Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2019

«Суперколледж» жобасы іске қосылды

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірдегі ірі өндіріс орны – KAZ Minerals Aktogay компаниясы тау-кен саласына қажет жас мамандарды дайындау мақсатында облыс­та бұрын-соңды жүзеге асырылмаған осындай тың жобаны қолға алды. Жобаның мақсаты – түлектердің біліктілігін көте­румен қатар, мамандарды компанияның қажеттілігіне сай алдын ала оқыту. Жақында жоба аясында облыс орталығы Өскемендегі үш бірдей білім ордасында жаңартылған оқу сыныптары ашылды.

«Суперколледж» жобасы іске қосылды

Өскемен көпсалалы техни­калық колледжінде 252,6 млн теңгеге тау-кен жабдықтарына қыз­мет көрсету және жөндеу слесарьларының оқу сыныбы, практикалық сабақтар сыныбы, дәнекерлеушілерге, электрмонтерлерге, БӨҚ және А слесарьларына арналған оқу сыныптары қайта жарақтандырылып, де­монстрациялық және басқа да қажетті жабдықтар орнатылды. Сонымен қатар компа­ния оқу орнына JCB 8035 экс­каватор-тиегішін, New Holland C227 шынжыр табанды мини-тиегішін, Mitsubishi L-200 автокөлігін берді. Ал С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің жоғары колледжінде 22,2 млн теңгеге химиялық талдау лаборанттарына арналған оқу сыныбы жабдықталып, интерактивті және техникалық оқыту құрал­дары, табиғи коллекциялар, оқу плакаттары, құралдар, бейнефильмдер, демонстрациялық және зертханалық аспаптар, химия­лық реактивтер мен ыдыс­тар жиынтығы, үстелдер мен­ орындықтар жеткізілді.

Сон­дай-ақ компания қаражаты есе­бінен 6,1 млн теңгеге колледжде оқып, өндірістік және дипломал­ды тәжірибеден өту үшін студенттерге 15 грант бөлінді. Олар диплом алғаннан кейін Ақ­­тоғай кен байыту комбинатына жұмысқа орналасады. С.Аманжолов университетінде ашылған дәрісханаға осы оқу орнының алғашқы ректоры, ҰҒА академигі, Қазақстан-Америка еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиевтің есімі берілді. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дің жоғары техникалық колледжінде 14,7 млн теңгеге «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығына арналған оқу сы­ныбы жабдықталды. Үгіту, ұсақтау, флотация, қою­ландыру үдерістері бойынша оқыту бағ­дар­­ла­масында қарас­тырылған зертханалық-тәжіри­белік жұ­мыс­­­тарға арналған жабдықтар орнатылды.

Бұл оқу орнына да 15 грант бөлініп, диплом бе­руді көздейтін 10 айлық оқы­ту бағдарламасы іске қо­сылды. Аягөз қаласындағы по­литехникалық колледжінде дәнекерлеушілер мен электрмонтерлерге арналған оқу сыныптары бұған дейін 49,9 млн теңгеге жөнделіп, жабдықталған болатын. «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС Аягөз ауданы аумағында орналасқандықтан екі жыл қа­тарынан аудандағы мектеп тү­лектеріне білім гранттарын бө­ліп келеді. Бұдан бөлек өндіріс ор­ны Аягөз ауданында 178 млн теңгеден астам қаражатқа бір­неше мектептер мен балабақ­ша­лардың ғимараттарын жөндеу­ден өткізіп, балалар мен спорт алаң­дарын салып берген-ді. Орайы келгенде айта кетейік, өндіріс орны жобаға жалпы кө­ле­мі 535 млн теңге қаражат қарас­тырып отыр.

«Ақтоғай кен байыту комбинатында жаңа жабдықтар орна­тылған және өндірістің заманауи технологиялары қолданылады. Біз компанияның талаптарына жауап беретін жас мамандар­ды оқытуға мүдделіміз. Осы мақ­­­сатта «Суперколледж» ат­ты жобаны іске қостық. Оқу орын­­­­дарының басшылары бізді қол­­да­ғанына қуаныштымыз» дей­ді «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС қызметкерлермен жұмыс басқармасының бастығы Бауыр­жан Әбілқасымұлы.

 

ӨСКЕМЕН