«Қазақстан мен Өзбекстанның өзара қолға алған жобалары мен туристік компаниялар арасындағы байланысы келешекте бұдан да артады», деді Сайдкомил Халходжаев.
Өзбекстан аумағында 7 мыңнан астам мәдени және тарихи нысандар бар. Төрт көне қаладағы 200-ден астам тарихи жәдігер ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне енген. Алдағы уақытта «Ежелгі Бұқара» және «Самарқанд сити» демалыс аймағы құрылмақ.
Енді бірігіп «Жібек жолы» туристік жобасын да жүзеге асырмақшы.
Оның бір бөлігі зиярат туризмі болмақ, дейді мамандар.
Статистикалық мәліметке жүгінсек, биылғы жылдың 7 айында көрші ел аумағына 3 миллионан астам турист келген. 2018 жылы Өзбекстаннан бізге дәл соншама адам қыдырып келген. Оның басым бөлігі Түркістанға зиярат жасапты. «Түркі жұртының рухани астанасы саналатын Көне Яссы қаласы зияратшылар санының артуына себеп болатындығына біз сенеміз», дейді Сайдкомил Халходжаев.
Өзбекстанның есігі шетелдік туристерге айқара ашылғанына биыл үшінші жылға аяқ басты. 2019 жылдан бастап бұл елде 6 миллионға жуық адам қонақта болған. Оның тек 4 миллионы ғана Самархан, Бұхара қаласына тоқтаған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бұрын мұндай көрсеткішді тек армандайтын өзбек билігі туристерді әлде де еселеп тарту үшін ішкі туризмнің мүмкіндіктерін әртараптандырып жатыр.
Ташкент қаласы туристік инфрақұрылым және мәдени мұра бөлімінің басшысы Элбек Набиев, кеше Қазақстанға келген сапарында өзбек билігі қонақтарға жайлы болу үшін бар жағдайды жасауға тырысып жатқанын айтты. Қонақ үйлерге тоқтаған туристерге өзбектің хош иісті көк шайы мен тандыр наны тегін ұсынылады. «Қазір біздің елде 65 мемлекетпен визасыз режим орнаған. Келесі жылы бұл тізімге тағы 20 ел қосылады деп күтіп отырмыз» Элбек Набиев.
Зиярат туризмінің Түркістаннан басталуы өзбек билігі үшін тиімді болып тұр. Ал қазақстандық мамандар ежелгі Сайрамдағы сансыз бап пен Арыстанбаб кесенесін «Жібек жолы» туристік жобасына кіргізу қажеттігін ескертіп отыр. Себебі Сайрамда Ахмет Яссауидің ата анасы Ибрагим мен Қарашаш, ал Отырарда ұстазы Арыстанбабтың кесенесі бар. Бұдан өзге көне Отырар жерін Шыңғыс ханның ізі сайрап жатыр.
«Сайрам мен Отырардың «Жібек жолы» туристік жобасына енуіне Қазақстан мүдделі болуы керек», дейді қазақстандық туризм саласының өкілдері.
Өзбекстан Республикасының бас консулы Аброр Фатхуллаев апта басында қазақстандық журналистермен кездескен кезде 2025 жылдарға арналған туризмді дамыту бағдарламасы бекітілгенін айтты. Бұл бағдарлама «Өзбекстанды аймақтық және әлемдік туризм нарығындағы бәсекеге қабілетті елге айналдыруды» көздеп, туристер ағынын жылына 9 миллионға жеткізуді мақсат еткен.
Былтыр Ташкентте өткен Халықаралық туристік инвестфорумға жиналғандар бір туристің Өзбекстандағы 1 апталық шығыны 619 доллар болатынын есептеп шығарған.
Бұған қонақ үй шығыны және таңертеңгі және кешкі тамақ мәзірі кіреді.
Бас консул Аброр Фатхуллаев бізбен әңгімесінде 2025 жылға қарай, бұл көрсеткіш $2,2 миллиардқа, туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2,3 пайыздан 5% жетуі керек екенін айтты. Сонымен бір мезгілде туристерді орналастыратын демалыс аймақтарының саны да 900-ден 3000-ға дейін өсіп, ал туристік фирмалардың саны 1700-де дейін жетуі керек.
Бұл деректер өзбекпен көрші қонған қазақты шындап ойландыруы тиіс.