Қостанайлық өнертапқыш студенттер – Ілияс Әзілханов пен Зарина Мырзатаева латын қарпімен басылған анимациялық қазақ әліпбиін ойлап тапты. 3D мобильді қосымшаға негізделген инновациялық жоба балалардың қазақ жазбасын тез меңгеріп кетуіне бағытталған.
– Жаздың соңында біз, Ілияс екеуміз Ақмола облысы Бурабай жерінде ұйымдастырылған жас кәсіпкерлердің Zeren-2019 слетіне қатыстық. Екеуміз орманды аралай жүріп қандай идеяны жүзеге асырсақ екен деп ақылдаса келе, ерекше әліпби жасап шықсақ деген ортақ шешімге келдік, – дейді Зарина. – Колледжде оқып жүргенімде мен 3D моделін құрастыруды үйрендім. Сонымен қатар сурет мектебіне де баратынмын. Ал университетте журналистика мамандығы бойынша оқи жүріп латын қарпі туралы біршама іздендім. Бұл уақытта Ілияс колледжді бітіріп, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде бағдарламашы мамандығы бойынша оқып жатыр еді. Бұл да болса біздің идеямыздың жүзеге асуына көп көмегін тигізді.
– Әліпбиді әзірлеу кезінде біздің жобаға ұқсас екі жоба туралы білдік, – дейді Ілияс. – Бірақ бізге олардың түрі мен бағасы ұнамады. Барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін өлшеп, біз тұтынушы үшін жарқын, қызықты әрі қолжетімді болатын баламасын жасап шықтық. Ал латын әліпбиін білім беру үдерісіне енгізгеннен кейін 2020 жылдан бастап өнімнің сұранысы жоғары болмақ. Бұған дейін бізде стартап-жобаларда жұмыс істеу тәжірибесі болды, әр жолы біз жеңімпаздардың қатарынан көрініп жүрдік, бұл жолы да солай болды. Алдымен толыққанды өнім жасап, оны дүкен сөрелеріне шығарғымыз келеді және болашақта тек бізге ғана емес, жалпы халыққа да пайда әкелетін жаңа өнім жасағымыз келеді.
Иә, жас өнертапқыштар инновациялық идеяның игілігі мол екенін айтады. Өнертапқыш студенттердің жобасында латын графикасын үйретудің озық әдіс-тәсілдері қолданылған. Әліпбидің жаңа латынша графикасын алғаш оқып-үйренетіндер балабақша мен оқу орындары болмақ. Сондықтан инновациялық жобаның нарықта тиімділігі айтпаса да түсінікті. Ғылым жолына түскен қос студент ойлап тапқан жаңалығын жарыққа шығаруды жөн санаған.
Ілияс Әзілхановтың айтуынша, ол «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, бизнес жоспар құрып, іскерлік негіздерін үйренген.
Инновациялық жобаны іске асыруға қаражат керек екені анық. Сол себепті өнертапқыштар грант ұтып алуға үміттеніп отыр. Сондай-ақ жаңа жобаларының жүзеге асатынына да сенеді.