Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2019

Маңғыстауда жүк тасымалдау нормаларының сақталуына бақылау жүргізілді

487 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Адал жол» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті және Маңғыстау облыстық көліктік бақылау инспекциясының ұйымдастыруымен жолдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл туралы аталмыш департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстауда жүк тасымалдау нормаларының сақталуына бақылау жүргізілді

Шараға «Маңғыстау» телеарнасының түсірілім тобы және Арнайы мониторингтік топ өкілдері қатысты.

Ақтау–Шетпе-Жетібай тас жолында жүк тасымалдау нормаларының сақталуына бақылау жүргізу барысында «Shacman F 2000» және «Howo» маркалы көліктердің жүргізушілерінде жүк тасымалдауға рұқсат қағаздары болмағандығы анықталды.

Сонымен қатар, ауыр жүк тасымалдау үшін рұқсат етілген масса 25 тонна болса, тасымалдаушы көліктер 32 және 35 тоннаға жүк тасып жатқандығы анықталған.

Осыған байланысты, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 71-бабының 1-тармағы және 571-бабының 6-тармағымен әкімшілік айыппұлдар салынып, жүк көліктері айыппұл автотұрағына жабылды.

Алдағы уақытта аталған Жоба аясында қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында мұндай шаралар тұрақты жүргізілетін болады.