Елбасының тапсырмасымен құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы этностық көші-қонға, яғни шетелдегі қазақтардың атажұртқа көшіп келуіне айрықша көңіл бөлді. Бұл үшін қауымдастық қызметкерлері шетелдерге жиі шығып, ондағы қазақтарға атажұртқа оралудың жол-жобасын көрсетіп, келетін отбасылардың тізімін жасап, көші-қон мекемелеріне өткізіп отырды. Жергілікті әкімшіліктермен байланыс жасап, келген қандастардың дұрыс орналасып, жаңа ортаға тез бейімделуіне көмектесті.
Бұл жылдары Қазақстан үкіметі көші-қонға айрықша ынта-ықылас танытып, барлық жағдайды жасады. Моңғолиядан бастап, сонау араб елдері мен Түркияға дейін арнайы ұшақтар мен көліктер жіберіп, ағайындарды жүздеп, мыңдап көшіріп әкелді. Жыл сайынғы көші-қон квотасының саны 20 мың отбасына дейін көтерілді. Бұл көш 90-жылдардың ортасында айрықша мол болып, қандастардың саны жылына 170 мыңға дейін жетті. 2000 жылдардың ортасында да бұл көш 60-70 мыңның төңірегінде болды. Сөйтіп Қазақстанға 1 млн-нан астам қандасымыз оралды.
Бүгінгі таңда республика халқының жалпы саны 18 миллионнан асып, 19 миллионға бет алды. Егер 1 млн қандасымыз келмегенде Қазақстан халқының саны қазіргі деңгейге жете алмас еді; әлеуметтік-экономикалық дәрежеміз, мәдени-рухани жағдайымыз дәл қазіргідей биікке көтерілмес еді.
Этностық көштің қазіргі жағдайы
Соңғы уақытта сырт жерлердегі ағайындармен байланыстың бұрынғыдан әлдеқайда әлсіреп, төмендегені анық. Бұған шетел қазақтарының атажұртқа келуінің азайып, сыртқа кетушілердің көбейгені дәлел. Баспасөзде жарық көрген ресми деректерге сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанға бар болғаны 16,1 мың адам келген, ал кетушілер одан әлдеқайда көп, яғни 37,7 мың адам. 2018 жылы Қазақстанға 12,8 мың адам келсе, шетелдерге одан үш еседен артық, яғни 41,9 мың адам кеткен. Ал 2019 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға келушілер 5 мыңнан сәл ғана асса, кеткендер төрт есе көп, яғни 20 мың болған.
Міне, осы айтылған мәліметтер жыл өткен сайын Қазақстанға келушілердің үздіксіз кеміп, кетушілердің көбейгенін анық көрсетеді. Кез келген мемлекеттегі халық санының өсуін көршілес елдермен салыстырып бағалау керек. Мысалы, 1967 жылы Өзбекстанда 10 миллион 896 мың халық болған. Сол кездегі Қазақстан халқы 12 миллион 400 мың, яғни өзбекстандықтардан 2 миллион артық екен. Ал содан тура елу жыл өткенде, яғни 2017 жылғы есеп бойынша Өзбекстан халқы 34 миллионға жақындап, үш есе көбейіпті. Бұл жылдары Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан халқы да үш есе көбейген.
Ал Қазақстан халқы бұл жылдары үш емес, бар болғаны жарты есе ғана өсіп, 18 миллионнан әрең асқан. Яғни, Қазақстандағы демографиялық өсім көрші елдермен салыстырғанда өте төмен. Халық санының өсуіндегі мұндай олқылықтар еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігіне кері әсер ететіні анық.
