Қазақстан • 26 Қыркүйек, 2019

Батыс Қазақстан фермерлері субсидия сұрайды

530 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына!

Батыс Қазақстан фермерлері субсидия сұрайды

Мемлекетіміз өзінің ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдау мақсатында бірнеше субсидия бекіткен. Ауыл кәсіпкеріне үлкен қолдау болып отырған осындай жобалардың бірі – инвестициялық субсидиялау және мал шаруашылығын қолдау бағдарламалары.

Бірақ осы керемет бағдарламаның қуатын Батыс Қазақстан облысының шаруалары толық көре алмай отыр. Неге?!

Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында шаруашылықтар сатып алған ауылшаруашылық техниканың 25%-ы, қазылған құдық пен орнатылған күн панельдері 80%-ға дейін субсидияланады. Бұдан басқа сүт-тауарлы фермасының құрылысы (25%), ірі қара малын бордақылау алаңы (25%), жылыжай кешенінің құрылысы (25%) және т.б. АӨК жобалары да субсидиялануға жатады.

Бірден айтайық, бұл – үлкен көмек! Мемлекеттің осындай қолдауы арқасында ауыл шаруашылығы еңсесін көтеріп, жаппай дамып келеді. Біздің айтпағымыз – керемет жобаның кейбір кем-кетігі хақында.

 Былтырғы қарыз биыл өтелді

- Біздің облыста асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы бойынша қаралған қаражат көлемі жыл сайын қажетті мөлшерге жетпей қалады. Бірақ жетіспеген қаражат республикалық бюджеттен бөлініп, тауарөндірушілерге төленіп келді. Мәселен, 2017 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 3143,3 млн. теңге қаражат жетпегендіктен, қосымша 998,0 млн. теңге қаражат республикадан бөлініп, ауыл шаруашылығы құрылымдарынан түскен өтінімдер толық қанағаттандырылды, - дейді Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Халиуллин.

2018 жылы да осындай жағдай болған. Жергілікті бюджеттен қаралған 3464,0 млн. теңге түскен өтінімдерді толық қанағаттандырмады. Қосымша 1125,0 млн. теңге жетпей, жыл қорытындысында ол қаржы кредиторлық бережақ болып қалыптасты. Осы бережақ 2019 жылы мал шаруашылығын субсидиялау үшін облысқа бөлінген 3264,0 млн. теңге қаражат есебінен биылғы жылдың басында төленді. Енді қалған 2139,0 млн. теңге қаражат жыл басынан бері тауарөндірушілерден түскен өтінімдерге төленіп, толықтай игерілді.

- Қазірдің өзінде осы бағдарлама бойынша қаражат жетіспегендіктен 2 мыңнан астам шаруашылық 1600,0 млн. теңге субсидия күтіп отыр. Жыл соңына дейін бұл бережақ 3500 млн.теңгеге жетіп қалады, - дейді Жасұлан Жолдыбайұлы.

 Қолдау молдау болса

Әрине, ауыл шаруалары мемлекет көмегін дер кезінде алғаны жақсы ғой. Дегенмен, Батыс Қазақстан облысында қалыптасқан осы жағдай бір нәрсені анық көрсетіп тұр: Өңірде ауыл шаруашылығы күрт дамып келеді. Қазақстан бойынша ет бағытындағы малдың 20%-ын өсіріп отырған Ақ Жайықтың әлеуеті бұдан да үлкен.

Статистикаға көз салайық: облыста ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны жыл санап артып келеді. Мәселен, 2016 жылы олардың саны 5367 болса, 2018 жылы 7852-ге жетті. Бұл ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларына қатысатын тауарөндірушілердің саны да өсті деген сөз ғой.

- Облыста мал басы саны да, өндірілетін өнім көлемі де ұдайы өсіп келеді. Бүгінде 630,3 мың бас ірі қара, 1325,2 мың бас қой мен ешкі, 196,4 мың бас жылқы бар. 2018 жылы тірілей салмағы 92,6 мың тонна ет, 234,9 мың тонна сүт және 172,5 мың дана жұмыртқа өндірілген. Облыс өз тұрғындарын етпен толық қамтамасыз етеді, 2018 жылы 2419,2 тонна ірі қара еті және 634,0 тонна қой етін шетелдерге эскпорттадық, - дейді Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Халиуллин.

Экспорттан бөлек, жыл сайын көршілес Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстарына тірілей мал және ет түрінде 20,0 мың тоннадан астам тірілей салмақта ет тасымалданады.

Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытудың әлеуеті өте зор. 2022 жылға дейін сиыр санын 1,2 млн.-ға, ұсақ малды 3 млн.-ға және жылқыны 400 мыңнан астамға дейін көбейтуді көздеп отыр. Тірілей салмақтағы ет өндірісі көлемін 200 мың тоннадан, сүтті 500 мың тоннадан асыруға, жұмыртқа өндірісін 180 млн. данаға дейін жеткізіп, экспортқа бағытталатын ірі қара мал етін 8000 тоннаға, қой еті көлемін 1500 тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұған облыстың жайылымдық және шабындық жер көлемі жеткілікті.

Йә, Батыс Қазақстан облысының мал шаруашылық әлеуеті өте зор дедік. Қазірдің өзінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін жалпы өнім көлемінің 60%-дан астамы мал шаруашылығына тиесілі. Енді тек уақытылы толық көлемде агроқұрылымдардың өтінімдерін толықтай қамтамасыз ететін мемлекеттік қолдау қажет.

Жоғарыда аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 2020-2022 жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде егін шаруашылығы, мал шаруашылығы және ветеринариялық шараларды жүргізуге Батыс Қазақстан облысына 46,6 млрд.теңге, соның ішінде мал шаруашылығын қолдауға 39,9 млрд.теңге қаражат қажет.

 Жедел жәрдем керек

- Былтыр осы бағдарлама аясында ауылшаруашылық техникаларымды жаңартып, субсидия алдым. Биыл да «КазАгроҚаржы» АҚ-нан лизинг арқылы заманауи екі Джон Дир кешенін алуды жоспарлаған едім. Бірақ инвестициялық субсидия бағдарламасына тамыз айынан бастап өтініш беру мүмкін емес болып шықты. Себебі биылға бөлінген қаражат толық игерілген. Мемлекеттік бағдарлама бар, бірақ қаржы жоқ болғандықтан оның игілігін көре алмай отырмыз, - дейді Теректі ауданындағы «Айсұлу» шаруа қожалығының басшысы Мағауия Зайнуллин.

Дәл осындай қиындыққа Тасқала ауданындағы белді шаруашылықтың бірі «Таskala-Et Bko» ЖШС да тап болған.

- Біз Тасқала ауданы Бірлік елдімекенінде бір мезетте 5,0 мың бас мал бордақылауға арналған кешен құрылысын бастадық. Оған 1,3 млрд. теңге өз қаражатымызды жұмсадық. Құрылыс қазан айында аяқталуы тиіс еді. Құрылыспен қатар, тауарлы шаруашылықтарға 230 бас асыл тұқымды бұқашық қостық. Алайда, сатып алған осы бұқашықтар үшін субсидияға тапсырған өтінім 2 ай мерзім өтсе де, демеуқаржы ала алмай отырмыз. Бұл қиындық өз кезегінде құрылыс мерзімі кешігуіне, бордақылауға қою үшін бұқашық сатып алуға кері әсерін тигізіп отыр. Өткен жылы да тұқымдық түрлендіру жұмыстарын жүргізгеніміз үшін тапсырған өтініміз тек 6 айдан кейін ғана қанағаттандырылған еді, - деп қынжылады ЖШС жетекшісі Н.Жұмашев.

Ал Ақжайық ауданында еділбай қойын өсіруші А.Баянов қысқы азығын дайындау үшін асыл тұқымды малының бір бөлігін сатуға мәжбүр болған.

- 2018 жылы асыл тұқымды қой өсіргенім үшін 3,5 млн. теңгеге өтінім бердім. Алайда, бұл бағытқа қаралған қаржы толық игерілді деп, тиесілі субсидияны 6 ай өткен соң, биыл сәуір айында төледі. Осындай жағдай биыл да қайталана ма деп қорқамын. Субсидияның уақытылы берілмеуі асыл тұқымды мал басын көбейтуге, одан әрі дамытуға мүмкіндік туғызбай отыр, - дейді фермер.

P.S. Батыс Қазақстан облысында субсидияны күтіп сергелдеңге түскен тек бұлар емес. Субсидиялардың уақытылы берілмеуі және облысқа мал шаруашылығын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі жеткіліксіз бөлінуі салдарынан зиян тартып отырған шаруалардың саны 2 мыңға жуық. Жоғарыда айтылғандай, берешек көлемі жыл соңына дейін 3,5 млрд. теңгеге дейін жетеді дейді мамандар. Биыл құрғақшылық болды. Алда қылышын сүйреткен қыс келе жатыр. Батысқазақстандық шаруалар мемлекеттік бағдарламаларға сай субсидиялардың толық төленуі үшін Үкіметтен көмек сұрайды.

 

Батыс Қазақстан