Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

Фестивальдің алғашқы күнінде екі қойылым сахналанды

938 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ театры тарихындағы тұңғыш қойылым 1917 жылы Ойқұдық жайлауында Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен сахналанғаны белгілі. Бүгін осы қасиетті өлкеде - Семей шаһарында әйгілі актриса, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай Қазақстан драма театрларының ХХVІІ республикалық фестивалі басталып кетті. Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан шара аясында еліміздің 12 театры өнерлерін паш ететін болады.

Фестивальдің алғашқы күнінде екі қойылым сахналанды

«Алаштың рухани астанасы Семейде мұндай республикалық фестиваль тұңғыш рет өтіп отыр. Семейде ХХ ғасыр басында «Ес-аймақ» театры жұмыс істегенін білеміз. Семей - тарихи жер, тарихи шаһар.

Биыл мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде мерекеленіп жатқан Әмина Өмірзақова жанр таңдамаған актриса. Қазіргі таңда өнер зерттеушілері алдарына үлкен мақсат қойып, диссертациялар қорғалып жатыр. Бұл фестиваль жастарға үлкен мүмкіндік. Шараға  жас режиссерлерімізбен қатар аға буын режиссерлер де қатысып жатыр. Мұндай фестивальдер өте қажет. Әмина Өмірзақова атындағы фестивал Семей жерінде дәстүрге айналып, екі жылда бір өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді» деді журналистерге арналған брифингте сөз сөйлеген Қазақстан театрлар қауымдастығының вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

«Әмина апайымызбен киноға бірге түстік. Қандай рөлдерде ойнағанын сіздер жақсы білесіздер. Кез келген жанрда қамшы салдырмайтын. Ондай актриса қазір жоқ. Талантты актриса есімін әлі де ұлықтай беруіміз керек. Барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын» деді брифингте сөз сөйлеген қазақтың Қыз Жібегі, танымал актриса, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешова.

1

Фестивальдің ашылу салтанаты Семейдегі Абай атындағы драма театрының алдында өтіп, шараға келген бүкіл театр ұжымы, аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова бастаған өнер майталмандары қызыл кілеммен жүріп өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің Театр және киноматография басқармасының бас сарапшысы Гүлнәфис Мырзашева министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.

«Қымбатты бауырлар, қандастар! Ұлы Абай елі. Бұл киелі жерге біз тәу етіп, оң аяғымызбен аттап келеміз. Өткенді ұмытпай, арғыдан келе жатқан дәстүрімізді жалғап, халыққа өнерімізді паш етсек біздің мақсатымыздың орындалғаны. Әмина апамызбен бірге жүрдік, бірге жұмыс істедік. Ұлы Шәкеннің досы еді. Екеуі қатар отырғанда елді күлкіге қарқ қылатын. Әмина - ұлы актриса. Әмина апа, Сәбира апа, Қадиша апа, Шолпан, Бикен, Зәмзәгүл... Дүниеден осындай ұлы актрисаларымыз өткен. Әрқайсысы бір төбе. Әрқайсысына фестиваль арнасақ артық етпейді» деді фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов.

1

5

 4

Фестивальдің алғашқы күнінде семейлік көрермендер Өскемен драма театрының «Қанды азу» (М.Әуезов) және Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының «Ахметтің аманаты» (Ә.Ақтай) қойылымдарын тамашалады.

 

СЕМЕЙ