Шетелдегі ағайындарды атажұртқа әкелу – ең алдымен бізге, яғни Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін керек. Өйткені Қазақстан – бүкіл әлем бойынша жер көлемі жөнінен ең алдыңғы орында, ал халық саны осы кең жермен салыстырғанда ең соңғы орындардың бірінде тұрған мемлекет. Яғни, біз осындай кең жерді 20 миллионға да жетпейтін халықпен еркін игеріп, биік дәрежеге көтеріле аламыз ба? Мұның қиыншылығы қазірден байқалуда. Мысалы, мал өсіретін, көкөніс егетін осынша кең жеріміз бола тұрып, жейтін етіміздің, ішетін тамағымыздың басым бөлігін Өзбекстаннан бастап, алыс-жақын шетелдерден тасимыз. Киетін киімімізді Қытай мен Қырғызстаннан әкелеміз. Сәл бірдеңе болса ауылдық жерлерде жұмыс жоқ дейміз, бірақ сол ауылдарға әлемнің әр түкпірінен сан мыңдаған еңбек мигранттары, яғни гастербайтерлар келіп, үй салып, құрылыспен айналысып, егін егіп, мал өсіріп, пайда тауып жатқаны қаперімізге кірмейді.
Өткен жылы көші-қон қызметі арқылы 438 мың шетелдік Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алған. Оған қоса Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Әзербайжан, Молдова, Грузия елдерінен келген 175 мың еңбек мигрантының жұмыс істеу рұқсатының мерзімі ұзартылған. Ал биылғы жылдың 6 айы ішінде Қазақстанда жұмыс істеуге 260 мың шетелдікке рұқсат берілген («Egemen Qazaqstan», 12.07.2019 ж.). Мұның сыртында ешқандай рұқсат алмай, заңсыз жұмыс істеп жүрген мигранттар қаншама?
Ал сонда бұл жұмыстарды шетелдіктер емес, өзіміздің қазақстандықтар неге істемейді? Бұл туралы мәселе көтерілсе, айлығы аз, жұмысы қиын, жағдай жоқ деген сияқты толып жатқан сылтау айтылады. Бұл жағдай Қазақстандағы жергілікті халықтың ұшан-теңіз бай жерді тиімді пайдалануды әлі де меңгере алмай жатқанын көрсетеді. Міне, осылармен салыстырғанда, сырттан келетін қандастар еңбек етуге барынша бейім. Ешкімге алақан жайып отырмайды. Тірліктің қай саласында болсын жанын салып жұмыс істейді. Егін де егеді, мал да өсіреді. Шағын кәсіпкерлікпен де айналысады. Қандастардың бүгінге дейінгі нәтижелі еңбегі, жеткен жетістіктері осыған айқын дәлел.
Этностық көштің ерекше қанат жайып, қандастардың көптеп келуі біздің мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, қауіпсіздігін нығайту үшін де керек. Соңғы уақытта Қазақстанның әр өңірінде бос қалған елді мекендер, иесіз қалған жерлер көбеюде. Осындай жағдайда жиырма-отыз жылдан кейін не болады? Тұрғындары барынша көбейіп, өз жеріне сыймаған көршілеріміз Қазақстанның бос жатқан өңірлеріне жан-жақтан ағылмай ма? Ондай жағдайды тоқтатуға шамамыз жете ме?
Этностық көші-қон, яғни қандастар туралы сөз болғанда осы мәселе, яғни ел қауіпсіздігі ерекше есте болғаны жөн. Бұл мәселе алдағы уақытта Қауіпсіздік кеңесінде арнайы талқыланса да артықтық етпес еді.
Көш неге тоқтап қалды?
Көші-қон саласындағы ұзақ жылдардан бері жүзеге асырылған жақсы істердің аяқ астынан кедергіге кездесіп, бұрын-соңды болмаған қиындықтарға ұшырауының себебі неде?
Мұның ең басты себебі – Қазақстандағы жоғары орындардың этностық көші-қон мәселесіне дұрыс көңіл бөлмеуінен; шетел қазақтарының елімізге қажет екендігін түсінбеуінен туындайды.
