Әлем чемпионатының соңғы іріктеу жекпе-жегіне дейін сәтті өнер көрсетіп келген Қазақстан құрамасы боксшылары ширек финалға шығарда сүрінді. Өкінішке қарай, 63 килода сынға түскен отандасымыз Зәкір Сафиуллин жарыс жолынан шығып қалды. Ширек финалға жолдама беруші жекпе-жекте қандасымыз 2017 жылғы әлем чемпионы және Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы, кубалық Энди Круз Гоместен жеңіліп қалды. Төрешілер 5:0 есебімен жеңісті бірауыздан кубалық боксшыға берген. Осылайша Қазақстан командасы сапынан жүлдеден үмітті бір боксшы жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. 32 жастағы отандасымыз биыл екінші рет әлем біріншілігіне қатысты. 2015 жылы Қатар астанасы Дохада өткен бәсекеде бірінші айналымда сүрінген-ді.
Сонымен қатар ширек финалда әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев күтпеген жерде халықаралық деңгейде тәжірибесі аз өзбекстандық боксшыдан жеңіліп қалды. Миразизбек Мирзахалиловпен болған жекпе-жек барысында біздің боксшының басымдау болғаны рас еді. Екінші раундтағы шартпа-шұрт айқас кезінде екеуі баспен сүзісіп қалған.Салдарынан Ерәлиевтің қабағы жарылды. Осы кезде, төреші жекпе-жекті тоқтатты да, өзбекстандық боксшының қолын көтерді. Ал ширек финалда жұдырықтасқан қалған алты боксшының бәрі де қарсыластарын еш қиындықсыз жеңіп, әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.
Атап айтар болсақ, ширек финалда 52 килода жұдырықтасқан Сәкен Бибосынов пен аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қонқабаевтың өнеріне қазақ жанкүйерлері тәнті болды. Екеуі де қарсыластарының соққысын өздеріне дарытпай, ауа қарматып қалуға тырысты. Бибосынов пен Қонқабаевтың жекпе-жегін қарап отырып, әйгілі украиналық бапкер Анатолий Ломаченконың (Василий Ломаченконың әкесі – ред) кәсіпқой бокстың ауыр салмағындағы Александр Усик пен Мурат Гассиев жекпе-жегінде Усикке айтқан: «Ол сені емес, ауаны ұруы керек» деген сөзі бірден ойымызға оралды.
Ал 81 килодағы Бекзат Нұрдәулетов осымен үшінші жекпе-жегінде карсыласын нокдаунға түсірді. Түркиялық боксшы Байрам Малканға қарсы өткен кездесуде отандасымыз 4:0 есебімен жеңіске жетті. Бір төреші жекпе-жекті тең өтті деп есептеген. Сонымен қатар 69 килодағы Абылайхан Жүсіпов Доминикан Республикасының өкілі Рохан Поланконы, 75 килодағы Тұрсынбай Құлахмет армениялық Арман Дарчанянды және 91 кило салмақта жұдырықтасатын Василий Левит иорданиялық Хуссейн Яшаишті сан соқтырып кетті.
Кеше жартылай финалға шыққан боксшыларға бір күндік демалыс берілді. Енді бүгін отандастарымыз финалға шығу үшін барын салады. Бірақ қарсыластары да қарап қалмайтыны анық. 52 килодағы Сәкен Бибосынов биылғы Азия чемпионы, үндістандық Амит Пангалмен кездеседі. 69 килодағы Абылайхан Жүсіпов шаршы алаң иесі Андрей Замковоймен жұдырықтасады. 2009 жылғы әлем чемпионатының күміс, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері қазақстандық бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс. 75 килода өнер көрсететін Тұрсынбай Құлахмет финал жолдамасы үшін таласта филиппиндік Эумир Марсиальмен қолғап түйістіреді.
Сонымен қатар Бекзат Нұрдәулетов (81 кг) жартылай финалда Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің төрт дүркін жеңімпазы кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен кездеседі. 91 килодағы Василий Левиттің жартылай финалдағы қарсыласы – эквадорлық Хулир Сезар Кастиллио Торрес. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевты аустралиялық Джастис Хуни күтіп тұр. Жартылай финалдың жекпе-жектері Нұр-Сұлтан уақытымен 16:00-де басталады.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан әлем чемпионатында жартылай финалға шыққан боксшылар саны бойынша (7) бірінші орында тұр. Екінші орында бес боксшымен Өзбекстан құрамасы болса, үшінші орынды төрт боксшымен Ресей және Англия құрамалары бөлісіп тұр. Ал Кубаның үш боксшысы жартылай финалда жұдырықтасады.