Әлем • 23 Қыркүйек, 2019

Израильдегі саяси элита дағдарысқа тірелді

624 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Израильдегі саяси дағдарыс аяқталар емес. 17 қыркүйектегі парламенттік сайлаудан кейін де партиялардың ешқайсысы анық басымдыққа ие бола алған жоқ. Оның үстіне, ең көп дауыс жинаған екі партия өзара коалиция құру жөнінде мәмілеге келе алмады.

Израильдегі саяси элита дағдарысқа тірелді

Негізі кезекті сайлау қараша айына жоспарланған еді. Алайда парламент мүшелері діни сауат ашып жүргендерді әскерге барудан босату жөніндегі заң жобасын талқылауда ортақ шешімге келе алған жоқ. Әсіресе Қорғаныс министрі Авигдор Либерман бұған түбегейлі қарсылық танытты. Оның үстіне Премьер-министр Биньямин Нетанияхудың соңынан сөз еріп, оның жақтастары да үкімет басшысының бірқатар бас­тамасына қарсы шыққан-ды. Биылғы 1 сәуірде Израильде кезектен тыс сайлау өтті.

Сәуірдегі дауыс беру нәтижесі бойынша Биньямин Нетанияху басшылық ететін «Ликуд» партиясы «Кахоль-лаван» партиясымен тең түсіп, парламенттен 35 орыннан бұйырды. Әйтсе де «Ликуд» партиясы дер кезінде басқа партиямен коалиция құрып үлгермегендіктен, парламент таратылып, тағы бір кезектен тыс сайлау белгіленген еді.

Қыркүйектегі дауыс беру нәтижесі де мәселені түбегейлі шешті деп айту қиын. Біріншіден, жоғарыда атап өткен екі партия тағы да мәреге тайталасып келді. Әзірге Бенни Ганц басқаратын «Кахоль-лаван» партиясы Кнес­сет­тен (Израиль парламенті) 33 орын иеленсе, «Ликудқа» 31 мандат бұйырып тұр. Қазірге дейін бюл­летеньдердің 97 пайызы саналды. Нәтиже толық анықтал­ғанда да түбегейлі өзгерістің болмайтыны қазірден-ақ белгілі.

Екіншіден, Б.Нетанияху үшін бұл сайлау оңайға соқпайын деп тұр. Өйткені Бенни Ганц «Ликудпен» коалиция құрудан мүлдем бас тартып отыр. Оның себебі мынада. Алда-жалда екі партия мәмілеге келсе, Б.Нета­нияху премьер креслосын сақ­тап қалуды көздейді. The Guardian газетінің хабарлауынша, Б.Нетанияху үкіметті кезектесіп басқаруды ұсынып отыр. Бұған дейін Израиль тарихында мұндай оқиға кездескен-ді. 80-жылдары Ицхак Шамир мен Шимон Перес Премьер-министр лауазымын кезектесіп атқарды.

Алайда мұндай ұсынысқа Б.Ганц келіспейтінін анық аңғартты. Оның айтуынша, «Ка­холь-лаван» партиясы көп мандат иеленгендіктен, Премьер-министр лауазымы өзіне бұйыру керек деп есептейді.

«Халқымыз бірлікті таңдады. Әуелі Израиль ұстанымын дұрыс көрді. Мен бастаған «Көк пен ақ түстестер» («Кахоль-лаван» партия­сы – А.А) сайлауда жеңіске жетті... Өз көшбасшылығыммен бірлескен либерал үкімет құруды көздеймін. Үкімет халықтың қалауын орындауы тиіс. Ал жем­қорлық жайлаған жерде тұрғын­дарға жақсылық жоқ», деп мәлімдеді Б.Ганц.

The BBC арнасына сүйенсек, «Кахоль-лаван» партиясының белді өкілдерінің бірі – Моше Яалон тілшілерге берген сұхба­тында «Нетанияху бастаған партиямен коалицияға түспейміз» деп кесіп айтқан.

Өз кезегінде Б.Нетанияху ұсы­нысының қабылданбағанына таңғалғанын әрі ырза еместігін жеткізді. Дегенмен оның алаңда­уына негіз бар. Жүргізілген сауалдамалардың нәтижелеріне сүйенсек, Б.Нетанияху мен оның жақ­тастарын қолдайтындар саны азайған. Сондай-ақ екі аптадан кейін оған қатысты сот оты­рысының алғашқы тыңдалымы өтеді. Бұған дейін жемқорлыққа қатысы бар деп Б.Нетанияхуға қарсы іс ашылған-тұғын. Әйтсе де кәнігі саясаткер қолы таза екенін алға тартады.

Енді бұл партияларға өзге саяси ұйымдармен жаңа коалиция құрып, үкіметті жасақтауға бірнеше апта уақыт беріледі. Егер осы уақыт аралығында ешқан­дай тарап 61 мандат иеленіп үлгер­месе, парламенттік сайлау үшінші рет өткізіледі.

Ел президенті Реувен Ривлин өткен бейсенбіде мұндай жағдайға жол бермеу үшін қолынан келе­тінінің бәрін жасайтынын мәлімдеді.