Саясат • 23 Қыркүйек, 2019

Мұстафа Шентоп: Елбасының түркі әлемі алдындағы еңбегі өлшеусіз

360 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Мұстафа Шентоп: Елбасының түркі әлемі алдындағы еңбегі өлшеусіз

– Құрметті Мұстафа ШЕНТОП мырза, әңгімемізді Түркия мен Қа­зақстанның қа­рым-қаты­настарынан бас­тасақ...

– Қазақстан – біз қазір бір бөлігін Орталық Азия деп атап жүрген ежелгі Түркістан жерінің үлкен әрі қуатты мемлекеті. Өзі орналасқан аймақ пен ха­лық­­аралық қатынастарда өзге­лер сөзіне құлақ асатын мемлекетке айналды. Ал Түркия Қазақ­станның бір бауырының мемле­кеті. Біз тіл, тарих, мәдениет пен сенім бауларымен қосақталған жұртпыз. Қазақстандық бауырларымыз сияқты біз де Қожа Ахмет Ясауидің руханиятынан нәр алған нәсілден тараймыз.

Қазақстанның біздің көңілі­міздегі орны айрықша. Сон­дық­тан жаһандағы халықтар отба­сының тәуелсіз бір мүшесі бо­луға бел байлаған кезінде бі­рінші мойындаған мемлекет біз едік.

Қазақстан ХХ ғасырдың соңғы ширегінде тәуелсіздігін жа­­­риялаған соң Орталық Азия­да күндей жарқырады.

Мұн­­да мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев­тың теңдессіз лидерлік қа­сиеті зор рөл ойнағанын атап өту қажет. Түркі әлемінің ақса­қал­ды көшбасшыларының бірі­не айнал­ған Назарбаев Түр­киямен қарым-қатынастың дамуына ерекше мән берген жан. Осы ұстаным аясында былтыр қыркүйек айын­да өткен Жоғары деңгейдегі стра­тегиялық ынтымақтастық кеңе­сінің үшін­ші отырысы үшін Түр­кияға жа­саған сапарының ай­рықша пай­далы нәтижелері болды. Атал­ған игі нәтижелердің бірі ретінде елдеріміздің арасында екіжақты мәдени орталықтарды құру жөніндегі келісімшартқа қол қойғанымызды атап өткім келеді.

Қазақстан мәдени салада ғана емес, экономикалық мағынада да біздің ең үлкен серіктестеріміздің бірі. Тек екі елдің арасындағы сауда айналымы қос тараптың көңілінен шығатындай деңгейде емес. Мақсатымыз – жылына 10 млрд долларлық сауда айналымы деңгейіне жету. Ол үшін қос тарап та нақты әрекеттер жасауымыз қажет екенін білеміз.

– Қазақстан мен Түркия пар­ла­менттерінің байланыстарына қандай баға бересіз?

– Түркия – Қазақстан қарым-қатынастарының маңызды бір бағытын парламенттеріміздің арасындағы байланыстар құрап отыр. Мәселен, былтыр Қазақстан мен Түркия Мәжіліс төрағалары деңгейінде алғаш рет кездестік. Қазақстанның Түркиядағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлын да қабылдап, елде­ріміздің арасындағы байла­ныстарға баға бердік.

Біз бір атаның кіндігінен тарайтын халықтардың ұрпағы ретінде парламенттеріміздің арасындағы байланыстарды күн өткен сайын тереңдете беруіміз қажет. Осы ретте халықаралық парламенттік ұйымдар мен пар­ла­ментаралық достық топтары­ның байланыстарына ерекше назар аударғым келеді. Біз бір­лесіп құрған ТүркПА-дан бас­тап, біз мүше болған барлық халық­аралық құрылымдардағы өкілдеріміздің ынтымақтастығын жоғары деңгейде жалғастырып келеміз. Бұл орайда достық топтарымыз бен мамандандырылған комиссияларымыздың өзара байланыстары да парламентаралық қатынастарымыздың дамуына оң ықпал ететініне сенімім кәміл.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақ­стан­мен парламент деңгейін­де де тығыз байланысымыз бар әрі осынау қуатты қарым-қаты­настарымыз болашақта әрмен қарай тереңдей түседі деген ойдамын.

– Қазақстанның астанасында өтетін Еуразия елдері пар­ламенттері спикерлерінің 4-басқосуынан не күтесіз?

