Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2019

Мамандыққа да махаббат керек

898 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ел ішінде ер-азаматқа екі нәрсеге ерекше мән беру керектігі ескертіледі. Әзіл ретінде айтылғанымен, түбінде зіл жатқанына көп адам көңіл бөле бермейді. Оның бірі – мамандық, бірі – өмірлік жар. Иә, екеуінің де адам өмірінде айрықша рөл атқаратыны бесенеден белгілі. Ғұмыр-дарияға бірге түсіп, сезім қайығының ескегін қатар есетін өмірлік жарыңды көргенде көзің қуанып, көңілің жайланса онда жар таңдаудан жаңылыспадым дей бер. Ал күніңнің көп уақытын өткізетін қызметіңе қызығып, мақсат-мұрат жолында маңдайтеріңді төгетін мекемеңе мейлінше ерте барып, еркін жүріп, құлшына еңбек етсең, бұл да жолыңның болғаны. Сүйген жар мен сүйікті қызметтің алар орнын айттық. Бірін ойлап үйге асықсаң, бірін ойлап түзге асығасың. Біздің айтпағымыз махаббат емес, мамандық болмақ.

Мамандыққа да махаббат керек

Тікұшақ тізгіндеген ару

Қалам мен қалақтың арасын­да қаншама қызметтер бар. Әрқай­сы­сы­ның өзіне тән ерек­ше­ліктері мен жауап­кершіліктері де жоқ емес. Қам­ти­тын аумағына қарай қызығы мен қиындығы да қатар жүретіні айтпаса да түсінікті. Сондай маңызды маман­дық­ты игеріп, елдің ықыласына бөленіп жүрген жандардың бірі Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты «Қаз­авиа­­құтқару» акционерлік қоға­мы­ның МИ-8 тікұшағының қосалқы ұшқышы – Ақерке Шопатаева. Иә, азаматтар атқаратын мұндай қиын жұмысты бүгінгі таңда нәзік жанды­лардың істеп жүргенін көптеп кездес­тіреміз. Дей тұрғанмен жауапты да, сауапты мамандық иесінің бір ауыз пікірін білген едік.

«Ұшқыш боламын деп армандаған жоқпын. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген уақытта авиация академиясынан мұғалімдер келіп, сол оқу орнының жарнамасын жасады. Ата-анаммен ақылдаса келіп, осы маман­дықты меңгеруге бел будым. Осы­лайша, Алматы қаласындағы Азаматтық авиация колледжіне оқуға түстім. 2006 жылы оқуымды бітіріп, мамандық бойынша жұмысқа орналасу қиын болғандықтан басқа салада жұмыс істедім. 2008 жылы «Қазавиақұтқару» АҚ мекемесінің сол кездегі бас директоры Серік Ка­паров мамандығым бойынша жұмыспен қамтамасыз етті. Сол кезде ұшақ ұшқышы болуға мүм­­кіндік болмады. Бірақ Серік Әбді­байұлы: «Бізде ұшаққа орын жоқ, тікұшаққа адам жетіспейді. Тік­ұшақ­та ұшқың келе ме»? деген сұрағына «Иә!» деп жауап бердім. Сол кезден бері тікұшақта ұшып жүр­геніме еш өкінбеймін. Қазіргі жет­кен жетістіктеріме шүкір ете отырып, сол кісіге алғыс айтқым келеді», дей­ді Ақерке.

Тікұшақ тізгіндеген арудың өзіне деген сенімділігі сезіліп тұрды. Әри­не, бірталай биікті бағындырып, әуе жолындағы үміт пен күдікке толы сан түрлі сапарларды бастан кешірген адам үшін жер үстіндегі жұмыстар жеңіл болуы керек. Дегенмен, қай қызмет болмасын қайрат пен табан­дылықты талап ететіні анық. Жаны нәзік жаратылыс болса да табысқа емес намысқа тырысқан Ақер­ке­нің мамандығына деген адал­дығы аңғарылып тұрды. Себебі ол, қызметтегі шен-шекпеннен гөрі өзі­не жүктелген міндетті абыроймен атқаруды алдыңғы орынға қояды.

