Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2019

Кенді өңірдегі келелі істер көпке үлгі

190 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік делегация Семей қаласының жұртшылығымен кездесті. Семейліктермен өткен басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының негізгі бағыттары түсіндірілді.

Кенді өңірдегі келелі істер көпке үлгі

Іс-шараға облыс әкімі Да­ниал Ах­метов, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­лова, Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Камалжан Надыров, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Исин, сон­дай-ақ үкі­меттік емес және жас­тар ұйымдары, биз­н­ес қоғам­дас­тықтар, шығармашылық және ғылым, зиялы қауым өкілдері қатыс­ты.

Вице-премьер өз сөзінде Мем­­лекет бас­шысының саясаты ха­­лықты еңбек етуге шақырып, мем­лекеттік қолдау меха­низмін қол­дануға бастайтынын атап өтті.

«Биыл 400 мың отбасыға не­месе 2 миллионға жуық қазақ­стан­дыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алайда жәр­демақының жағдайы бар адам­дарға да төленіп келгені анық­талды. Ескерте кететін жайт, атаулы әлеуметтік көмек тек мұқ­таж жандарға ғана көрсе­тілуі тиіс. Ал еңбекке жарамды адамдар жұмыс істеуі тиіс. Егер мамандығы жоқ болса, оқытып, жұмыс тауып беруге, грант пен шағын несие алуға, жеке бизнесін ашуға қолдау көрсете аламыз. Әлеуметтік қолдау қоғамды мемле­кет асырайды деген ұғымға илан­дырмауы керек», деді Б.Са­пар­баев.

Сондай-ақ жас буынның тәр­биесі мен отбасылық құнды­лық­тарды сақтау мәселелеріне баса тоқталды.

«Өкінішке қарай, жастар арасында, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ортасында қылмыс пен зорлық-зомбылық жағдайлары өршіп барады. Сондықтан мемлекет пен қоғам бірлесе отырып осы бағытта тиімді жұмыс істеуі керек. Ата-аналар балаларына саналы тәрбие беріп, адамгершілік, моральдық қасиеттерін бойларына сіңіре өсуіне зор көңіл бөлуі тиіс», деді ол.

Кездесу барысында тұр­ғын­дармен қоғамдық келісімді нығайту, ана мен баланы қол­дау, денсаулық сақтау және әлеу­меттік қорғау салаларындағы қызмет көрсету сапасын арттыру, мәдениет пен спортты дамы­ту сияқты басқа да мәселелер тал­қы­ланды.

Үкіметтік делегация Семей қала­сындағы Жедел медициналық жәр­дем ауруханасындағы бірегей ангио­графиялық құрылғымен жасақталған гибридті операция жасау бөлімінің жұмысымен танысты. Республикада бірінші болып ашылған операциялық бөлімнің ерекшелігі, науқастарға бір мезгілде бірнеше ашық әдіс­пен және интервенциялық араласу арқылы кешенді гибридті ота жасауға мүмкіндік береді. Гибридті ота жасау қондырғысын орнату және ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 2,3 млрд теңге, оның ішінде жабдықтауға 1,7 млрд теңге жұмсалды. Айта кетейік, кешен халықаралық JCI талаптарына сай, «алтын» стандарт жүйесі бойынша салынды. Орталық ашылғалы бері 263 операция жасалынды. Жалпы жыл сайын 2,9 мың операция жасау жоспары тұр. Елордадан келген мәртебелі меймандар шаһардағы Электротехникалық колледждің тыныс-тіршілігімен танысу барысында білім сала­сындағы мемлекеттік бағдар­ламаларды жүзеге асыру, қызмет көрсету сапасын арттыру, мұ­ғалімдердің әлеуметтік мәрте­бесін көтеру сияқты басқа да мәселелер көтерілді.

Үкіметтік делегация ресми сапардың алғашқы күнінде ұлылар мекені – Абай ауданы­на ат басын бұрып, келесі жылы 175 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде мерекеленгелі отырған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мерейтойын өткізудің жай-жап­сарын жан-жақты талқылады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойды жоғары деңгейде мерекелеу туралы Жарлығы шықты. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекетіміз ақын мерейтойын жоғары деңгейде тағылымды шаралармен атап өтуге әзірленіп жатыр. Бұл ретте дара тұлға дүниеге келген топырақ – ұлылар мекені Шыңғыстау әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарды қарсы алуға дайын болуы қажет. Бұл жер туристік орталыққа айналады. Қазір Үкімет, облыс басшылығы тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Ең бастысы, ақын мерейтойы үлкен тәрбиелік мәні зор шаралармен есте қалуы керек» деді Б.Сапарбаев Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында ақын ұрпақтары мен жергілікті ақсақалдармен кездесуінде.

Бұдан әрі Премьер-Министр орын­басарының ресми сапары Өскемен қаласында жалғасты. Ең әуелі үкіметтік делегация шаһар жұртшылығымен жүздесіп, Президент Жолдауының негіз­гі бағыттарын түсіндіріп, тұрғын­дардың сауалдарына жауап берді. Сапар аясында Үкімет басшысының орынбасары об­лыс орталығындағы «Силу­мин Восток» кәсіпорны мен робот­тандырылған хирургия орталы­ғының жұмысымен танысты.

Үкіметтік делегация мүше­лері 21 қыркүйекте Алтай ауданына жол тартып, Тұрғысын ауылының тұрғындарымен кез­десіп, Алтай қаласындағы ин­сульт­тік орталықты көрді. «Қай кезде ау­дан дәрігерлері Англияға барып, тәжіри­белерін шыңдап еді? Қай кезде аудан орталығында компьютерлік томография болып еді?! Денсаулық және басқа да салалар бойынша Шығыс Қазақстан облысы атқарып жатқан жұмыстарды қазір басқа өңірлер жасай алып отырған жоқ» деген Бердібек Сапарбаев аймақтың әлеуметтік саласындағы жүргізіліп жат­қан жұмыстарға жоғары баға берді.
Шығыс Қазақстан облысы