Экономика • 21 Қыркүйек, 2019

Импорттан не ұттық?

649 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жеті айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тауар айналымының өсімі импорт көлемінің артуымен де байланысты екені анықталды.  Бұл деректерді кеше Finprom.kz агенттігі жариялады.

Импорттан не ұттық?

Салыстыра кету үшін айтсақ,  бұл көрсеткіш өткен жылдың жеті айының қорытындысымен салыстырғанда 4%-ға төмендеген. Мамандар бұл құбылыстың біз үшін жаңалық болмай қалғанын талай жылдан бері айтып келеді. Мәселенің қаншалықтты өзекті екенін 2019 жылдың  жеті айының қортындысы алақанға салғандай айқындап берді.

Тауар айналымы өсiп келедi деген сөздер үкімет мінберлерінде жиі айтылады.   Тауар айналымы динамикасына қарасақ, экспорт пен импорт көлемiнде айтарлықтай өзгеріс жоқ.  Бірақ сол баяғы шикізатпен шектеліп отырғанымызды байқау үшін маман болудың қажеті жоқ.  Экспорттың 70 пайызы энергоресурстар, 25 пайыздан көбi металлургия, қалғаны – ұсақ-түйек,  Көптеген жылдар бойғы тренд тақырып бюджетті толтырудың айналасында ғана толқып жүрді.  «Аз ғана уақытта қалай өндiрiстi дамыта аламыз?» деген мәселе ендігі жерде үкіметтң экономикалық блогы өзекті болуы тиіс. Енді беталыс бұрынғыдай мұнайдың, қала берді шикізаттың  буына алданып жүре берудің күні өткенін көрсетіп тұр. Енді дәлелмен сөйлесек:

2019 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстандағы тауар айналымы 53,8 млрд АҚШ долларын құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6% артық ($52,9 млрд). Тауар айналымының өсімі импорт көлемінің артуымен де байланысты (11,7%). Ал тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортында 3,7% төмендеу бар ($32,9 млрд).

2018 жылы  12 айында  бұл көрсеткіш $61 млрд болған.

2022 жылы шикізаттық емес экспорт көлемі 31,8 млрд АҚШ долларына жету керек, жоспар бойынша 2018 жылы 22,7 млрд АҚШ долларына жетуі тиіс ед. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі көктемде болған Үкімет отырысында 2018 жылғы шикізаттық емес экспорт көлемі 15,7 млрд АҚШ долларын құрағанын айтты. Демек бәрі жоспардағыдай орындалып жатқан жоқ.

Қазір жалпы экспорт көлемінің 72,3%-ын минералды өнімдер құрайды. Металдар мен бұйымдар жалпы экспорттың 14,6%-ын, жануарлар мен өсімдік өнімдері және дайын тамақ өнімдері 5,7%-ын құраған.

Жеті айдың ішінде экспортталған тауарлар мен қызметтердің дені Италия ($4,7 млрд), Қытай мен Ресей ($4,6 млрд және $3 млрд), Нидерланд және Франция ($2,3 млрд және $2,2 млрд) секілді мемлекеттерге бағытталған.  

Сарапшылар  әлсiз валютаға және бәсекелестiкке беру арқылы тауарларымызды  мемлекеттiк қолдаусыз-ақ экспортқа шығуға мүмкіндік барын айтады. Біз бұл мүмкіндікті уыстан шығарып алдық.  Түйінді тарқату үшін мамандар ең алдымен импортқа тәуелділігі тым тереңдеп кеткен салалаларды тізбектеп, оларды аяғынан тік тұрғызуға тырысуы керек. Импорттың етегіне жармасу, сол арқылы капиталды ұлғайту ұғымы кешегі күннің еншісінде қалыпты. Экономист –сарапшы Әнуар Үшбаев қазақ үкіметі нақ осы бағдарламаны жасауға ниет танытқанын айтады. Терең талдау болмағандықтан,  ол жүзеге аспапты. «Сала мамандары бас қосып,ел экономикасының импортқа тәуелділік деңгейін анықтау керек», дейді Әнуар Үшбаев.

Импортқа тәуелділік деңгейіне қаншалықты батып кеткенімізді анықтау үшін маман болудың қажеті жоқ, Ірі сауда дүкендеріне, қара базарларды бір сүзіп шықсақ болды. Балаларымыз 100% шетел ойыншығына тәуелді. Бұл біз үшін игерілмеген кеңістік. Жақын болашақта жағдай  өзгереді деп дәмеленудің қажеті жоқ. Импортқа тәуелділік деңгейінің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп тұрған факторлар кез-келген қалтарыстан алдымыздан шығады.

Қаржыгер Мақсат Халық  халық тұтынатын тауар өндіремін  дегендерге  қосымша салық жеңілдіктерін қарастырып, сырттан келетін тауар түрлеріне салықты көбейту керек екенін айтады.

Біз сол кезде ғана «импорттан не ұттық?» деген сауалға нақты жауап аламыз.