26 Қыркүйек, 2019

Миллион Мүсірепов театрына бұйырды

543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ең үздік спектакль» номинациясы «Адамзат» спектаклі үшін берілді.

Миллион Мүсірепов театрына бұйырды

Семей қаласында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған XXVII республикалық театр фестивалі мәреге жетті. 20-25 қыркүйек аралығында Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен шараға 12 театр ұжымы үздік қойылымдарын ұсынған болатын. «Осыдан бір апта бұрын еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар кездесіп, тәжірибелерін ортаға салып, фестиваліміздің салтанатты ашылуы өткен еді. Қай кезде де қоштасу қиын. Бүгін міне, кіл мықтылардың ішінен ойып тұрып орын алған кім мықтыны, үздіктерді анықтайтын боламыз. Осындай фестивальдар әр өнер иесінің тұлғалық дамуына және өсуіне әсер етеді. Әлі талай театр мерекесінде кездесетін боламыз» деді фестивальдің жабылу салтанатында сөз алған Қазақстанның Еңбек Ері,  КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті, театр және кино актері, профессор Асанәлі Әшімов.

асан

Жабылу салтанатында Әмина Өмірзақованың сахнада ойнаған 30 рөлінен үзінді көрсетілді. Салтанатты рәсімге облыс әкімі аппаратының басшысы Азамат Мұхамедчинов қатысып: «Ұлы даланың ұлы есіміне айналған жерлесіміз, Әмина анамыздың 100 жылдығына орай Асанәлі Әшімов бастап келген барша өнер майталмандарына зор алғыс білдіремін. Әрдайым елге қызмет етіп, тек өнердің биігінен көрінулеріңізге тілектеспін» деп лебізін жеткізіп, облыс жұртшылығы атынан қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов пен қазылар алқасының барлық мүшелеріне шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Сонымен, фестиваль қорытындысында өнерпаздар мен өнер ұжымдары 13 аталым және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы жүлдесімен марапатталды. Ф.Достоевский атындағы орыс драма театры «Періште» спектаклі үшін «Үздік көркемдік  шешім», Жан дауысы» спектаклі үшін Фархат Молдағали «Үздік режиссура», «Ләйлі-Мәжнүн» спектакліндегі «Ләйлінің анасы және кемпір» рөлдері үшін Ботагөз Мақсұтова «Әмина Өмірзақова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі», «Әлиханның аманаты» спектакліндегі «Әлихан» рөлі үшін Медғат Өмірәлиев «Үздік ер адам бейнесі», «Абай» спектакліндегі «Абай» рөлі үшін Бақытбек Темірбеков «Қазақстанның театр өнеріне қосқан үлесі үшін», М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Евгений Онегин» спектаклі үшін «Үздік актерлік ансамбль», Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры «Ахметтің аманаты» спектаклі үшін «Тарихи тақырыпты игерудегі ізденістері үшін», Өскемендегі облыстық драма театрының актері Елдос Масалимов «Қанды азу» спектакліндегі «Бораш» рөлі үшін «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі», «Театр 180º» спектакліндегі «Дотти» рөлі үшін Гүлмира Жакилина «Ең үздік екінші пландағы әйел адам бейнесі», «Балалық шаққа саяхат» спектаклінің режиссері Жангелді Садықов «Үміт», «Театр 180º» спектаклі үшін «Nomad» театры «Үздік дебют» және «Дауыс. Дау іс» спектаклі үшін Семейдегі «Дариға-ай» жастар театры «Шығармашылық жетістіктері үшін» номинациялары бойынша марапатталды.

әйел

медғат

өскемен

номад

үміт

ахмет

Ал «Ең үздік спектакль» номинациясы Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Адамзат» спектаклі үшін берілді. Жүлде қоры - 1,500 000 теңге.

ғабит

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлде қоры 1,000 000 теңгені құрайтын арнайы жүлдесі «Дариға-ай» жастар театрына табысталды.  

дариға

СЕМЕЙ