Мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайту қажеттігін айта келе: «Әлеуметтік және этностық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!». Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз» деді. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы сөзі арқылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін салған еліміздегі этносаралық татулықты одан әрі нығайтуға ниетті екендігін аңғартты. Бұл ретте байтақ Отанымызды мекен еткен өзге ұлт өкілдері де жауапкершілік жүгін сезініп, ел бірлігі жолындағы ортақ іске өз үлестерін қосады деп ойлаймын.
Өзім спорт саласында жүргендіктен Президенттің спортты, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға қатысты айтқандарына айрықша назар аудардым. «Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек» деді Мемлекет басшысы. Расында, бала – біздің болашағымыз. Баланы спортқа кішкене кезінен баулыған дұрыс. Бұл ретте өзім тұратын Өскемен қаласында балалар үшін де, ересектер үшін де спортпен, оның ішінде бұқаралық спортпен айналысуға тиісті жағдай жасалып отыр. Қаламызда жақында ғана «Самал» атты саябақ ашылды. Мұнда да спорттық құрылғылар көптеп орнатылған. Жолдау аясында алдағы уақытта елімізде, облысымызда бұқаралық спорт одан әрі қарыштап дамитынына сенім мол.
Ольга РЫПАКОВА,
Олимпиада чемпионы
ӨСКЕМЕН