Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2019

Жамбыл облысында бір күнде бес фронт-кеңсе ашылды

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген мақсаттарды іске асыру аясында Жамбыл облысында бірден бес фронт-кеңсе ашылды. Кеңселердің ашылу салтанатына әкімдік өкілдері, полиция басшылығы мен қызметкерлері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жамбыл облысында бір күнде бес фронт-кеңсе ашылды

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында барлығы 14 фронт-кеңсе жұмыс  атқарады. Полицияның халықпен байланыс жасаудағы енгізілген жаңашылдық үрдісі қоғамдық диалогты ұйымдастыруды айтарлықтай жақсартуда. Сонымен қатар азаматтардың қажеттіліктеріне қатысты ашықтық пен жедел ден қою қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік беруде.  Мұнда әкімшілік полиция, көші-қон және жергілікті полиция қызметінің мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі мәселелерді шешуге қатысты қажетті көмек көрсетеді. Сонымен қатар, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпарат береді. Сондай-ақ фронт-кеңсе қызметкерлері өздерінің тікелей міндеттерін орындаумен қатар, құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту жөніндегі азаматтардың ұсыныс-пікірлерін де тіркейді. «Құқық қорғау органдарында бұрын-соңды азаматтарды қабылдайтын мұндай фронт-кеңселердің болмағанын ескерсек, департамент басшылығы облыс тұрғындары үшін бұл жаңашылдықтың тигізер пайдасы мол болатынына сенім артып отыр», дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Жаңа фронт-кеңсе өз жұмысын бастағаннан кейін облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев азаматтарды жеке қабылдады. Бұдан кейін Тараз қаласының полиция басқармасы мен №2 қалалық полиция бөлімінде ашылған жаңа фронт-кеңселермен танысты. Бүгінгі таңда фронт-кеңсе қызметкерлеріне барлығы 5000-нан астам адам жүгінген. Олардың барлығына дер кезінде құқықтық көмек көрсетіліп келеді және әрбір өтінішке азаматтар толыққанды жауап алуда.