Мақаламызға тұздық болсын. Әлем­де «Пингвиндерді аударушы» деген қызықты мамандық бар екен. Пинг­виндер жақын қашықтықта ұшып бара жатқан тікұшақтарға басын көтеріп қараған кезде шалқа­сы­­нан құлап қалатын көрінеді. Құ­ла­­­ған пингвиндер өздігінен тұра алмайды, тіпті аударыла да алмайды. Сондықтан тікұшақтар ұшып өткеннен кейін оларға арнайы маман көмекке келеді. Әйтпесе, жан тапсыруы мүмкін.

 

Қыран жетсе де кран жетпейтін биікте

Ai-Sanam компаниясының негізін қалаушы Сүлеймен Сейітұлы да биік­те жұмыс істейді. Жоқ, ол ұш­қыш емес. Ол Қазақстанның бар­лық өңірінде, құрылыс саласында ғимараттың ішкі, сыртқы жөндеу жəне безендіру жұмыстарына альпи­нис­тік қызмет көрсетеді.

«Өмірде алдымыздан не шыға келетіні бір Аллаға ғана аян. 2017 жылы қарапайым көлік жүргізушісі болып қызмет атқарып жүріп, бір кә­сіпті бастап қолға алсам деп курс­қа бардым, кітаптар сатып алып оқыдым, интернетті ақтарып, төң­керіп, қысқасы көп іздендім. Кө­лі­гіме отырған бастықтарды да, қарапайым жандарды да әңгімеге тартып, не істесем, немен айналыссам деп сұрап, пікірін, кеңесін тыңдап жүрдім. Бір күні ойламаған жерден ескі таныс Ахмет деген ағамен кездестім. Әңгімесін айтып отырған сәтте ұялы телефонына қоңырау келді. Сөйлесу барысында бір жұмыстың бағасын келісе алмай жатыр. «Ахмет мырза, нені келісе алмай жатырсыз» десем альпинизм саласында жұмыстар бар еді» дейді. Еш ойланбастан, «Мен жұмыс іздеп жүрмін ғой маған беріңіз» дедім. Бұрын-соңды альпинизмнен хабарым жоқ. Бірақ жұмысты алып кете алатыныма сенімім, аз да болса білімім бар. «Сүлеймен бауырым, онда сен бас­та» деп, күтпеген жерден құрылыс альпинизмі саласындағы алғашқы компаниямыздың негізі қаланды», дейді біздің кейіпкер.

Иә кез келген мәселенің түйіні бір шешілсе, қалғаны жіптен төгілген моншақтай арты-артынан домалай кететін сәттер болады. Айналысып көрмеген шаруаны қолға алғанда Сүлейменнің алғашқы қадамы мынадай болған екен:

«Ең бірінші ақылы жарнама беріп, бір аптаның ішінде осы саланың 8-10 жылдық тәжірибесі бар тоғыз білікті маманын таптым. Нарықтағы бағадан жоғары еңбекақысына келістім. Сертификатталған арнайы құрал жабдықтарды сатып алдық. Құрылыс альпинизмін оқып, осы білікті мамандардың жанында көп тәжірибе жинап, алдымыздан шыққан әртүрлі қиын істерді әрдайым оңай жолдармен шешіп отырдық. Әрине, алдымен өз өміріміздің қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, күн сайын арқан жіпті пайдаланатын құрал-жабдықты тексеріп, қадағалауды өз міндетіме алдым. Бұл жұмыс жүз емес, мың пайыз жауапкершілікті талап етеді. Жауапкершіліктің артында адамға берілетін керемет сезім бар. Әр шыққан биігің саған айрықша көңіл күй мен рух сыйлайды. Кейде биіктерден көрінбей қалсаң сағынасың. Жанымдағы серік­тестеріме әрдайым айтып отырамын, жұмысты келешектегі өз үйіміздің бір кірпішін қалап жатырмын деп сезініп, адалдықпен, шынайылықпен істесек, еңбектің және Алланың берері мол! Әрдайым көктегіге жақын болайық!», дейді ол.

