Технология • 27 Қыркүйек, 2019

Интернет игілігін қалай пайдаланамыз?

1418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алғашында интернетті ай­шылық алыс жерлерден хабар алғызып, онлайн ақпарат іздестіру үшін ғана пайдаланған қол­данушылар үшін қазір интернеттің түрлі қызметі бар. Ғаламтордың ғала­маты үйде немесе әлемнің кез келген нүк­тесінде отырып-ақ керек құжатыңызды алып, қа­жет тауарыңызға қол жеткізесіз. Ол аз десеңіз, он­лайн дәрігерге жазылып, медициналық көмекке жүгіне аласыз. Оған тағы қашық­тық­тан онлайн оқуды, кәсіби білік­тілікті арт­тыруды қосыңыз. Мейлі үйде, мейлі түзде болсын ин­тернет сіздің күнделікті уақы­тыңызды үнемдеуге үлкен себеп.

Интернет игілігін қалай пайдаланамыз?

Интернет желісін кімдер қолданады?

 International Telecommunications Union дерегі бойынша, әлемде 48% ин­тер­нет қолданушысы бар. Бұл деге­німіз әлемнің түкпір-түкпірінде ин­­тернеттің көмегімен түрлі жағдай­дағы мәселелер шешімін тауып жатыр деген сөз. Расында бір ғана батырма ар­қылы қажет дүниеңізді аласыз, барар жеріңіздің билетіне дейін дайын тұ­рады. Бұл онлайн қызметтердің бір­нешеуі ғана. Ал өмір сүру деңгейін жеңіл­дете түсетін интернеттің игілігі қан­шама?!

Статистикаға сүйенсек, интернет қол­данушы мемлекеттер тізіміне жалпы 182 мемлекет енген. Бұл көште ең бірінші орында – Қытай Халық Рес­публикасы тұр. Аталған елде 772 млн ин­тернет қолданушысы ғаламтордың ға­ламатын түрлі жағдайда көріп отыр. Интернет қолданушы мемлекеттердің ондығында қытайлықтардан өзге Үндістан, АҚШ, Бразилия, Индонезия, Жапония, Ресей, Нигерия, Мексика, Банг­ладеш сынды елдер бар. Ал Қа­зақстан бұл рейтингте 40-орында.­ Статистика дерегінше, елімізде
14 023 856 интернет қолданушысы бар.­ Иә, бүгінде елімізде интернет қол­­­дану­шылар қатары қарқынды өсіп келеді. Осы орайда «Цифрлы Қа­зақстан» мемлекеттік бағдарламасы ая­сында елімізде халықты жоғары жыл­дамдықты интернетпен қам­тамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифр­лы теңсіздікті азай­ту мәселесі бір жолға қойылып келеді. Аталған жо­ба арқылы элек­тронды сауда-сат­тықты жандандыру, электронды үкімет қыз­меттерін және білім беру, ден­саулық сақтау салаларындағы ин­тер­активті құралдарды енгізу шаралары ел дамуына елеулі әлеуметтік-эко­номикалық серпін беруде. Қазірдің өзінде нәтижелер көңіл қуантады. «Электронды үкімет» порталының жылдық жұмысының қорытындысы бойынша 2018 жылы 30 млн-нан астам электронды форматта қызмет көр­сетіліп, порталға 8 млн-нан ас­там адам тіркелген. БҰҰ зерттеу қоры­тын­дысында «Электронды үкіметтің» даму деңгейі бойынша Қазақстан 39-орыннан көрінді. Бұл – өте жоғары көр­­сеткіш.

 Қазақстандықтар интернетті қандай мақсатта қолданады?

Интернет жылдамдығына сәй­кес, жыл сайын онлайн қызметке жүгіну­ші­лердің қатары көбейіп келеді. Ста­тис­­тика комитетінің мәліметінше, 2007 жылы тауарларды сату және сатып алу қызметіне халықтың 4,7% -ы адам жүгінсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 36,8%-ды көр­сеткен. Сол сияқты ақпарат iздес­тiру, хабарламалар алмасу қызметтері 2007 жы­лы 71,8% болған болса, 2018 жы­лы 75,4 %-ға жеткен. 12 жыл ара­­лық­та­ бұл қатарға түрлі қызметтер еніп отырды.

2018 жылғы дерек бойынша қа­зақ­­стандықтар интернетті 5 негіз­гі мақ­сатта қолданады. Дерекке сүйен­сек, интернет қазақстандықтар үшін ең алдымен ақпарат орналастыру және хабарлама алмасу (75,4%) үшін қажет. Ал екінші кезекте әлеуметтік желіге кіру үшін қажет болатын көрі­неді. Өйткені бұл қызмет үшін үлес 69,7%-ды құрайды. Ал фильм кө­­­ру, су­рет жүктеу, музыка тыңдау жә­не түрлі онлайн ойындар ойнауға ин­­­тер­нет қолданушыларының 63,3 ­%-ы қызығады. Төртінші кезекке элек­­­тронды сауда-саттық қызметі кі­ріп отыр. Яғни 36,8% адам интернет арқылы қажет тауарын қалаған уақытында, өзі таңдаған бағаға алып, керегіне жаратып жүр деген сөз. Ал бесінші кезекте интернет қолданудың қажеттілігі электронды поштамен хат алмасу үшін керек болады. Бұл қызмет үшін үлес 32,6%-ды көрсетті. Міне, осылайша қазақстандықтар күнделікті аталған 5 негізгі мақсатта интернет желісін қажет етеді. Иә, интернеттің игілігін бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін көріп отырғаны рас. Технологияның сан алуан түрін сан қилы ортада қолдану арқылы көпшіліктің қолы көпке жетіп отыр.