Шетел қазақтарымен қарым-қатынастың төмендеп, қандастардың күрт азаюының және бір себебі – қазақ диаспорасымен мәдени-рухани, оқу-білім және көші-қон жөнінен байланыс жасаудың бір жүйеге түскен нақты бағдарламасының болмауы. Мұндай бағдарлама «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының негізінде жасалуы тиіс еді. Соңғы жылдары бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бірнеше рет қайта қабылданды. Мұндай жағдайда жаңа заңды дайындаушылар да, оны қабылдайтын Парламент депутаттары да «Заңның осы жолғы нұсқасы өте керемет, қандастарға барлық жағдайды жасайды» деген әңгімелер айтады. Бірақ заң қабылданғаннан кейін оның бәрі жайына қалады. Заңда көрсетілген мәселелер дұрыс атқарылмайды. Заңды жүзеге асыратын ережелер мен басқа да құжаттар жасалмайды. Соның салдарынан қандастардың жағдайы жеңілдемек түгілі, бұрынғыдан қиындай түседі.
Осыған орай және бір жағдайды атап айта кеткен жөн. Ресейден бастап өркениетті елдердің бәрі этностық көші-қонды бір орталықтан басқарып, нақты жүйемен жүргізеді. Бұрын Қазақстандағы қандастар көші де осылай ұйымдастырылатын. Бірақ кейінгі уақытта Қазақстанда оның бәрі тоқтаған. Бірен-саран облыстарда қандастарға арналған бейімдеу орталықтары бар, бірақ олардың жұмыстары ешқандай сын көтермейді. Осындай жағдайдың салдарынан қазіргі қандастар бала-шағасын шұбыртып, өз күштерімен келеді. Келгеннан кейінгі жағдайлары да оңай болмайды. Тұратын үйді өздері табады. Тұрақты тіркелу мен Ықтияр хат алу үшін толып жатқан құжат жинайды. Бұған да олардың біраз ақшасы, төрт-бес ай уақыты кетеді.
Қазіргі кезде көші-қонмен нақты кім айналысатыны белгісіз. Көші-қон комитеті әлдеқашан таратылған. Қазір ол – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы шағын басқарма. Ол басқарманың этностық көші-қон мәселесін толық шешуге шамасы жетпейді.
«Халықтың көші-қоны туралы» Заңда этностық көшті шетелдерде ұйымдастыру Сыртқы істер министрлігіне жүктелетіні атап көрсетілген. Бірақ бұл министрлік заңда көрсетілген бұл міндетті ойдағыдай орындап отыр деп айту қиын.
Сондай-ақ қандастардың Қазақстанға келгеннен кейінгі көп шаруасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясына барып тіреледі. Бірақ бұл мекемеде этностық көші-қонның ерекшелігін түсініп, жанашырлық таныту кенже қалып тұр. Атажұртқа ат бұратын ағайынның азаюының бір себебі осыдан туындап отыр. Осыған орай, мына жағдайды атап айтқымыз келеді. Соңғы уақытта дүние жүзі бойынша көші-қон ең күрделі мәселелердің біріне айналып, бұл жөніндегі ереже-тәртіптер қатайтылуда. Бірақ бұл талап босқындар мен еңбек мигранттарына қатысты. Ал этностық көші-қон, яғни өз қандастары мен отандастарын көшіріп әкелудегі шарт-талаптар барлық елдерде де бұрынғыдай жеңілдіктер жасау негізінде жүзеге асырылады. Бұған Израиль, Германия, Польша сияқты елдерден бастап Ресейдегі этностық көші-қон туралы жүргізіліп жатқан жақсы істер айқын дәлел.
Қазақстандағы көші-қон мекемелері үшін шетелден келген босқын да, жұмыс іздеп жүрген гастербайтер да, атажұртқа оралған қандастар да – барлығы бір сияқты. Мысалы, қандастарымыз белгіленген мерзімде тұрақты тұруға рұқсат алып үлгермесе, көші-қон полициясы оған ереже бұздың деп, айып салып, шекарадан кері қуады. Кейде паспортына Қазақстанға қайтып келуге болмайтын «қара таңба» басады. Мысалы, Алматы облысы Қарасай ауданына Ауғанстаннан бала-шағасымен көшіп келген бір топ қазақ осындай қиыншылықты бастан кешіруде.
