Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2019

«Елдік елге байланысты»: Жамбыл облысында бірлік пен ынтымаққа арналған форум өтті

781 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл облысы елімізге қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік орнаған, татулық пен ынтымақ ту тіккен аймақ ретінде белгілі. Сонымен қатар, Әулиеата өңірінде ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында да көптеген игі шаралар ұйымдастырылып келеді.

«Елдік елге байланысты»: Жамбыл облысында бірлік пен ынтымаққа арналған форум өтті

Ұлт бойындағы рухани құн­­ды­лықтарды жаңғыр­ту мақ­­са­­тын­да Тараз қаласын­дағы «Ба­ла­сағұн» орталық кон­церт за­лында өңір тари­хы­ның аса маңызды кезеңі қар­са­ңында «Рухани жаңғыру» бағ­­дар­­ламасы аясында «Ел­дік елге бай­л­анысты» атты қоғам­дық фо­рум өтті. Атал­ған форум өңір­­дегі қоғам бел­сен­ділері­нің бастамасымен ұйым­дас­­ты­рыл­ды. Форум жұмы­сы­на Жам­был об­лы­сының әкімі Ас­қар Мы­р­зах­метов, өңірге бедел­­ді ақ­са­қалдар, қоғам бел­сен­ді­лері, де­пу­­таттар және жас­тар қатыс­ты. Аталған шара­ны Жамбыл об­лыс­­тық мәсли­ха­ты­ның депута­ты Масат Берік жүргізіп отырды.

Форум барысында ұлттық дәс­түр мен әдет-ғұрыптың уа­қыт ағымымен өзгеруі ту­ра­­сын­да түйткілді мәселелер қоз­­ғалса, ысырапшылдық пен даң­ғазалыққа жол бермеу, жастар тәрбиесінің өзек­ті­­лі­гі төңі­регінде әңгіме өр­біді. Сон­дай-ақ облыс тұр­ғын­­да­рын бірлік пен ынты­мақ­қа, са­быр­лылық пен қанағат­шы­лық­қа, берекелі өмір сүруге ша­қы­ратын Үндеу жолданды.

Қоғамдық форум қатысушыларының

ҮНДЕУІ

Біз, «Елдік елге байланыс­ты» қоғамдық форумына қаты­су­шылар, қоғамдық келі­сім мен саяси тұрақтылық, этнос­аралық және конфессияаралық татулық, бірлік пен береке, ұлттық құндылықтар сияқты қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін басшылыққа ала отырып, облыс тұрғындарына Үндеу жолдаймыз.

Тарихтың тағылымы – ұлт болып ұйысып, ел болып еңсені тіктеудің басты кепілі – бірлік пен елдік екені белгілі.

Ендеше, қоғамның, ұлттың дамуында кедергі келтіріп, кейбір кертартпа дағдылар мен әдеттер бүгінде белең алып бара жатқан уақытта елдігімізді, бірлігімізді көрсете­тін кезең келді.

Тамыр-таныстыққа, жүз­­шіл­дік пен рушылдыққа, ы­сы­­рап­шылдық пен астам­шыл­дыққа, даңғойлық пен кер­дең­дікке, мейірімсіздік пен қаты­гездікке, жалғанға елік­теу мен дүниеқұмарлыққа, ма­сыл­дық пен мансапқорлыққа, қа­нағат­сыздық пен үнемсіздікке, арсыздық пен намыссыздыққа, қала берді жалпы мәдениетсіз­дікке көзіміз де, етіміз де үй­реніп бара жатқан сияқты. Сон­дық­тан өркениет емес өсек­ке, зиялылық емес зиян­дық­қа, парасаттылық емес пасық­тыққа, ізгілік емес ібіліс­тікке итермелейтін мұндай «ғұ­рып­тарға» ел болып тосқауыл қойылатын уақыт келді.

Шілдеханадан бастау ала­тын аста-төк тойлар, ас­тар, мәні мен сәні мүлде өзгер­ген дас­тарқандық бас­қосу­лар, елді ізеттілікке, қарапайым­дылыққа, қайырымдылыққа, имандылыққа емес, өзге жолға бастауда.

Құрметті жерлестер!

Сіздерді осындай келең­сіз­дік­терге бой алдырмауға ша­қы­рамыз және заң талаптарына сай шешім қабылдауды жер­гілікті атқарушы және өкі­летті органдардан сұраймыз.

«Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, деструк­тив­ті діни ағымдардың ел арасына еніп, жастардың санасын улап жатқаны да өз алдына бір төбе. Бұл үрдіске де тосқауыл болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарымызбен сабақ­тастыру – баршамыздың бас­ты мақсатымызға айналуы тиіс. Бұл игілікті іске облы­сымыздың діни ұйымдары­мен бірге Жамбыл жұртшылығы жұмыла кірісуі қажет.

Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдары қоғам, ұлт алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, аталған мәсе­леге ерекше көңіл бөлулері тиіс.

Сонымен бірге, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру үшін арнайы заң қабылдау қажет деп есептейміз.

Көтеріліп отырған құнды­лық­тарды жастардың бойына сіңіріп, ата-бабадан келе жат­қан ұлттық болмысымыз­ды, қандағы қасиетімізді сақ­тап, еліміздің елдігі мен егемендігін нығайтып, дамыту – әрбір отбасының қасиетті міндеті болуы тиіс.

Форумға қатысушылар, Үндеу­ден туындап отырған талап­тардың Елбасының «Ру­хани жаңғыру» бағдарлама­сы­мен, Президенттің ұстаным­дарымен үйлесіп отырғанын атап өтіп, орындалуына тарихы терең, өркениетті, қа­сиет­ті Әулиеата жерінің әрбір азаматын үлес қосуға шақырамыз!

Үндеу қабылданғаннан кейін Жамбыл облыстық аумақтық кә­­сіп­­одақтар бірлестігінің тө­р­а­ғасы М.Төлепберген бүгін­гі той­лардағы, өлім-жітім ке­зін­дегі ысырапшылдық пен бей-бе­ре­­кетсіздікті тілге тиек етіп, олар­д­ы бірізділікке түсіру жа­йын­да өз ойын айтты. Бұдан кейін еңбек ардагері, Жуалы ауда­ны­ның Құрметті азаматы Ә.Ер­ге­беков, облыстық мәс­ли­хат­тың депутаты А.Май­лыбаев, ард­агер-ұстаз К.Ах­мет­жанова, «Асыл арман» қоғам­дық бір­лес­тігінің төрағасы Р.Нұ­рақ­­баев, облыстық орта­лық «Һи­батул­­ла Тарази» мешіті­нің наиб-имамы Б.Әмреев және медицина ғы­лым­дарының докторы, про­фе­ссор С.Ордабеков бірлік пен ын­­тымақ, ұлт тәр­бие­сі мен ұр­п­ақ­тар сабақтас­ты­ғы, отбасы құндылығы мен салт-дәстүрлер тақырыбында баян­дама жасады. Ал Тараз қа­ла­лық мәслихатының хатшы­­сы Б.Құлекеев өз сөзінде форум­ның маңыздылығын атап өтіп, осы шараны облыстың аудан­дарында да жалғастыру керек­тігіне тоқталды.

«Бала тәрбиесінде орта буын­­ды тәрбиелеуде қариялар­дың атқаратын рөлі өте жоға­ры деп білемін. Олай болу үшін үлкен кісілер сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына үлкен жауап­­кер­шілікпен қарау керек. Бір үйге барғанда біздің қазақ­тың әдет-ғұрпын, салт-дәс­­түрін қадірлейтін сөзді айтса екен деп отырамын. Бір-бірі­не өсек айтпай, қайта жас­тар­­ды тәрбиелейтін мәні бар сөз айтса екен деген пікір айт­қым келеді. Болашағымыз жас­тар болғандықтан, әрине жас­тар – байлығымыз, жас­тар  –бақытымыз, сондықтан олар­ға үлкен сенім арту керек. Жас­тар­ға жақсы үлгі-өнеге көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Біз жас­тайы­мыздан еңбекпен есей­дік, ынтымақ пен бірлікті ту етіп өстік. Ынтымаққа өзі­міз­ді ғана емес, бүкіл елді, халық­ты шақыруымыз қажет. Бала­лар­дың бойына үлкеннің ал­дын кес­пеу, әрбір істі береке­мен бастау, оң қолмен тамақты алып жеу, кісінің алдына қол созбау, кісі ақысын жемеу, өтірік айтпау, адал жүру секілді қасиеттердің бәрін дастарқанның басында сіңіріп отырғанымыз дұрыс. Бала тәрбиесі біз үшін өте қа­жетті нәрсе», деді өз сөзінде Әбілқасым Ергебеков.

Форумды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, көтерілген мәселелер бойынша облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен қана­ғат­шылдыққа, берекелі өмір сүруге шақырды. Сонымен қатар ежелден Әулиеата өңірі бір­лікті бекем ұстанған, тату­лық­ты ту еткен өлке екенін атап өтіп, қабылданған Үндеудің әрбір азамат үшін аса маңызды екенін жеткізді.

 

Жамбыл облысы