Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2019

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

237 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Жетісу жерін аралады. Алматы қаласы ма­ңын­дағы аудандардың ты­ныс-тіршілігімен таныс­қан Үкімет басшысы Тұңғыш Президент – Ел­басы Нұр­сұлтан Назар­баев баста­машы болған «Нұрлы жол», «Нұр­лы жер», Ин­дус­триялық-инно­вациялық даму мем­лекет­тік бағдарламалары аясын­дағы инвестициялық жоба­ларды іске асыру бары­­сымен, сондай-ақ Мем­лекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев­тың өңір экономикасын да­мы­ту жөніндегі тапсырма­ларының орындалуымен танысты.

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

 

Мегаполисті азық-тү­лік, көкөніс өнімдерімен қам­туда Алматы облысының Еңбек­ші­қазақ ауданы маңызды қадам жасап отыр. Бүгінде бұл аудандағы алма бақтарының көлемі 6400 гектарға жеткен. Оның 1,5 мың гектары – интенсивті бау-бақ­ша. Ісін ілгерілетіп отырған «Amal bio» серіктестігі бақ өсі­­ру­де көшбасшы орында. Ша­руа­шылыққа қарасты алма бақ­­тарын аралап көрген Пре­мьер-Министр жер игеруде­гі жаңа технологияға назар ау­дарды. Бағбандар алма өсіру­дің тың әдісі мен әлемдік тәжі­рибеге арқа сүйеп, мол өнім­ді аз шығынмен жинауға қол жет­кі­зіп отыр. Әуелгіде өз ісін 50 гектар алқапқа алма көше­тін отырғызудан бастаған шаруа­шылық директоры Асқар Саби­ров қазір 500 мың түп алма аға­ш­ынан жеміс жинап алатынын айтады. Алма бақтың көлемін 150 гектарға дейін ұлғайтып, алманың 14 түрлі сұрпын күтіп-баптауда. Дайын өнімді Алматы қаласының тұтынушыларына тасымалдайды. Алма бақтағы жұмысты көзбен көрген Үкі­мет басшысы отандық өнім­нің дүниежүзілік нарыққа шы­­ғуына қажетті жағдай жа­са­лып отырғанын айтты. «Amal bio» серіктестігінің бұл ба­ғыт­тағы қадамы нәтижелі. Шаруа­шы­лықта сыйымдылығы 6 мың тон­наға жететін жеміс және көк­өніс сақтайтын қойма бар. Ау­мағы 750 шаршы метр болатын көтерме-бөлшек сауда па­вильоны да жұмыс істеп тұр. Қазір «Amal bio» сауда белгісі­мен айшықталған дайын өнім ше­тел нарығына экспортқа жө­нелтіледі.

А.Мамин Еңбекшіқазақ ау­­данындағы «Адал» агро­өнеркәсіп кешенінде де болды. Аймақтағы сүт өнімдерін шығаруда негізгі үлеске ие серіктестік шикізатты өздері дайындайды. Сауын сиыр санын 2,5 мың басқа дейін көбейткен агроөнеркәсіп кешені жы­лына 20 мың тонна сүт өнді­реді. Малға қажетті жемшөпті де өздері егіп, өсіреді. Сүт зауыт­тарындағы жұмыс толықтай цифрлы жүйе­мен басқарылады. Та­биғи сүтті италиялық тәсіл­мен өңдеп, 56 түрлі сүт өні­мін жасап шығарады. 262 адам тұрақты жұмыспен қам­тылған.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Жамбыл ауданында «Em­pireFood» ЖШС ет комбинатына, Қарасай ауданында «Хамле» ЖШС кондитерлік өнімдер зауытына барды.

Алматы облысына жұмыс сапары барысында А.Мамин «Лукойл» ЖАҚ президенті Вагит Алекперовпен бірге Іле ауданында бой көтерген «Лу­койл Лубрикантс Орталық Азия» серіктестігінің жаңа зауы­ты­ның тұсауын кесті. Ресей­мен бірлескен кәсіпорын май­лау материалдарын шы­ға­ра­ды. Зауытта жыл бойына 100 мың тоннаға дейін өнім да­йын­да­лады. Оның ішінде мотор майы­ның сегіз жүзден аса түрін өң­­дейді. Өндіріс Қазақстан мен Ор­талық Азия елдерінің, сон­дай-ақ Қытай, Ауғанстан және Моң­ғолияның ішкі нарығын май­лау майларымен қамтамасыз етпекші.

– Бүгінге дейін еліміздің көмірсутек секторына 9,5 млрд АҚШ доллары шамасында инвестиция салған «Лукойл» компаниясының бұл жаңа зауыты отандық мұнай-газ секторы дамуының қазіргі векторына, атап айтқанда, шикізат бағытынан өтіп, дайын өнім шығаруға көшкенін білдіреді. Кәсіпорынның құрылысына және оны жарақтандыруға са­лын­ған жалпы инвестициялар көлемі 94 млн АҚШ долларын құрады. Жоба Қазақстан Рес­публикасының заңнамасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік, ең­бекті қорғау және қоршаған орта­ны қорғау саласындағы ха­лық­аралық құқық талаптары­на қа­таң сәйкестікте жүзеге асы­рыл­ды. Зауытқа «Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай» көлік магистра­лінің жақын орналасуы логис­тикалық процестерді оң­тай­лан­дыруға мүмкіндік береді, – деді Премьер-Министр зауыт­тың ашылуында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ осы шара аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Лукойл» ЖАҚ ара­сын­­да «Қа­зақстан Рес­пуб­ли­ка­­­сының аума­ғындағы учаске­­­лерді бірлесіп зерттеу ту­ра­лы» келісімге қол қойыл­ды.

2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында Алматы облы­сының негізгі капиталына ин­вестиция­лар көлемі 305,3 млрд теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне шаққанда 103,3%-ды құрады. Өсім Индустрияландыру картасы жобаларын, «Нұр­лы жол», «Нұрлы жер» бағдар­ламаларын іске асыру, газдандыру жұмыстарын жүргізу, «Alacem» цемент зауытын салу, «Сарыбұлақ 2» ЖЭС, «Лукойл» майлау материалдарын шығару зауытын салу арқылы қам­тамасыз етілді. ИИДМБ және Индустрияландыру картасы аясында 2019 жылы 1214 жұмыс орнын құрумен, 61,9 млрд теңгеге 11 жобаны іске асыру жос­пар­ланған. Олар­дың ішіндегі ірі жұмыс орын­дары санатына «Жетісу Ма­жико Агрокешені» ЖШС (май өнімдері мен құрама жем­нің өндірістік кешеннің құры­лысы) және «Meat Proces­sing and Service» ет өңдеу кешені енеді.

Үкімет басшысы Алматы облысына жасаған жұмыс сапарын қорытындылай келе, өңірде Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағ­дарламалар аясындағы инвес­тициялық жобалардың іске асу барысы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір экономикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына оң баға берді.

Алматы облысы