Үкімет • 27 Қыркүйек, 2019

Қазақстан мұнай өндірісін ұлғайтады

334 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда XII Kazenergy Еуразиялық форумы өтіп жатыр. Форумның салтанатты ашылу рәсімінде Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстанның дәстүрлі қуат көздерінің тиімділігі мен өнімділігін арттыратын және жаңартылатын энергия көздері саласын­дағы аймақтық көшбасшы ретінде өзінің позициясын жоспарлы түрде ны­ғай­татынын атап өтті.

Қазақстан мұнай өндірісін ұлғайтады

Үкімет басшысы «Digital energy» көрмесін қарап, Исландияның экс-президенті және «Арктикалық шеңбер» халықаралық форумының төрағасы О.Гримссонмен кездесу өткізді, онда Алматы облысында геотермалды энергетиканы дамыту перспективасын талқылады, сондай-ақ, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) Бас хатшысы М.Баркиндомен кездесуде Қазақстанның ОПЕК-пен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

«2017 жылы Астанада ЭКСПО көрмесін өткізген уақыт­тан бері Қазақстан эконо­микаға кешенді «жасыл» шара­ларды енгізуде елеулі жетіс­тіктерге қол жеткізді. Бүгінде біз 3 мыңнан астам мегаватт­қа дейін жаңартылатын энергия көздері қоржынын кеңейттік. 2019 жылдың алғашқы 6 айының өзінде сектордағы өндіріс 31,7%-ға ұлғайтылды», деген Үкімет басшысы еліміздің жылына 90 млн тоннаға жуық мұнай өндіретінін атап өтті.

«2014 жылы 14,9 млн тонна мұ­най өңдесек, 2019 жылы 17,2 млн тонна мұнай өңдеуді жос­парлап отырмыз. Бұл бізге бірқатар мұнай өнімдеріне деген ішкі қажеттіліктерімізді толығымен жабуға мүмкіндік береді. Биыл табиғи газ өндіру 55 млрд текше метрден асады деп күтілуде. Қазіргі қарқын сақталған жағдайда біз 2027 жылға қарай 80 млрд текше метрден астам газ өндіреміз», деді А.Мамин.

Премьер-Министр іске асыру және әзірлеу саты­ларындағы қолда бар жобалар қоржыны Қазақстанды әлемдегі полиэтилен мен полипропиленнің ірі экспорт­таушысына айнал­дыруға ар­налғанын атап өтті.

«Газ өндіретін жабдыққа сұраныстың артуы газ-химия машинасын жасауда елеулі жетістіктерге әкелді. 2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін саладағы өндіріс көлемі шамамен 40%-ға – 39,4 млрд-тан 54,8 млрд теңгеге дейін өсті, бұл бүкіл экономика үшін әртараптандырудың өсіп келе жатқан әлеуетін көрсетеді», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Үкімет басшысы қазіргі геосаяси ахуалға алаңдаушылық білдірді. «Қа­зір­гі уақытта жаһандық эко­номиканың қарқыны ымырасыз бәсекелестік жағдайында дамып келе жатыр. Қаржы секторында, сонымен қатар индус­трияда айтарлықтай құл­дырау байқалады. Қаржы-экономика нары­ғын­дағы ірі күйзеліс бізді жаң­ғырмалы энергетика көз­деріне назар аударуға және инф­рақұрылымды осы сектордағы инновацияларға дайындауға мәжбүрлеп отыр. Бұған қоса, біз энергетика нарығындағы, сондай-ақ жаһандық эко­номикадағы тұрақтылық пен айқындылықты қолдап отыруымыз керек. Бұл тұрғыда Қазақстанның рөлі барынша танымал болып келеді. Біз энергия жеткізілімі тұрақтылығы арқылы өңірлік көшбасшыға айналып отырмыз. Астанада өткен ЭКСПО энергияның жаңа көздерін талқылау үшін тамаша алаң және мүмкіндік болды. Сол уақыттан бері біз «жасыл» экономикаға дайындалу және жүзеге асыру бөлігінде нақты шараларды енгіздік», деді А.Мамин.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қара алтын нары­ғының болашағы туралы пікірімен бөлісті.

Көптеген әлемдік қар­жыгерлер біраз уақыттан кейін көмірсутек шикі­заты­на қатысты жобаларды қаржыландырудан бас тартатынын айтып отыр. Кей елдер таяу онжылдықта жанар-жағармай отынын тұтынатын автомобильдерден толықтай бас тартамыз дейді. Мұның бар­лығы да шындық, бұл ба­рын­ша жедел орын алуы мүмкін. Қазіргі уақытта мұнайдың болашағы мен оның қорына қатысты болжамдар алуан түрлі. Болжамның көпшілігі мұнай өндірісінің әлемдік көлемі таяу уақытта өзінің ең жоғары шегіне жетіп, одан кейін төмендей бастайды дегенге саяды. Бұл әлемдік экономикаға қатер төндіреді. Ал енді зерттеулер мұнай қоры таусылмайды, бірақ өндіру қиындай түсетінін көрсетіп отыр. Дегенмен, орын алып жат­қан трендтерді қаперге алуы­мыз қажет. Біз оны ескеруге және жаңа трендтерге сай да­муға міндеттіміз», деген министр мұнай нарығындағы қауіп­сіз­дік мәселесіне де тоқталды.

«Сауд Арабиясындағы нысандарға шабуыл жасал­ғаннан кейін баға 10 пайызға өсіп кетті. Біз бұл жөнінде әріптестерімізбен әңгімелескен едік. Мұнай өндіретін ел­дердің ешқайсысына баға­ның мұндай жолмен өскені қажет емес. Біз мұнай өндіруші елміз. Сондықтан жауапкер­шілікті анық сезіну үшін, әлемдік бағаға, болжамды жеткізілімге көмек көрсету үшін «ОПЕК+»-ке қосылдық. Бұл тұрғыда Қазақстан өзінің міндеттемелерінен айнымайды. Бірқатар ел міндеттемелерді орын­даудағы біздің мүмкін­діктерімізге күдікпен қарайды. Біз жауапкершілігі зор серіктес ретінде міндеттемелерімізді орындайтынымызды мәлім­дегім келеді. Бұл мәмі­ле аяқ­талғанға дейін әріптес­тері­мізге кепілдік берген дәлізде қаламыз. Бұл мәміле белгілі бір түрде мұнан әрі де жалға­сады деп үміттенеміз», деді Қ.Бозымбаев.

Министрдің мәліметінше, алдағы уақытта елімізде қара алтын өндірісі ұлғаймақ. «Мүмкіндігімізге қатысты айтар болсам, қысқа мерзімді жоспарда өзіміздің ірі жобаларымызды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бұл бірінші кезекте Теңізді кеңейту, Қарашығанақтағы мұнай өндіруді созу, Қашағанда мұнай өндіруді арттыру. Біз ОПЕК+ аясында өз мін­деттемелерімізді орындайыз. Дегенмен, орта мерзімді ке­ле­шекте, 2023-2025 жылдары мұнай өндіру көлемін көбейтеміз», деді Қ.Бозымбаев.