Руханият • 24 Қыркүйек, 2019

Семейде театр тойы басталды

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алаштың рухани астанасы атан­ған Семей шаһарында 20 қыр­күйекте әйгілі актриса, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Әмина Өмірзақованың 100 жыл­­дығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІІ рес­пуб­­ликалық фестивалі басталып кетті.

Семейде театр тойы басталды

Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан шара аясында еліміздің 12 театры 5 күн бойы өнерлерін паш ететін болады. Ауқымды мәдени шараны ұйымдастырушылардың бірі Қазақстан театрлар қауымдастығының вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің айтуынша, мұндай республикалық фес­тиваль Семей топырағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Фестивальдың ашылу салтанаты Семейдегі Абай атындағы драма театрдың алдында өтіп, шараға кел­ген бүкіл театр ұжымдары, аты аңыз­ға айналған Асанәлі Әшімов, М­еруерт Өтекешова бастаған өнер майталмандары қызыл кілеммен жүріп өтті. Мәдениет және спорт минис­тр­лі­­гінің Театр және кинематография бас­­­қармасының бас сарапшысы Гүл­нәфис Мырзашева министр Ақтоты Райым­құлованың құттықтау хатын оқып берді.

«Қымбатты бауырлар, қандастар! Ұлы Абай елі. Бұл киелі жерге біз тәу етіп, оң аяғымызбен аттап келеміз. Өт­кенді ұмытпай, арғыдан келе жатқан дәс­түрімізді жалғап, халық­қа өнерімізді паш етсек, біздің мақсатымыздың орын­­­дал­ғаны. Әмина апамызбен бірге жүрдік, бірге жұмыс істедік. Ұлы Шә­кеннің досы еді. Екеуі қатар отырғанда елді күлкіге қарқ қылатын. Әмина – ұлы актриса. Әмина, Сәбира, Қадиша апалар, Шолпан, Бикен, Зәмзәгүл... Дүние­ден осындай ұлы актрисаларымыз өткен. Әрқайсысы бір төбе. Әрқай­сысына фестиваль арнасақ артық етпейді» деді шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов.

 

СЕМЕЙ