– Еуразия дегеніңіздің өзі Азия мен Еуропа құрлықтарының ортақ атауы ғой. Әлем халқының үштен екісі өмір сүретін үлкен құрлық. Бұл құрлықтың Азиядағы бөлігі ХХ ғасырдың екінші ширегінен кейін халықаралық жүйеден оқшауланған кезеңді басынан кешірді. ХХ ғасырдың соңғы ширегі Азия аймағының халықаралық жүйемен интегра­цияланған кезеңі болды. Еуразия ұғымы да осы кезеңде пайда болды.

Еуразия парламенттері спи­кер­лерінің жиыны да Азия мен Еуропаның ынтымақтастығы мен серіктестігін паш ету мақсатында үш жыл бұрын ұйымдастырыла бастаған еді. 2018 жылғы жиын­ды біз өткіздік. Биыл аталған басқосу Қазақстанда болады. Құдай қаласа, нәтижелі жиын болады деген ойдамын. Әлем халқының үштен екісі өмір сү­ретін осынау аумақтың келешегін талқыға салатын бұл жиын­ның Қазақстан үшін де ерекше маңызы бар екенін білемін. Бұл тұрғыдан қарастырғанда өтетін кездесулеріміз бен қабылдайтын шешімдеріміздің маңызды нәти­желері болатыны анық.

Еуразия әлемнің омыртқасы іспетті. Бұл құрлықтағы оқи­ғалар күллі әлемге тікелей ықпал етеді. Сондықтан кездесулер мен қабылдайтын шешімдеріміз дү­ние жүзіне әсер етеді деген сөз.

59 елден парламент спикері, спикердің орынбасары мен депу­таттардың қатысуымен өтетін жиын мемлекеттеріміз бен пар­ла­менттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін таптырмайтын сәт деп білемін. Жиынға қатысатын барлық елдер­дің де осынау сәтті тиімді пайдаланатынына сенемін.

БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму жоспары да талқыға түсетін «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деген атауы бар жиын адамзаттың ортақ мәселелеріне бірлесе шешім табу тұрғысынан маңызды мүм­­кіндік ұсына алады. Ортақ мүдделер мен мақсаттар аясында өтетін жиынды қазақстандық бауырларымыз жоғары деңгейде ұйымдастыратынын білемін және алдын ала алғысымды білдіремін.

– Түркі әлемінің рухани ас­таналарының бірі саналатын Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімін бауырлас түрік халқы қалай қабылдады?

– Түркістан Хазар теңізінен Тәңір тауларына дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр ай­мақтың атауы. Аймақтың сая­си географиясының өзге­руімен қатар, атауларында да айыр­­машылықтар болды. Алайда Түркістан өз мағынасын жо­ғалт­қан жоқ. Бұл тұрғыдан қа­растырсақ, Ясы деген көне атауы бар Түркістан қаласының облыс орталығы болуын өте ма­ңызды шешім деп бағалаймын.

Атаулар халықтың тарих, мәдениет, сенім мен дүние­та­нымын көрсетеді. Біз түркі әле­мінде адам, жер-су атауларында көптеген ортақ есімдердің бар екенін білеміз. Қытай қорғанынан Адратика теңізіне дейін созылып жатқан аймақта мұндай ұқсастықтарды жиі кездестіреміз. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан болып өзгергенін және орталығының Түркістан қаласына көшірілуін қуана қабылдадым. Түркістанның Түркі әлемінің жүрегі екенін ерекше ықыласпен атап өткім келеді.

Осы орайда Президентіміз Режеп Тайип Ердоғанның ұсыны­сымен, Түркі кеңесіне мүше елдер­дің бірауыздан қолдауымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Түркі кеңесінің өмір бойы құрметті төрағасы» деп жариялануы мәні терең әрі жарасымды шешім болғанын еске салғым келеді.

– Өзіңіз білетіндей, биылғы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттілігін тоқтатты. Сайлау өтіп, халқымыз Қасым-Жомарт Тоқаевты екінші Прези­дент ре­тінде таңдады. Бұл жа­ңа­лықты қалай қабылда­дыңыз?

– Азияның жарық жұлдызына айналған Қазақстандағы оқиға­ларды қызыға һәм ерекше ықы­ласпен бақылап отырамын. Ке­ле­­шегінің темірқазықтай жар­қы­райтынына өз басым күмәнсіз сенетін Қазақстанда болған өзгерістердің бауырларымыз бен Түркі әлемінің барлық өкілдері үшін қайырлы болуын тілеймін.