Елбасы тапсырмасы қалай орындалуда?
2017 жылы өткен Әлем қазақтарының V құрылтайынан кейін көші-қондағы жағдай өзгеріп, біраз мәселе бір жүйеге түседі деп үміттенген едік. Бұл құрылтайда Елбасының ұсынысымен Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбеков сайланды. Зауытбек Тұрысбеков – кезінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған, оның ішінде біраз уақыт Көші-қон комитетін басқарған белгілі қайраткер.
Құрылтайда Елбасы шетелдегі қазақтармен байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуына кең жол ашу жөнінде сегіз бағыттан тұратын міндетті атап көрсетіп, Үкіметке нақты тапсырма берді. Бұл тапсырманың ең бастыларының бірі – «Отандастар» қорын құрып, осы Қор мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірлесуінде шетелдегі ағайындармен байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуының барлық мәселелерін қамтитын кешенді бағдарлама әзірлеу еді.
Бүгінгідей әңгімеде қауымдастықтың «Отандастар» қорымен ара-қатынасына да тоқтала кеткеніміз жөн. Бұл қор Елбасының бесінші Құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес дүниеге келді. Арқа сүйейтін осындай тірегі болмағандықтан қауымдастық кезінде көп қиындыққа ұшыраған. Әсіресе қаржы мәселесі шаршататын. Санаулы қызметкерлер жарытымсыз жалақыға жұмыс істеді. «Отандастар» қоры құрылса, қауымдастық ендігі жерде мұндай қиындықтардан құтылып, қанатын кең сермеп, биікке көтеріледі деп сенгенбіз. Сондай-ақ шетел қазақтарымен байланысты нығайтып, көші-қон мәселесіне айрықша көңіл бөлу жөніндегі ұсыныстарымызды кезінде «Отандастар» қорына да, қауымдастыққа да бергенбіз. Ол ұсыныстардың қаншалықты ескерілгені бізге белгісіз. Шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасаудың маңыздылығы мен қажеттілігі жоғарыда жан-жақты айтылды. Ендігі басты мақсат та, негізгі міндет те – отандастармен арадағы осы байланысты одан әрі нығайту. Бұл үшін төмендегідей мәселелер нақты қолға алынуы қажет:
- Елбасы 2017 жылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында шетелдердегі қазақ диаспорасымен байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуына жағдай жасау жөнінде сегіз түрлі бағыт-бағдардан тұратын міндеттерді нақтылай келіп, былай деген еді: «Елім деген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан да ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Келгендерге қауымдастық арқылы барлық жағдайды жасауымыз керек. Көшіп келуге ниет еткен ағайындарға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Барлық мемлекеттерде біздің елшіліктеріміз бар, сол елшіліктеріміз азаматтардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Бұл жұмысты осында отырған Сыртқы істер министріне тапсырамын. Елге келген соң құжат түгендеу үшін әрлі-берлі сабылу болмау керек...
... Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Серпін» бағдарламасын көбейтіп, шеттен келген ағайындарға бейімдеу керек...».
Міне, содан бергі екі жылда Елбасының үлкен жиында айтқан осы тапсырмалары қалай орындалуда? Алдағы уақытта осы мәселелерге анық жауап беріліп, бұл жөнінде бүкіл жұртшылыққа жететін ашық әңгіме болуға тиіс.
