Үш күнге созылатын съезде Ресейдің әр түкпіріндегі туристік нысандар, оларды жарнамалаудың жаңа технологиялық әдістері, тәжірибе алмасу, осы саланың түйінді мәселелерін жан-жақты талқылау жүріп жатыр. Жиынды Воронеж облысы губернаторы, Ақпараттық-туристік ұйымдардың Ұлттық қауымдастығы, Воронеж қаласының туристік-ақпараттық орталығы және Туризм жөніндегі Федералдық агенттік ұйымдастырған екен.
- Туристік ақпарат беру орталығы – осы өңірге келген туристердің барлық сауалына жауап тауып, ақыл-кеңес беретін мекеме. Мұндай ұйымдар біздің Қазақстанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ғана бар. Ресейдегі осындай орталықтардың қауымдастығын басқаратын Михаил Ушаковтың айтуынша, туристік ақпарат беру орталығы болмаса, ішкі туризмнің дамуы мүмкін емес. Шын мәнінде осы жиыннан үйренгенім көп. Воронежге Ресейдің 70-тен аса өңірінен 200-ден аса қатысушы келген. Ірі-ірі, танымал спикерлердің семинарына қатыстық. Туризм саласына маманданған травел-блогерлер әлемдегі жаңалықтармен бөлісіп жатыр. Мысалы, қай елдің азаматтары саяхатқа жиі шығады, олардың орташа чегі, яғни жұмсайтын қаражаты қанша, «кербез туристерге» арналған люкс лагерлерді қалай жасау керек, ондай лагер қайда бар, т.б. көптеген тақырыптар төңірегінде нақты кеңестер алдық, - дейді оралдық өлкетанушы, жергілікті туризмді дамытуға үлес қосып жүрген Айболат Шамұратұлы.
Ресей Федерациясында 300-ден аса туристік ақпарат беру орталығы бар екен. Ол жерден турист сол өңірдің туристік картасын тегін алады, қонақ үй, қызықты маршруттар, көркем мүйістер мен тарихи орындар туралы ақпаратқа қанығады. Ресейде осындай орталықтар бір жыл ішінде туристерге 1,8 млн ақыл-кеңес беріпті.
Воронеждегі съезге сарапшы спикер ретінде шетелдік танымал мамандар шақырылған. Олардың қатарында франциялық France Meeting ұйымының директоры Андре Поли өз еліндегі туристік-ақпараттық орталықтардың жұмысымен таныстырып, француз туроператорларының кейбір құпияларымен бөліссе, испаниялық Visit Russia фирмасының жетекшісі Марлен Родригес Испан туризм нарығына шығудың стратегиясын түсіндірген. Лондондағы Expedia Group Media Solutions өкілі Анна Буковская заманауи саяхатшылардың талап-тілегі туралы зерттеу нәтижелерін жария еткен. Мұның бәрі елдің ішкі-сыртқы туризм саласын дамытуға үлкен серпіліс берері сөзсіз.
«Қазақстанның үздік өлкетанушысы», тарих магистрі, «Ғылыми бастамаларды қолдау қорының» төрағасы Айболат Құрымбаев соңғы жылдары «TourWestKaz» мекемесін құрып, Батыс Қазақстан өңірінде ішкі туризмді дамытуға атсалысып жүрген азамат. Айболат Шамұратұлы ұйымдастыратын «Бөкей ордасына саяхат», «Қазақстандағы ең кішкентай Сарқырамаға саяхат», «Батыс Қазақстанның қасиетті нысандары» атты турлар өз еліміз ғана емес, Ресейдің көршілес аймақтарына да жақсы танымал. Туристік ақпараттық ұйымдардың Бүкілресейлік ІІ съезіне шақырту алған Айболат Құрымбаев кеше арнайы дипломға ие болды.