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасырдан астам уақыт жауапкершілікпен атқарған президенттік қызметі барысында Қазақстанды жаһандағы халықтар отбасының абыройлы мүшесі деңгейіне көтерді. Ақыл, парасатты, даналық пен әділдікті бе­рік іргетасы етіп қалаған Қазақ елі­нің әртүрлі салада дамып, ал­ға басуына Назарбаевтың көш­басшылығы айрықша ықпал етті. Бұл жағдайға Анадолыда өмір сүретін 82 млн бауырыммен бір­ге риза болғанымды білдіріп, құттықтағым келеді.

Назарбаевтың түркі әлемі үшін жасаған қызметтерін әсіресе келер ұрпақ жақсы түсінетін болады. Бұл тұрғыда Назарбаев Құрметті төраға болған Түркі кеңесінің 15 қазанда Бакуде өтетін басқосуына Өзбекстанның да мүше ретінде қатысуы Түркі кеңесін күшейтіп, оның беделін арттырады әрі Елбасының түркі дүниесі ынтымақтастығын терең­детудегі табандылығының маңы­зын тағы бір мәрте көрсететін болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың прези­денттік өкілеттілігін тоқтату туралы шешім қабылдауы бізді де, халқымызды да біраз алаңдат­қанымен, тәжірибелі саясаткер Тоқаев мырза Қазақстанның екін­ші Президенті ретінде өз қызметін абыроймен атқарып келеді.

Тоқаев мырза 2 қыркүйекте ел халқына арнаған Жолдауын­да экономикалық және әлеу­мет­тік өмірде жасалатын ре­фор­малар арқылы қазақстан­дық бауырларымыздың мұқтаж­дықтарын сезініп, тілектеріне жа­­­уа­п берді. Аталған мақсат­тарға жету үшін жасалатын қадам­дардың нық боларына сенемін. Түркия да Қазақстанда жасалатын реформаларды қолдайды.

– Әлемде соңғы 10 жылдың ең маңызды мәселелерінің басында Сириядағы азаматтық соғыс тұр. Осы Сирия түйінінің шешілуі үшін Қазақстан ма­ңызды рөл атқаруда. Осы орай­дағы еліміздің қадамдары туралы не айтар едіңіз?

– Қазақстан салиқалы көз­қарасқа басымдық берген мемлекет. Мұны халықаралық мә­селелерге қатысты мойнына алған жауапкершіліктерден нақты көре аламыз. Бұған Ас­тана процесінде куә болдық. Қазақ­станда өткен Астана процесі кездесулерінің нақты нәти­желерін 16 қыркүйек күні Анкарада жүзеге асқан үштік саммитте қабылданған ше­шімдерден көрдік. Анкарада болған саммитте Ресей, Түркия және Иранның мемлекет басшы­лары бесінші рет бас қосып, Сирия мәселесін шешуге бел байлады. Осылайша Астана процесін Анкара саммиті арқы­лы нығайтқан жайы бар.

Қазақстан Еуразия құрлы­ғын­дағы бейбітшілік пен тұрақ­тылыққа қосқан маңызды үлесі арқылы көзге түскен мемлекет ретінде Сирия мәселесінің шешілуінде де маңызды рөл ойнады. Елдің бұл ұстанымы келешекте де осыған ұқсас мәселелердің шешімін табуына үлес қосатынына сенемін.

– Ортақ тарих, мәдениет пен сенімге ие Түркі мемле­кет­терінің заңнама саласын­дағы ұқсастықтары мен айыр­машылықтарына да тоқталып өтсеңіз.

– Шын мәнінде біз барлық салада бір-бірімізге ұқсаймыз. Алайда сауалыңызды бір салаға қарай бұруыңызға байланысты сол төңіректе жауап бергім келеді. Өзіңізге мәлім, біздің елдердегі биліктің қайнары – халқымыз. Сайлау арқылы билікке келген тұлғалар мен билік құрылымдары елдерімізді басқарады. Бес жылға сайланған басшыларымыз қызмет мерзімі аяқталған соң қайтадан халықтың тілегіне құлақ асуды міндет әрі жауапкершілік ретінде қабылдайды.

