Ең алдымен еліміздің тәуелсіздік тәжін кигеннен бергі төрткүл дүниені тегіс тамсантқан өсу-өркендеу жолын атап айтпасқа болмайды. Бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер де көреген саясатына тәнтіміз. Алғашқы жылдардан бастап біртұтас Қазақ елі әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Жұдырықтай жұмылған тұтастығымыздың арқасында еліміздің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып, болашақтың жолы баянды бола түсті. Ең бастысы, бейбіт еліміздің даму жолы барша әлем жұртшылығының назарына ілікті.
Қазақ елін мекендейтін жүздеген этностардың арасындағы қарым-қатынастың дәнекер жібі бұрынғыдан бетер нығая түсті.
Мәселен, біздің Көкшетау мен Қараөткел өңірін мекендейтін ат төбеліндей ғана чуваш этносының өкілдері ел егемендігін алғанша бірін-бірі туыс тұтып, ағайын санап іздей қойған жоқ еді. Егемендік бізге ең алдымен өз ұлтымызды, оның тарихын, бүгінгі болмысын танып-білуге, ертеңгі келешегіне сеніммен қарауға, нық басып, алға ұмтылуға мүмкіндік берді. Жасыратыны жоқ, бұрын орыс тілінде сөйлеп, орыс тілінде ойлап келген болатынбыз. Өзіміздің чуваш екенімізді білсек те, тілімізді, ділімізді ұмыттық. Еліміздің егемендік алуы біздің чуваш ұлты үшін ұлттық болмысымызды өзімізге қайтарғандығымен қымбат. Тәуелсіздіктің бізге берген бір сыйы сол.
Қазір Көкшетау қаласында чуваш мәдени орталығы өз ана тілін оқыту жұмыстарын жандандырып отыр. Жалғыз өз тілімізді ғана емес, қазақ тілін де оқып үйренудеміз. Алдағы уақытта латын графикасына көшетін болғандықтан, біздің орталық оқып үйрену жұмыстарының басты бір бағытын осы мәселеге бұрып отыр. Тілді үйрену арқылы біз жергілікті ұлттың сан ғасыр бойы өзімен бірге жасасып келе жатқан әдемі әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін үйренуге ұмтылудамыз. Облыста өтетін шаралардан сырт қалмаймыз. Біздің чуваштың қыз-келіншектерін қазақтың қол өнері керемет қызықтырады. Шынтуайтына келгенде, арғы тамырымыз бір болғандықтан, қолөнерімізде де, ас мәзірін дайындауда да, жалпы, тұрмыс-салтымызда көптеген ұқсастық бар. Өйткені біз ата салтының түбі бір ағайын елміз.
Жолдауда ел Президенті әлеуметтік және этностық топтар арасындағы келісім бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі деп өте дұрыс айтты. Ұлы достық үлкен топтың, үлкен жүректі адамдардың ғана қолынан келеді. Алдағы уақытта біздің чуваш орталығы ел бірлігін нығайта түсу үшін қызмет ететін болады.
Елена МАЩИНСКАЯ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, Чуваш мәдени орталығының жетекшісі