Әлем • 24 Қыркүйек, 2019

Шекара шегенделмесе, қақтығыс азаймайды

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы кикілжің қыркүйектің 15-де басталып, 18-де аяқталды. Алайда кісі қаны төгіліп, «Азия-Плюс» ақпараттық агенттігінің хабарына қарағанда, бір қырғыз, үш тәжік шекарашысы қаза тапқан.

Шекара шегенделмесе, қақтығыс азаймайды

Қырғыз-тәжік шекарасы­­ның жалпы ұзындығы 976 шақы­рым, соның ішінде делимитация мен демаркациядан өтіп, бекі­тіл­гені тек 504 шақырым ғана. Демек, бұл екі елдің ортақ ше­карасының тек жартысы ғана белгіленген деген сөз. Бұл – шекара маңындағы кикілжің­ді, суға, жерге деген таласты үнемі туындатып тұратын жағдай. Этносаралық кикілжіңдер де болып тұрады. Кейде ашынған халық бір-біріне тас атып, тіпті оқ жаудырып, жағдайды қанды тартысқа ұластырып жібереді. Мына оқиға да сондайдың бірі болып отыр.

Бұл жолғы кикілжің Қырғыз­станның Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғди облысы тұрғындарының арасында 15 қыркүйекте басталды. Баткен облысының Ләйлек ауданын­дағы Мақсат шекаралық беке­тінің маңында тәжіктер талас аумаққа құрылыс жүргізе бастағандықтан кикілжің туды дегенді қырғыз жағы айтады. Ал тәжік жағы құ­рылысты алдымен қырғыз жағы бастады деп айыптайды.

Қалай десек те қазір кикіл­жіңді нақты қай жағы бұрын бастағаны талас тудырып тұр. Әйтеуір екі жақтың тұрғындары да өз туларын тігіп, талас ай­мақ­та құрылыс жұмыстарын жүр­гізуді бастаған. Бір-біріне қар­сы тас атудан басталған ки­кіл­­жің келесі күні атысқа ұлас­қан. 

Екі жақ та өздерінікін дұрыс, қарсыластарын арандату­шылар, атысты бастаған солар деп айыптайды, бірақ нақты кім екенін анықтау қиын. «Фергана News» басылымы да жоғарыдағы «Азия-Пресстің» деректерін қайталап, тәжік жағынан үш, қырғыз жа­ғынан бір шекара­шының қаза бол­ғанын жария­лады. Сонымен қатар осы басы­лымның жариялауына қара­ғанда, қырғыз жағынан жара­лан­ғандар саны 13, тәжік жағы­нан жараланғандар 12 адам болыпты.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл екі елдің шекарасындағы жиі болып тұратын шиеленісті оқиғаның бірі. Осы жылдың шілде айында ғана қырғыздың Ақсай айылының маңында осындай кикілжің болып, бір адам өліп, 14 адам жараланған.

«Интерфакс» агенттігінің хабарына сүйенсек, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээн­беков қырғыз-тәжік шекара­сындағы кикілжіңді халықара­лық құқық шеңберінде шешіп, тезірек реттеу қажеттігін мәлім­деген. Сондай мәлімдеме Тәжік­станның орталық билігі тарапынан да жарияланды.

Осыдан он жылдай бұрын Қырғызстан мен Тәжікстан талас тудырған шекаралық аумақ­тарға құрылыс жүргізбеу туралы келісімге қол қойған. Бірақ осы жылдар ішінде екі жақ келісімді бұзды деп бір-бірін айыптаумен келеді.

Бұл жолғы кикілжің екі елдің премьер-министрлерінің келіс­сөз жасауымен 18 қыркүйек­те шешілді. Екі ел атыс жасалған жерден қарулы күштерді аулақ әкетуге келісті. Сонымен қатар Қырғызстан жағы бұрын тұрғыз­ған бақылау мұнарасын бұзуға, ал Тәжікстан жағы құрылыс тұр­ғызбауға келісті.

Әрине бұл түпкілікті шешім емес, кикілжіңді реттеудің бір амалы ғана. Осыған қарап Қазақ­­станның өз шекарасын түпкілікті бекітіп, реттеп ал­ғанына риза боласың. Әрине ондайға мемлекеттер басшы­ларының саяси ерік-жігері керек еді, Қырғызстан мен Тәжікстан лидерлерінің ондай шешімге бара алмағаны өкініш­ті-ақ. Сон­дықтан талас аумақтағы шекаралық кикілжіңдер де жал­ғаса берері сөзсіз. Ол әлі талай адамның өліміне соқтыруы да мүмкін.