Медициналық сақтандыруға не үшін төлеу керек?
Медициналық сақтандыру төлемдерін аудару сізге медициналық қызметтің сақтандыру пакетін пайдалануға мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыру пакеті арқылы тегін көмекке қарағанда әлдеқайда cалалы қызмет алуға болады. Сақтандырылған адамдар дәрігерге қаралуға, ем қабылдауға кететін шығындарға алаңдамаса да болады. Сондықтан медициналық сақтандыру төлемдерін аударған тиімді.
Дегенмен, бұл медициналық сақтандыру жарнасын аудармаған азаматтарға медициналық қызмет көрсетілмейді деген сөз емес. Олар учаскелік терапевт қабылдауына жазылып қана қоймай, тексерістен өтіп, бірқатар қауіпті дерт бойынша тегін ем алады. Жедел медициналық жәрдемнің қызметі де ақысыз болып қала береді.
Медициналық сақтандыруды халық неғұрлым көп таңдаса, жүйе соғұрлым тұрақталады.
Кім үшін және қанша жарна?
Заң бойынша барлық жұмыс істейтін тұрғындардың табыстарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарналар алынуы тиіс. Ағымдағы жылы жарнаны тек жұмыс берушілер ғана төлейді. Оның көлемі - жалдамалы қызметкерлерге берілетін еңбекақының 1,5%-ы.
Сіздің мемлекеттік құрылымда немесе жекеменшік ұйымда болсын, қай жерде жұмыс істейтініңіз маңызды емес: жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлем жүргізуге міндетті. Бұл сіздің жалақыңызға әсер етпейді.
Осы мәселеге көз жеткізу үшін сізге ай сайын берілетін есеп парағымен мұқият танысып шығыңыз. Жұмыс берушінің МӘМС жүйесіне қатысты ағымдағы ай мен жыл басынан бергі аударымдары жеке жолақта көрсетілген. Назар аударыңыз: Қазір МӘМС үшін «Ұстап қалу» бағанында ешқандай сома жоқ!
Есептеу үлгісі:
2019 жыл
Түскені - 100 000 теңге
Еңбекақыдан МӘМС-ке жарна ұстап қалу - жоқ
Жұмыс берушінің аударымдары – 1500 теңге
Келесі жылы сақтандыру медицинасы енгізілгенде жағдай өзгереді. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс беруші сіздің еңбекақыңыздың 1%-ын (2022 жылы – 2%-дан) ұстап, Медициналық сақтандыру қорына аудара бастайды. Әйтсе де белгілі шегі бар – ең көп дегенде 10 ең төменгі жалақыдан есептеледі.
Жұмыс беруші жалдамалы персонал үшін 2020-2021 жылдары - 2%, 2022 жылы - 3% аударым жасауды жалғастыра береді.
Есептеу үлгісі:
2020-2021 жылдар
Түскені - 100 000 теңге
Еңбекақыдан МӘМС-ке жарна ұстап қалу – 1000 теңге
Жұмыс берушінің аударымдары – 2000 теңге
2022 жыл
Түскені - 100 000 теңге
Еңбекақыдан МӘМС-ке жарна ұстап қалу – 2000 теңге
Жұмыс берушінің аударымдары – 3000 теңге
Кім өзі төлейді?
Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар (жеке адвокаттар, сот орындаушылары, т.б.) 2020 жылдан бастап ай сайын 1,4 ең төменгі жалақының 5% ставкасы бойынша МӘМС жарналарын аударатын болады. Ағымдағы жылдың бағасымен есептесек, жарнаның көлемі 2975 теңгені құрайтын еді.
Есептеу үлгісі:
Ең төменгі жалақы 2019 жылы – 42500 теңге
42500 теңге Х 1,4 = 59500 теңге
59500 теңгеден 5% = 2975 теңге
Ең төменгі жалақы жылма-жыл өзгеретіндіктен, 2020 жылы жарна сомасы өзгеше болуы мүмкін.
Барлық тұрғындар (дербес төлеушілер) медициналық сақтандыру үшін ең төменгі жалақының 5% мөлшерінде төлем жасай алады. 2019 жылы - 2125 теңге.
Есептеу үлгісі:
Ең төменгі жалақы 2019 жылы – 42500 теңге
42500 теңгеден 5% = 2125 теңге
Тұрақты табысы немесе ресми еңбек шарты жоқ азаматтар да медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы бола алады. Мұндай мүмкіндік жалдамалы еңбек күшін тартпай, өзге жеке тұлғаларға қызмет көрсетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға (мысалы, саяжайының көкөністері мен жемістерін сатумен, көмір тиеумен немесе бақшаға егін егумен, бала күтуші, репетитор секілді жұмыстармен, үйде компьютер жөндеумен айналысатын азаматтар) беріледі.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасай алады. Ең төменгі аударымдар үшін (0,5 – 1 АЕК) азамат бірден үш әлеуметтік жүйенің қатысушысы болады: зейнетақы (жұмыс өтілі есептеледі), әлеуметтік және медициналық сақтандыру. 2020 жылы кемінде үш ай қатарынан БЖТ төлеу медициналық қызметтердің сақтандыру пакетін алуға мүмкіндік береді.
БЖТ есептеу үлгісі:
Республикалық және облыстық маңызы бар қалалар үшін - 1 АЕК (2019 жылы 2525 теңге)
Ауылдық жерлер үшін - 0,5 АЕК ( 2019 жылы 1263 теңге)
Еске сала кетейік, Медициналық сақтандыру жүйесі заң арқылы енгізілді. Жұмыс берушілердің, ЖК, жеке тәжірибемен айналысатын адамдардың жүйені орындауын Мемлекеттік кірістер департаменті салық міндеттемелерін орындау қағидаты бойынша қадағалайтын болады. Төлем мерзімін кешіктіргендер үшін өсімпұл жүреді, қасақана төлем жасамайтындардың шотына тыйым салынады.