Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2019

Бауырлас елдің өрендері бас қосты

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан жастарының қатысуымен «Дарынды жастар – ел тірегі» тақырыбында халықаралық форум өтті. Оған көршілес Өзбекстаннан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысынан барлығы 800-ден астам жас жиналды.

Бауырлас елдің  өрендері бас қосты

Еліміздегі Жастар жылы аясында өткен форумды Қазақстан өзбектері этно­мәдени бірлестіктері «Достық» қа­уым­дастығы мен Шымкент қалалық Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы ұйым­дас­тырды. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Сайдикрам Ниязходжаев қа­тыс­ты.

Форумда екі ел жастары арасын­да­ғы достықты нығайту мәселелері қаралып, жастардың 10-нан астам инновациялық жобасы мен жетістіктері таныстырылды.

«Қазақстанның Өзбекстандағы жылы және Қазақстандағы Жастар жылын сабақтастыра ұйымдастырылған фо­рум екі елдің жастары арасындағы өзара түсіністікке ықпал етері сөзсіз. Үз­дік жобаларды таныстыруға бағыт­тал­ған іс-шаралар бір-бірлерімен тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік бере­ді. Биыл Қазақстандағы Жастар жылы аясында жаңа бағдарламалық құ­жаттар мен жобалар сәтті іске асырылуда. Игі баста­ма­ларға елдегі бірлік пен берекенің ұйыт­қысына айналған Қазақстан халқы Ассам­блеясы да елеу­лі үлес қосып келеді, – деді жиын­да сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Төрағасының орынбасары Ш.Пулатов.

Ал екі ел арасындағы сан ғасыр­лық достығымыз бен ынты­мақ­тас­ты­ғымыздың одан әрі беки түскенін айтқан Өзбекстан елшісі Сайдикрам Ниязходжаев жастар арасында осындай басқосулардың жиі ұйымдастырыла бастағанына қуанатынын жеткізді.

Форум соңында Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Мұ­рат­әлі Қалмұратов пен Қазақстан өзбек­тері этномәдени бірлестіктері «Дос­тық» қауым­дас­тының төрағасы Икрам Хашим­жанов белсенді жастарға ерекше құрмет көрсетіп, сертификаттар мен сыйлықтар табыстады.

 

ШЫМКЕНТ