- Кейінгі кезде шетел қазақтарымен байланыс жасау жұмыстарында «Отандастар» қоры алға шығып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы кейінге ығыстырыла бастаған. Болашақта осы мәселені реттеу керек. Елбасы құрылтайда бұл екі ұйым шетел қазақтарына қолдау көрсету жұмыстарын бірлесіп жүргізсін деп атап көрсетті. Қандай мәселеде де әр ұйымның өзіне тиісті айқын, нақты міндеттері болуы керек. Әр ұйым өз міндетіне өзі ғана жауап беруі тиіс. Яғни, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қоры бірінің жұмысын бірі қайталамай, әркім өз шаруасымен айналысуы қажет. Екі ұйымның әрқайсысының өздеріне тиісті міндеттері мен атқаратын жұмыстары нақтылануы керек. Шетелдегі қазақтармен байланыс жасаудың негізгі ұйытқысы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы болғаны жөн.
«Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына соңғы уақытта қанша қаржы бөлінді; ол қаржы қайда, не үшін жұмсалуда; оның тиімділігі мен нәтижесі қандай; шетел қазақтарына қолдау көрсету мен қандастар көшін көбейтуде қандай іс-шаралар қолға алынды; ол іс-шаралардың нақты нәтижесі бар ма, әлде қаржы босқа жұмсалып жатыр ма – бұл мәселелер жөнінде нақты, айқын есеп берілуге тиіс.
Сондай-ақ бұл саладағы қызметкерлердің нақты қандай жұмыстармен айналысатыны ашық, айқын болғаны жөн.
Бұл жөнінде «Отандастар» қоры мен қауымдастық жұртшылықпен, құрылтайшылармен ашық кездесу өткізіп, есеп беріп отырғандары дұрыс.
- Қазақ диаспорасымен байланыс жасаудағы айрықша маңызды мәселе – этностық көші-қон, яғни қандастар көші екендігі жоғарыда айтылды. Бұл мәселемен айналысатын бұрынғы Көші-қон комитеті жоқ болғандықтан алыс-жақындағы ағайындардың атажұртқа оралуын ұйымдастырып, қозғау салудың негізгі салмағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорына түседі. Соған орай, қауымдастық пен қор алдағы уақытта төмендегідей екі мәселені ерекше ескерсе дейміз. Оның біріншісі – қандастар көшін ұйымдастырудағы бұған дейінгі жақсы істерді одан әрі дамытып, жалғастыру. Сондай-ақ этностық көшті жақсы жүргізетін елдердің тәжірибесін зерттеп, оңтайлы тұстарын пайдалану.
- Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайындағы Елбасының тапсырмасымен қауымдастық кеңсесі Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына көшірілген еді. Елбасының бұл шешімі дұрыс болды. Өйткені қауымдастықтың өзі деңгейлес ұйымдармен бірге елордада отырғаны тиімді. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында Елбасының тікелей қолдауымен Алматыда жаңадан салынған қауымдастықтың төрт қабатты ғимараты жиырма жылдан астам шетелдегі ағайындардың атажұртқа келгенде табан тірейтін орталығы болды. Ендігі жерде қауымдастықтың ғимаратын бұрынғы қалпында сақтап, әлем қазақтарының орталығы ретіндегі жұмысын жалғастыра беруін қамтамасыз ету керек. Бұл үшін ғимаратты Алматы қаласы әкімдігінің қарауына беріп, шетелдегі қазақтармен мәдени және іскерлік салада байланыс жасайтын орталыққа айналдырған тиімді деп ойлаймыз.
* * *
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өткен екі жылда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Нұр-Сұлтан қаласына жаңадан қоныс аударды, «Отандастар» қоры жаңадан шаңырақ көтерді. Ал жаңадан бастаған істе әрқашан да түрлі қиындық кездеседі. Қауымдастық пен «Отандастар» қоры бұл қиындықтарды жеңіп, құрылтайда Елбасы белгілеген тапсырмаларды толық орындап, алыс-жақындағы ағайындармен байланысты нығайтып, қандастар көшін көбейтеді деп үміттенеміз. Бұл үміт – жалғыз біздің емес, шетелдердегі сан миллион қазақтың үміті. Бұл үміттің қалай орындаларын алдағы уақыт көрсетеді.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
жазушы-драматург, профессор