Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2019

Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді

315 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ партияның Түркістан облыстық және қалалық филиалының қызметкерлерімен, аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларымен және өңірдегі бастауыш партия ұйымдарының өкілдерімен кездесті.

Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді

Арыс қаласында болған төтен­ше жағдайдан кейін Ел­басы мен Мемлекет басшысы қал­пы­на келтіру жұмыстары қатаң бақы­лауда болатынын айтып, партия­ға нақты тапсырма­лар берген еді. Соған байланыст­ы Бауыржан Бай­бек Түркістан об­лысының әкі­мі Өмірзақ Шөкеевпен бірге қала­ның Ахымбеков және Құдай­бер­діұлы көшелерінде жарылыстан зардап шеккен үйлердің орнына салынып жатқан көп пәтерлі ны­сандардың құрылысымен танысты.

Жергілікті тұрғындармен кез­­десуде партия Төрағасының бі­рінші орынбасары құрылыстың партиялық бақылауда екенін айтып, үйдің жыл соңына дейін пай­далануға берілетінін жеткізді.

– Арыстықтарға қазақ хал­қы­ның ел болып көмек қолын со­зуы бірлігіміздің жарқын кө­рі­нісі. Қаланы қалпына келтіру жұ­мыстары толық аяқталғанша біз партиялық бақылауды жал­ғас­тырамыз. Бұл – Елбасы, партия Төрағасы мен Мемлекет басшы­сының тікелей тапсырмасы, – деді Бауыржан Байбек.

Өз кезектерінде Арыс тұр­ғын­дары қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқы мен мемлекетке және Nur Otan партиясына шексіз ризашылықтарын білдірді.

Шыны керек, алғашында арыс­­­тықтардың көңілінен әр нәр­сеге алаңдаушылық анық байқа­латын. Қазір көңілдері сабасы­на түсіп, жайланған. Тіпті олар­дың ертеңгі күнге деген сені­мі кү­шейіп, өмірге деген құл­шы­ныстары арта түскенін де аңғару қиын емес.

Сондай-ақ партия Төра­ға­сының бірінші орынбасары қа­ла­дағы А.Қожан көшесінде орна­лас­қан Ибрагимовтер отбасы тұра­тын үйге барды. Аталған үй апат салдарынан жарамсыз деп танылып, қайта салынған. Бауыр­жан Байбек шілде айының басында Арысқа жасаған сапарында да бұл үйдің жағдайымен танысып, партия тарапынан қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Содан бері Ибрагимовтер отба­сында жаңа баспанамен бірге сү­йінші сұрар қуаныш көбейіп, өмір­ге Ілияс есімді шекесі тор­сық­тай ұл келгенін де айта кеткен жөн.

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде Арыс қаласында жөндеу жұмыс­тарының 99,3 пайызы аяқталған. Нәтижесінде, барлық әлеуметтік және халыққа қызмет көрсету нысандары қалыпты жұмыс істеп тұр.

Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 21 тамызда өткен партия Сая­си кеңесінің кеңейтілген отыры­сында «Сенім. Диалог. Бола­шақ­қа нық қадам – Nur Otan пар­тия­сының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, бірқатар басымдықты анықтап берген. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынып, жүйелі түрде жүр­гізілуде. Әсі­ресе, халықты алаң­дат­қан әлеу­меттік мәселелерді оң шешу, аза­м­аттардың әл-ауқа­тын жақ­сартуға бағытталған мем­ле­кеттік бағдарламалардың та­быс­­ты әрі уақтылы орындалуын партиялық бақылауды қамта­­масыз ету, қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру сияқты игі істерде партия өз белсенділігін күшейте түсті.

Бауыржан Байбек партияның Түркістан облыстық және қалалық филиалының қызметкерлерімен, аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларымен кездесуде осы мәселелерге ерекше назар аударды.

Осы ретте айта кетер жайт, Түр­­кістан облысы партиялық жаң­­ғыру жұмыстарын алғашқы­лардың бірі болып қолға алып, нәтижелі жүзеге асыруда. Бүгін­де облыс орталығында Open space форматында жұмыс істей­тін қоғамдық қабылдау бөлме­сі ашылды. Ен­ді бұл жерде облыс­тық филиал төр­ағасынан бастап барлық мемле­кеттік мекеменің өкілдері тұрақты қабылдаулар өткізіп тұрады.

Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы баса көңіл бөлген бағыттардың тағы бірі бастауыш партия ұйым­дарының жұмысын жандандыру екені белгілі. Сондықтан партия Төрағасының бірінші орынбасары Түркістан облысына сапары кезінде «Локомотив» АҚ «Түркістан локомотив пайдалану депосы» базасындағы «Түркістан стансасы» бастауыш партия ұйымының белсенді мүшелерімен кездесті.

Кездесуде Елбасы мен Мем­лекет басшысы жүктеген мін­деттерді жүзеге асыруға пар­тияның әрбір мүшесі белсенді қа­тысуы керектігі және бастауыш ұйымдар партияның өзегі екені сөз болды.

Негізі 1904 жылы қаланған «Түр­кістан локомотив пайдалану депосы» теміржолда жүк және жолаушылар тасымалын қамта­масыз етеді. Бұл мекемеде Nur Otan-ның бастауыш ұйымы 2012 жылы құрылған. Қазіргі таңда 635 мүшесі бар бастауыш ұйым аймақтағы партия­лық жұмыстарға белсене қатысып келеді. «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Мектепке – жол» сияқты әлеуметтік бағыттағы партиялық жобалардың да жүзеге асырылуына аталған ұйымның қосқан үлесі мол.

Түркістан облысы