Бір жағынан қоғамның тағды­рына әсер ететін мәселелер мен шешімдерге байланысты дана тұлғалармен кеңесу, халықтың беткеұстар тұлғаларымен ақыл­дасып отыру да қадымнан бүгінге жеткен салтымыз. Құрылтай, той, ұйым, кеңес, диуан тәрізді ұғымдардың тым көне замандарға кететін тарихы бар. Қорқыт ата хикаяларынан бұл ұғымдардың түрлі сипаттарын көруге болады. Осы мысалдар Түркі саяси мәдениетінде мәжіліс дәстүрінің тым көне замандарға барып тірелетінінің дәлелі-дүр.

Мәселен, «той» ұғымын қарас­тырсақ, ол бір жағынан мереке, екінші жағынан үлкен жиын һәм мәжіліс мағынасын береді. Тойларда аста-төк дастарқан жайылады, жастар мерекенің сәнін кіргізіп, сайысқа түседі, ақсақалдар мен бектер елдің ісін сөз етеді, кеңеседі. Бұл да түркі халықтарының мәжіліске деген құрметінің белгісі.

Ұлы мемлекет құру бірлік пен ынтымақ сезімінің күшті болуы арқылы ғана жүзеге асады. Бірлік пен ынтымақты күшейтуге тек мәжіліс салтын сақтау арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Тарих, қоғам, экономика, саясат пен халықаралық қаты­настардың динамикасы тым жоғары. Жағдай бұлай қалыптасып тұрған сәтте мемлекеттер мен ұйымдардың қозғалыссыз қалуына болмайды. Түркі мемлекеттерінің алдында тұрған міндет – тарихи тәжірибемізді заманауи демократия ұғымдарымен біріктіріп, мемлекет-халық ынтымағын бекемдеп, келешекке нық қадам басу. Бұл тұрғыда ТүркПА-ның кезекті төрағасы ретінде ТүркПА-ның парламенттік дипломатия аясында көптеген мүмкіндіктер мен жеңілдіктер ұсынғанын еске салып, Түркі әлемін осы құрылым қызметін пайдалануға шақырғым келеді.

– Түркия парламенттік жүйе­ден Президенттік билік жүйе­сіне өтті. Бұл өзгеріс саясат­қа қа­лай әсер етті? Қазіргі кезде Пар­­ламенттің ықпалы қандай деңгейде?

– Парламенттік жүйе мен Президенттік басқару жүйесіне қатыс­ты пікірталас Түркия үшін таңсық емес. Марқұм Прези­дентіміз Тұрғыт Өзалдан бас­тап 30 жылдан астам уақыт прези­денттік басқару жүйесі туралы мәселе күн тәртібіне шығып, пікірталас тоқтаған жоқ еді. Президентіміз Режеп Тайип Ердоған ұзақ уақыт пікірталас тақырыбына айналған әрі әбден пісіп жетілген президенттік жүйе­ні табандылықпен қолдап, ақыр соңында жүзеге асырудың сәті түсті. Қысқасы, президенттік бас­қару жүйесі біз үшін жат дүние емес.

Егер тарихи тұрғыда баға­лайтын болсақ, соңғы жылдары Түркия парламенттік жүйенің негізінен алыстап кеткенін айтуға мәжбүрмін. Әсіресе 1990 жылдары парламентаризм табиғатынан алыстаған жылдарымыз болды. Сол кездері парламенттік жүйенің олқылықтарын пайдалана отырып ұйымдастырылған дау-дамайлар мен талас-тартыстар 1990 жылдар ұсынған мүмкіндіктер мен ыңғайлы сәттерден айырылып қалуымызға себеп болды.

Түркия 2017 жылдың 16 сәуірінде өткен жалпыхалықтық дауыс беру арқылы президенттік басқару жүйесіне өтті. Жаңа жүйемен бірге заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерінің арасындағы үйлесімге қол жет­кіздік. Күштердің ықпалы мен жа­уапкершіліктері Консти­туцияда нақты көрсетілді. Осылайша жүйе ішіндегі ықпал мен жауапкершілік қайшылықтары жойылды. Осы тұста заң шығарушы орган да атқарушылық қызметтен арылды. Тәуелсіз болды. Бұрынғы әдеттерінен арыла қоймағандар бұл жағдайды жақтырмаса да бола­шақта мәселені көпшілік жақ­сы түсінетініне сенемін. Уақыт өте келе Түркия Ұлы Ұлт­тық Мәжілісінің күші де, оған деген құрмет те арта түседі деген пікір­демін.

– Көп рахмет.

Әңгімелескен

Амангелді ҚҰРМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»