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Дэвид Хэйл, Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Петер Буриан, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар секілді мәртебелі меймандар бар.

Осы орайда, Мемлекет басшы­сы­ның кездесулері екі бағытта өрбі­генін айта кеткен жөн. Біріншісі – саяси бағдар. Яғни, АҚШ Мем­лекеттік хатшысының орынбасары Дэвид Хэйл, Орталық Азия ел­дерінің сыртқы істер министрлері, Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Петер Буриан, АҚШ конгрессмендері Де­вин Нуньес пен Рик Кроуфордпен кезде­су арқылы прагматикалық, конструк­тивті, көпвекторлы сыртқы саяси бағытымызды жалғастыра береті­німізді байқатты.

Екінші бағыт – инвестициялық-экономикалық бағдар. Қазіргі таңда әлем елдері оқшау, ешкіммен аралас­пай өмір сүре алмайтыны белгілі. Халықаралық аренада ұлттық мүд­демізді қатаң сақтап әрі қорғай оты­рып, инвестициялық саясат жүргі­зу­дің маңызы зор. Қазақстан әлемде өзін бейбітсүйгіш, ашық, сенімді мемлекет ретінде үлкен беделге ие және халықаралық істерде жауапты серіктес ретінде танылды. Қ.Тоқаев сайлауалды бағдарламасында елі­мізге инвестициялар тартуда Қазақ­стан­ның осы уақытқа дейінгі халық­аралық сенімін тиімді пайдаланаты­нын жеткізген-тұғын. Осы бағыт­ты одан әрі жалғастыру үшін Мем­­лекет басшысы Францияның Эко­но­мика және қаржы министрі Бруно Ле Мэр, Дүниежүзілік банк­тің ви­це-президенті Сирил Мюл­лер, Еу­ропалық қайта құру және даму бан­кінің президенті Сума Чак­рабар­ти, Ислам даму банкі тобының пре­зи­денті Бандар Хаджар секілді әлем­дік экономикаға ықпалды тұл­ға­лар мен «Anadolu Group» компа­ния­сы­н­ың президенті Тунджай Озил­хан, ExxonMobil Production Com­pany президенті Нил Даффин, «Шев­рон» компаниясының директорлар ке­ңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уирт секілді елі­мізге инвестиция салған компаниялар өкілдерін қабылдап, алдағы даму бағытымыз туралы сұхбат құрды.

Айтпақшы, мына нәрсеге назар аудара кеткенді жөн көрдік. Прези­дент кездесуде ағылшын, француз, қытай тілдерінде емін-еркін сөй­лей­тін полиглот ғана емес, сыртқы саясаттың бүге-шігесіне дейін білетін саясаткер екенін сұхбаттасушыларға мойындата білді. Бұған Қытайда елшілікте қызмет атқарғаны, БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғаны өз септігін тигізгені анық. Осындайда әйгілі тұлға Нелсон Манделаның «Егер біреумен түсінікті тілде сөй­лессең, тіл табыса аласың. Ал оның ана тілінде сөйлер болсаң, ол сені жүрегімен түсінеді» деген сөзі ойға оралады. Ендеше, Президент инвес­торлардың ана тілінде сөйлеу арқылы олардың жүрегімен түсінуіне жағдай жасағанына сеніміміз мол.

Жалпы, Президент сыртқы сая­сат­­та аса үлкен өзгерістер жаса­май-ақ, Қазақстанның геосаяси жағ­дайы­нан туған көпвекторлы бағыт­ты ұста­натынын көрсетті. Дипло­матиялық қызметтің барлық лауазымдарында жұмыс істей отырып, іс жүзінде үлкен саясатта тепе-тең жол жүріп, саясат Олимпіне шықты. Халықаралық аренада саяси шешімдер қабылдауға қатысатын, әлемдік деңгейде орны бар саясаткерге айналды деп кесіп айтуға толық негіз бар.