Бұл жігіттер қыран жетсе де, кран жетпейтін биіктегі барлық жұмыстардың хас шебері деуге болады. Себебі балконға шықса да басы айналып, тізесі дірілдейтін қаншама адамдар бар емес пе?! Ал Сейітұлының серіктестері бүгінгі таңда биік ғимараттарда да жұмыс істейді. Олардың негізгі міндетіне – бояу-сырлау, электр желілеріне қатысты жұмыстар, тазалық, жарнама және безендіру қызметі, төбедегі жөндеу жұмыстары және тағы да басқа қызмет түрлері кіреді.

«Бізде сақтандыру, техникалық қауіпсіздікті бақылайтын маман бар. Сонымен бірге жууға қажетті барлық құрал-жабдық жəне арқан, жіп, киім-кешек барлығы сертификатпен сатып алынған. Мамандардың құжаттары дұрыс, уақыты жарамды. Арнайы киім барлығында бар. Альпинистердің тәжірибесі 2-10 жыл аралығында әрі осы саладағы сан түрлі мәселелердің шешімін табуға ­тегін кеңес береміз», дейді Сүлеймен Сейітұлы.

Екі кейіпкеріміз де ерекше ма­ман­­дық иелері деуге болады. Екеуі де шыңда жүріп шыңдалған, асқақ арман мен маңызды мақсат жолында іркілмей іс қылуда. Терлеп тапқан теңгенің қадірін біледі. Бірі адам­дардың амандығы жолында еңбек етсе, енді бірі адамдар өмір сүретін ортадағы тазалық пен жай­лы­лыққа күш салуда. Тәуекелді талап ететін екі мамандық иесіне де табыс тілейміз.

 

Жан қалауы жүргізушілік

Ал Ерлан есімді кейіпкеріміз алысқа қатынайтын жүргізуші болып 22 жыл еңбек етуде. Ауыр техниканы арқандап, жүк көлігін жүрегіне жақын тартқан ол басқа салаға бас сұқса да бүйрегі бұрма­ға­нын, көңілі қаламағанын ақтарып салды.

«Әкем 1990 жылдары ұзын «КамАз» жүргізуші еді. Соны күнде көргесін бе, менің де техникаға қызығушылығым басталып кетті. Ол кісінің қасында жүріп көп нәр­се­ні үйрендім, игердім. «КамАз» жүргізуді, жөндеп, құрастыруды енді меңгере бастағанымда әскерге аттандым. Үйде жүргенде спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын берік ұстандым. Соның әсері тиді ме, әскерге барғанда мені әскери училищеге шақырды. Әкем барлық құжаттарымды дайындап әкелсе де, іштей қалауым техника саласы болғандықтан одан бас тарттым. Одан кейін де әкем көптеген оқу орындарына түсірді. Көбісін осы «КамАз» үшін тастап кеттім. Тіптен бірнеше ірі құрылыс компанияларында басшылық қызметтерге де орналастым. Бәрібір жаның қалап, жақсы көрген мамандық бойынша еңбек етпесең, еш нәтиже шықпайтынына көзім жетті. Техни­ка­ға деген махаббатым терең екенін сезіп, әкемнің жанында жүріп алыс-жақын сапарларға шыға бастадым. Одан кейін қасыма адам алып жүрмедім, тек қана бір өзім сапар шектім. Жаныма кісі отырғызып, оған рөлді берсем де ұйықтай алмайтын әдетім бар», дейді ол.

Әскери училищеден де, құрылыс компанияларынан да бас тартып, әке жолына әуес болған Ерланның еңбек жолы, өмір жолы осылай өріліпті. Мамандыққа махаббатпен қарайтын кейіпкеріміз Алматы қаласындағы «Республикалық физика-математика мектебінде білім алған екен. Ұзақ жолға ұқыптылықпен дайындалып, екі тәулік ұйықтамай еркін жүруге үйренген Ерланның еңбегі де ерлік пе дерсің. Сөз арасында Қазақстанда бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын аңғардық. Елімізді былай қойғанда көрші мемлекеттердің талайына табаны тигенін естідік.

Қалай десек те әрбір маман­дық­тың өзіне тән өзгешеліктері мен ерекшеліктері бар. Оны қызықты һәм сүйікті іске айналдыру адамның көңіл қалауына байланысты болмақ.

 Суретті түсірген Досжан Балабекұлы.