Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2019

Өз қаражатына орталық ашқан

1084 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниеде ананың арманынан асқан биіктік жоқ. Өзінің өзегін жарып шыққан перзентімен қоса ана бүкіл дүниедегі балалар атаулының да қам­қоры, жанашыры. Баланың ден­саулығына алаңдайтын да ана.

Өз қаражатына орталық  ашқан

Жуалы ауданының тұрғыны Дамира Жолжанқызы бүгінгі таңда аудандағы алғашқы қанат­қақты жобаны іске асырып, балаларға қамқорлық көрсетіп келеді. Жолдасы екеуі өз қаражаттарына аудан ор­талығы Бауыржан Момышұлы ауы­лынан «Жуалы» бейімдеу және оңалту орта­лығын ашты. Дамира Жол­жан­қызының бұл бастамасына себеп болған үлкен ұлы Ерасылдың жағдайы екен. Бүгінде 14 жасқа келген Ерасылдың сөйлемейді дегені болмаса, анасы оның сурет өнеріне деген қызығушылығы жоғары екенін, түрлі тақырыптарға суреттер салатынын да айтты.

Аталған орталық 25 балаға арналған. Қазіргі кезде мұнда 10 мүмкіндігі шектеулі бала қабылданған. Бұл орталыққа тек мүгедектігі танылған балалар ғана алынады екен. Мұнда мамандар балаларды өмірге бейімдеп, оларға күнделікті сөйлеуді және өзін өзі қамтамасыз етуді үйретеді. Сонымен қатар орталықта логопед, психолог, дефектолог мамандары, тәрбиешілер мен бала күтушілер жұмыс істейді. Қозғау тірегі бұзылған балаларға арналған арнайы массаж жасаушы да бар.

«Талай уақыт бойы бос тұрған ғимаратты жалға алып, аталған орталықты аштық. Оның жөндеу жұмыстарына, балаларға қажетті заттар алуға біраз қаражат кетті. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков біздің бұл бастамамызды қолдап, ғимаратты арзан бағамен жалға алуға көмектесті. Енді Үкімет тарапынан қолдау болса екен деген тілегіміз бар. Біз мүмкіндігі шектеулі балалармен қатар, олардың ата-аналарына да көмек көрсетсек деп ойлаймыз», дейді Дамира Жолжанқызы.

Қазіргі кезде орталықта 9 адам жұмыс істейді. Негізі 13 қызметкер болу керек екен. Алайда орталық жетекшісі қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты қосымша мамандар шақыруға мүмкіндік болмай отырғанын жеткізді. Ал алғашқы бір айда ата-аналар 10 мың теңгеден төлеген болса, кейіннен бұл да тегін болған. Жоба жетекшісі ең бастысы балалар мен ата-аналарға көмек көрсету ниетінде екенін айтты. Сонымен қатар, мұнда балаларға 5 мезгіл тамақ беріледі. Арнайы инватакси балаларды таңертең үйінен алып кетіп, кешке үйіне апарып салады екен. «Балаларға арнап кілем, төсек сияқты бірталай зат алдық. Ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жалпы, жұмысты бастауға 3 млн теңге жұмсалды. Әлі де талай зат жетіспейді. Сонымен қатар орталық қызметкерлеріне де айлықты өзіміз төлейміз», дейді Дамира Жолжанқызы.

 

Жамбыл облысы